Accessibility links

Хамид Қарзай мен Джордж Буш Иран мәселесінде ғана келіспей отыр


Ауғанстан президенті Хамид Қарзайдың Америка сапары әдеттегідей жақсы жөтті. Хамид Қарзай мен АҚШ президенті Джордж Буш дүйсенбі күні журналистердің алдына шыққанда біріне бірі жылы сөз аяған жоқ. Олар терроризмге қарсы соғыс мәселесінде, Ауғанстанда демократия құру мәселесінде ортақпыз деді. Алайда олардың келіспейтін бір жері бар. Бұл – Иран мәселесі.

Хамид Қарзай СиЭнЭн телекомпаниясына берген сұхбатында Иран туралы жылы сөйледі, Иран біздің беймаза көршіміз, есірткі тасымалына қарсы күресуге көмектеседі деді. Жалпы, Хамид Қарзай Иран көмегін аянбайды деді. Қарзайдың бұл сөзі Буштың пікірінен мүлдем алшақ.

Буш кеше сөйлеген сөзінде ұстанымын қайталап, батыс елдерінің пайымдауынша Иран ядролық қару өндіруге ұмтылып отыр деді. Иран болса ядролық энергетикаға қана ұмтылып отырмыз дейді. Буш Иранның күдікті ядролық бағдарламасы аймаққа тұрақсыздық әкеліп отыр, Иран Ауғанстандағы көтерілісшілерге қару-жарақ беріп отыр деді. Дегенмен, деді Буш, Хамид Қарзай Ауғанстандағы жағдайға жауапты болғандықтан, Ауғанстанды жақсы біледі, ал Иран адал болса оны өзі дәлелдеп алсын деді:

- Иран Ауғанстанға жақсы ықпал жасап жатыр ма, жоқ па деп айтпас едім, бұл жайында өте сақ болар едім. Олар ондай болса бізге және Ауғанстан үкіметіне өздері дәлелдесін, бұл олардың өздеріне тәуелді.

Буш пен Қарзай бір біріне алғастарын мол айтты. Мәселен, Буш Хамид Қарзайдың жетекшілігі Талибанның әсіре діншіл ықпалын тежеуге мүмкіншілік жасады, оның бір белгісі – қыз балалар мектепке бара бастады деді. Хамид Қарзай Америка Құрама Штаттары соңғы бес жылда елімізге көп көмектесті, мұның бір нәтижесі – елде нәресте балалардың өлімі азайды дейді:

- Сіздер және басқа одақтастарымыз көрсеткен көмектің арқасында бүгінгі Ауғанстан дүниеге жаңа келген кемінде 50 мың нәрестенің өмірін және бес жасқа дейінгі 85 мың баланың өмірін сақтай алады, сақтап та жатыр.

Екі ел басшылары терроризмге қарсы, Талибанға қарсы майдандас екендерін көрсетті. Олар, сол сияқты, Ауғанстан батыс әскерлерінің қолынан амалсызда болатын адам шығындарын, бейбіт тұрғандардың оққа ұшатындарын айтты. Буш мұндай көрініске өкініш білдіреміз, қолдан келген шараны жасап жатырмыз деді. Бейбіт адамдардың оққа ұшатындары Ауғанстанның өз басында жанды мәселе.

Ауғанстанда көкнар өндірісі өсе түсті, Ауғанстан әлем базарына көкнардың 95 пайызын шығарып отыр. Президент Буш көкнар өндірісін қысқартуға атсалысамыз, ауған диқандарын басқа өнім өндіруге ынталандыруға көмектесеміз деді. Президент Қарзай өз тарапынан сөйлегенде есірткі саудасына қарсы қолымыздан келген шараны атқарып жатырмыз деді:

- Иә, Ауғанстанда көкнар мен есірткі проблемасы бар. Ауғанстан бұған қарсы күресуге мүдделі, себебі бұл сайтан алдымен өзімізге зақым келтіреді, сосын әлемнің көптеген елінде жастарға зиян әкеледі. Ауғанстан бұған қарсы жұмыс істеу керек.

Буш пен Қарзайдың баспасөз мәслихатына келген журналистер "Әл Қаида" террорлық ұйымының басшысы Осама бин Ладен Пәкістанның шалғай тауларында, Пәкістан үкіметіне бағынудан қалған аймақта жасырынып жүр деген қауесет жөнінде сұрады. Джордж Буш қолымызда нақты мәлімет болса, Пәкістан үкіметі шараны бірігіп атқаруға ынта көрсетеді, "Әл Қаиданың" басшысын ұстап, сотқа тартуға мүмкіншілік болады деген үмітін айтты.
XS
SM
MD
LG