Accessibility links

Жоғалған банкирдің зайыбы Австрия елінен, адам ұрлаған деп күдіктелген Рахат Әлиевті Қазақстанға қайтаруды сұрап мәлімдеме жасады


Жұма күні Алматыда «Нұрбанктың» жоғалып кеткен топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің отбасылары атынан Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева мәлімдеме жасады. «Қазақстан құқық қорғау органдары жоғалып кеткендерге байланысты тергеу ісінде салғырттық танытып отыр» деген Қапашева өз мәлімдемесінде енді осы іске тікелей қатысы бар Рахат Әлиевті әлі Қазақстанға қайтаруды сұрап тікелей Австрия үкіметі мен Еуропа қауымдастығына жүгінбекші ниетін жариялады.

«Нұрбанктың» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтың әйелі Армангүл Қапашева Австрияның құқық, сот органдары мен парламентіне, адам құқығын қорғаушы ұйымдары мен жалпы батыс қауымдастығына арнаған мәлімдемесін тек өзінің атынан ғана емес, жоғалып кеткен Айбар Хасеновтың әйелі Шолпан Хасенова мен жоғалып кетті делініп жүрген КТК телеарнасының жүргізушісі Анастасия Новикованың ағасы Владимир Медьведевтің атынан жасап отырғанын айтты. БАҚ өкілдеріне таратқан мәлімдемеге аталған азаматтардың қолдары қойылған.

«Қазақстан үкіметі Рахат Әлиевті елге әкелуге ешқандай шара қолданып жатқан жоқ! Менің күйеуім мен Айбардың қайда екенін не болмаса Анастасия Новикованың қайда екенін тек қана Рахат Әлиев біледі. Одан соны сұрау керек. Мен оның ақшасын сұрап отырған жоқпын, менің ниетім – тек сол кісілердің қайда екенін білу, соларды босату. Ал мына Қазақстан үкіметі ешқандай шара қолданбаған соң, менде енді Австрияға барып, сондағы Европарламент өкілдерімен кездесіп, сонда баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жаймен таныстырудан басқа ешқандай амал қалған жоқ», - деді Армангүл Қапашева.

Сондай-ақ Армангүл «Австрия мемлекеті Рахатты бермей отырғаны - олардың өздері Рахаттың сол елге салған инвестициясына қызығып отыруы мүмкін, ал егер оны Қазақстанда азаптайды деп алаңдаса, өз өкілдерін жіберіп, тергеу барысын қадағалатсын» дейді.

«Нұрбанк» төңірегіндегі дауға байланысты, осы банктың сол кездегі негізгі акционері Рахат Әлиевтің шағымы бойынша «банк ғимаратына шабуыл жасады, банк акционерлерінің құжаттарын ұрламақ болды» деп айыпталған Алматы полициясының арнайы жедел жасақ тобы мүшелері мен оның басшыларының үстінен Алматыдағы Медеу аудандық сотында сот тыңдауы жүріп жатқанына бірнеше айдың жүзі болды. Бірақ ол сот қазір «банктағы бақылау камералары түсірген бейнетаспаларды сараптамадан өткізу керек» деп, белгісіз мерзімге үзіліс жасаған болатын. Армангүл осы соттағы қаралып жатқан мәселелерден өзінің хабары барын айтып, «соттағы куәлар менің күйеуімді соңғы рет көрген адамдарды атады» дейді.

«Жапа шегуші ретінде мен істің қалай өтіп жатқанын біліп отырмын. Соттағы куәгерлердің айтуына қарағанда, менің күйеуімді соңғы көрген кісілер –Рахат Әлиев, Вадим Кошляк, сонан соң тағы бір, жасы қырықтан асқан ақ шашты ер адам болды дейді. Менің жеке ойымша, ол Әлнұр Мұсаев деп ойлаймын. Ол кісі мамыр айында Венаға кеткен, содан бері Қазақстанға келмей отыр. Демек, оның келмеуіне себеп - артында бір таза емес жері бар ма деймін», - деген күдігін айтты Қапашева.

Сонымен Армангүл «Рахат Әлиевті қайткенде Қазақстанға алдырып, оның үстінен ашық сот болуы керек» деп отыр. Армангүлдің қоғамдық жақтаушысы, «Свобода слова» газетінің редакторы Гүлжан Ерғалиева «Нюрнберг соты секілді ашық сот процесі бүкіл қоғамды сауықтырар еді» деген ой айтады.

«Ол процесс билік үшін де тазару, сауығу, ақталу процесі болып, қоғамда да билікке деген жоғалған сенім қайта оянар еді. Әлемдік қауымдастық та осы істе Қазақстанда елеулі алға жылжушылық барлығын сезер еді. Президенттің өз күйеу баласын әділдік үшін сотқа тартқанының өзі үлкен адамгершілік іс екенін адал бағалауымыз керек . Сондықтан, Рахат Әлиевті Қазақстанда ашық соттап, оның осыған дейін жасаған барлық қылмысын ашып, елді қаншама рет қайғылы апатқа ұшыратпақ болған әрекеттерінің бәрін әшкерелеу керек. Сол кезде біздің елдің, президенттің, өзіміздің әрқайсымыздың да абройымыз аспандар еді. Бұл іс бүкіл әлем назарында! Біз осы теңдесі жоқ даудан қалай, моральдық тұрғыдан, саяси тұрғыдан аброймен шығар екенбіз? Сондықтан біз Рахат Әлиевті Австриядан Қазақстанға экстрадициялауға қайткенде қол жеткізіп, ашық та әділ сот өткізуіміз керек деп есептеймін», - деді Гүлжан Ерғалиева.

Қазақстанның шетелдегі оппозициясының бірқатар өкілдері бұған дейін Рахат Әлиевті Қазақстанға қайтаруға қарсы пікір білдірген еді. Оның себебін, егер Рахат Әлиев Қазақстанға әкелінетін болса, Ержан Өтембаев сияқты, жартылай ессіз күйінде, «қажет» құжаттарға қол қойып, кешірім сұрап, жабық жағдайда сотталып, ары қарай із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін, сөйтіп, оған қатысты көптеген құпиялар ашылмай қалады деген қауіппен түсіндіреді. Сондықтан оны Европа елдерінің бірінде соттау керек. Европада ондай Африка не, Югославия генералдарының жасаған қылмысты істеріне қатысты соттар болып жатады дегенді алға тартады олар.

Қазір Рахат Әлиев Австрияның заң орындарына өзінің ешқайда кетпейтіні туралы берген қолхат бойынша Венадағы үйінде отыр.
XS
SM
MD
LG