Accessibility links

Ауғанстанда кепілдікке адам алу оқиғалары жиілеп кетті


Ауғанстанда кепілдікке адам алу, оны босату үшін ақша бопсалау кең етек жайып кетті. Бұл әсіресе елдің оңтүстігі мен шығысында, Талибан қозғалысы бой бермей жатқан осы аймақтарда кең етек жайды. Ауғанстанда кепілдікке шетелдіктер түсіп қалса, әлем баспасөз құралдары мұны жан-жақты хабарлайды. Ал енді Ауғанстанда жергілікті тұрғындардың кепілдікке түсіп жатқаны қалың бұқараға жетпей жатады.

Бұл мәселе негізінен елдің оңтүстігі мен шығысында бар, себебі мұнда Талибан жауынгерлері қауіпсіздікке әлі нұқсан келтіріп жүр. Кепілдікке шетелдіктер түсіп қалса бұл жайында жұрт хабардар болып жатады, ал жергілікті тұрғындардың тұтқынға түсуі кейде тіпті хабарланбайды. Кепілдікке түскендердің туған-туыстары шамалары жетсе ақша төлеп, тұтқындарды шығарып алады.

Міне, кепілдікке түсіп шыққан 22-жасар Аджапгүлдің әңгімесін тыңдасақ. Ол оңтүстіктегі Хелманд провинциясы Лашқарға мекенінде тұрады, шағын дүкен ұстайды. Жұмысынан шығып үйіне бара жатқанда Аджапгүлді бір топ қарулы азамат ұстап, алып кетіпті:

- Бұл шамамен кешкі сағат жетіден 45 минут өткенде болды. Олар мені мәшинелеріне салып алды, көзімді танып тастады. Түнгі сағат бірде бір жерге алып келді. Олар қолымды, көзімді байлап тастады. Бұл жерде тағы төрт тұтқын отырды. Олар сол түні екі тұтқынның басын алды.

Бастары алынған екі тұтқынға қарағанда Абджапгүл аман-есен шықты. Ол адамұрлаушыларға ағасының телефон нөмірін берген, ағасы талапқа көніп, 16 мың доллар ақы төлеуге келіскен соң Абджапгүл босап шықты.

Хелманд провинциясы полициясының бастығы генерал Хұсейн Әндиуал жағдайды растап отыр, Абджапгүлдің тұтқынға түсіп, аман құтылғаны рас дейді. Мұндай жағдай аймақта көп кездеседі, дейді полиция бастығы:

- Соңғы айда екеу ме, үшеу ме адам ұрлау оқиғасы болды, бұл біз үшін үлкен мәселе. Адамдарды кепілдікке алатын ұйымға көз салып келеміз, айыпты адамдар жақын арада қамалады. Бұл жайында басқа ешқандай мәлімет бере алмаймын.

Көтерілісшілердің қимылдары елдің шалғай аймақтарында тұрмыс түзеуге кедергі келтіріп жатыр. Көптеген жергілікті кәсіпкер медициналық мекемелерін не болмаса мектептерін жабуға мәжбүр болды. Талибаншылар балаларыңды мектепке бермеңдер, мемлекеттен оқытпаңдар, мемлекеттік мекемелерде қызмет істемеңдер деп те бопсалайды жергілікті тұрғындарды. Қауіпсіздік қамтылмаған соң шамамен 300 мың бала мектепке бармай қалды, дейді білім министрлігінің өкілі Зұхур Ауған. Талибаншылар былтырғы жылдың шілде айынан бері шамамен 85 білім саласының қызметкерін өлтірді, елу шақты қызметкер түрлі шабуылдардың салдарынан жарақат алды.

Ауғанстан президенті Хамид Қарзай дүйсенбі күні Вашингтонда сөйлеген сөзінде Талибан жауынгерлері ұрыс алаңында талқандалған соң бейбіт адамдарды нысанаға алуға көшті деп сипаттады. Адам құқықтарын қорғайтын америкалық "Хьюман райтс уотч" ұйымы талибаншылар жанкештілік шабуыл жасау арқылы жаңа тәсілге көшті деп пайымдайды. Талибаншылардың жанкештілік бомба шабуылдарынан былтыр шамамен 800 бейбіт ауған азаматы өлтірілді. Елде таныштық орнамай жатқандықтан мыңдаған ауғандық қайтадан босып кетті. Олар бұрында талай жыл Пәкістанда босып жүр еді, елге оралған соң мыңдаған адам туған жерін тағы тастауға мәжбүр. Мәселен, бір ғана Хелманд провинциясында шамамен 50 мыңға адам қоныс аударуға тура келді.
XS
SM
MD
LG