Accessibility links

Ирақ бас министрі Нури Әл-Мәлики Иран сапарын бастады


Кешке таман ол Иран президенті Махмұд Ақмединижатпен кездеспек. Екі ел ресми өкілдері саяси және экономикалық әріптестік мәселелерін талқыламақ. Саддам Хұсейннің үкіметі құлағалы бері Иран мен Ирақ арасында қатынас кеңейе түсті.

Нури Әл-Мәликимен бірге Иранға бірнеше жоғары өкіл келді, делегацияда, мәселен, сыртқы істер министрі бар, мұнай министрі бар, ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі бар. Нури Әл-Мәлики Түркия сапарында да аймақта қауіпсіздік орнату жолдарын қарастырды, терроризмге қарсы науқанды арттыру амалдарын сөйлесті, Ирақты қолдаңыздар деп сұрады. Ирақ үкіметі көтерілісшілерге қарсы шараларын күшейтсін деген талап ел ішінде де өсіп отыр, сыртта да өсіп отыр, АҚШ әкімшілігі ресми Бағдад жігерленсін деп үндеу айтып отыр.

Кейбір сарапшылар екі ел қатынастарының соңғы жылдары өсе түсуінде бір кілтипан бар, бұл шиит қауымдастығының ішкі қатынастарынан болуы мүмкін дейді. Иран мұсылмандарының көпшілігі – шииттер, Ирақта да солай. Саддам Хұсейн сүннит болған, сүнниттер басым Саддам Хұсейннің үкіметі шиит көпшілігін қатты кемсітті. Саддам Хұсейннің кезінде, 1980 жылдары екі көршілес ел сегіз жыл соғысты, соғыс салдарынан миллионға жұық адам қаза тапты.

Нури Әл-Мәлики кезінде Иранда бірнеше жыл бас сауғалаған. Нури Әл-Мәликидің өзі де шиит, екі ел қатынастарының кеңейе түскеніне бұл жайт әсер етуі мүмкін дейді "Азаттық" радиосының Ирақ бойынша сарапшысы Кэтлин Ридольфо:

- Әл-Мәликидің өзі шиит басшысы, шииттер мен Иранның қатынасы өте тығыз. Кейбір бақылаушылар бұл жайында көп сауал тастайды, бұл Ирақ шииттері мен Иран үкіметінің қатынастарын күшейтуге бағытталған жоқ па, әлде олар астыртын ымырасып отыр ма, әлде бұл жалпы бағыттағы сөйлесулер ме деп сауал тастайды.

Жалпы, АҚШ үкіметі Иран үкіметі Ирақтағы шиит жаугерлеріне қолдау көрсетеді деп сескенеді. Иран мұны жоқа шығарып келеді, аймақтағы тұрақтылыққа керісінше Ирақта америкалық әскердің отырғаны нұқсан келтіреді дейді.

АҚШ әскери басшылығы Бағдадта шииттер тұратын Садр Сити ауданында кемінде 30 жаугер өлтірдік, олар Иранмен сыбайлас болса керек деп жариялады бүгін. 12 күдікті азамат қамауға алынды. АҚШ әскері Ираннан қару-жарақ әкелетін, Иран арқылы жаугерлерді әкелетін ұйымға қарсы науқан өткіздік дейді.

Ал жалпы Ирақ бас министрі Нури Әл-Мәлики бір бірімен дипломатиялық қатынас жүргізбейтін Америка Құрама Штаттары мен Иран арасында келіссөз өтсін, мұның арқасында Ирақта қауіпсіздік мәселесін қолға алуға болады деп келеді.
XS
SM
MD
LG