Accessibility links

Либия жетекшісі Каддафидің баласы шетелдік дәрігерлер азапталғанын мойындап отыр


Либия жетекшісі Муаммар Каддафидің баласы таяуда ғана осы елдегі түрмеде сегіз жыл мерзімін өтеп шыққан бес болгарлық медбике мен бір палестиналық дәрігердің түрмеде азапталғанын мойындады. Сейф әл ислам Каддафи ол туралы араб тілді Әл-Жазира телеарнасына берген сұхбатында айтып қалды.

Еуропа Одағы мен Триполидің арасындағы келісімнен кейін Либия түрмесіндегі бес болгариялық медбике мен бір палестиндік дәрігер шілденің 24-де босатылған болатын. Енді олардың абақтыда ауыр азаптауға тап болғаны туралы нақтылана бастады.

Ол топтағы Болгария азаматтығын алған палестиналық дәрігер Ашраф әл Хазуз айыптаулар кезінде ең қатты сұралған. Оның айтуынша, Либия билігі шетелдік дәрігерлерді мал сияқты қинаған. Мәселен, ол ондағы азаптаулар туралы айтқанда, өздерін ұрып-соққанын, жоғары электрлі орындыққа отырғызып талдырғандарын, итке талатып, зорлық жасағандарын, темірге байлап қойып тауық сияқты шыр көбелек айналдырғандарын айтты.

Ондай әрекеттердің бәрі Либия балаларына ВИЧ инфекциясын әдейі жұқтырды деген айыпты мойындату мақсатында жасалған болуы керек.

Еуропа Одағының жетекшілері осының алдында бірден Либияның ол дәрігерлерді босатқанын мадақтап, бұл елмен жақын-қарым қатынас құруға сөз берген болатын, енді Либия жетекшісі баласының айтқандарынан кейін ештеңе дей алмай отыр. Либияда балаларға ВИЧ инфекциясын жұқтырды деген айыппен өлім жазасына кесіліп, кейін ол жаза жеңілдетіліп өмірлік түрмеге ауыстырылғанда халықаралық келіссөздермен ол дәрігерлерді босатып алған күні Еуропа Комиссияның жетекшісі Жозе Мануэль Баррозо бұл істің оң шешілуі Еуропа Одағының Либиямен қарым қатынасын толықтай жақсартуға негіз болады деген еді:

“Мен Либия президенті Муаммар Каддафиді біздің Еуропа Одағы мен Либия арасындағы келешек қарым-қатынасымызды дұрыстау тілегімізге сендіргім келеді. Және мен оған бұл мәселе шешілсе, біз бұл байланыстарымызды алда жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп айттым, өйткені біз бұл Либияның мүддесіндегі әлбетте, Еуро Одақтың да мүддесіндегі мәселе деп білеміз. Және бұл сонымен қатар, жалпы араб және ислам әлемі мен Еуропа арасындағы байланыстарды жақсарту мүддесі”.

Мұндай мәлімдемеден кейін Каддафидің баласының мойындаулары шығып, палестиналық дәрігер Хазуздың айтқандары рас екені анықталып отыр.

Либия билігі шетелдік дәрігерлерді азаптап-қинады ма дегенге, Әл Жазира теледидарына сұхбат берген Каддафидің баласы, ия дәрігерлер ток жүргізілген электр орындығына отырғызылып, азапталды және олардың отбасы мүшелері қудаланады деп қорқытылды деп болған жайды айтқан.

Либия президентінің баласы ол азаптаулар үшін кешірім сұрамады және қандай да бір түсініктеме бермеді. Сонымен қатар, ол палестиналық дәрігердің кейбір айтқандары шындыққа сай келмейді деді.

Еуропа одағы Либия жетекшісі Каддафидің баласының мәлімдемесіне ешқандай жауап қатпады. Бірақ, бұл Еуро одақтың ыңғайсыз жағдайда қалып отырғаны бірінші рет емес. Бұл дәрігерлер Либия түрмесінен шығарылғанда, Франция президенті Николас Саркози Париж бұған ешқандай құн төлеген жоқ деп қадап айтқан болатын:

“Мен сіздерге Еуропа да, Франция да Либияға кішкентайда қаржылық үлес қоспағанын нақтылап айта аламын”-деген еді.

Бірақ, осы аптадағы “Newsweek” газетіне берген сұхбатында Либия президентінің баласы Сейф әл Ислам Каддафи Франция Либияға емханаларды жөндеуге деп кем дегенде 300 млн еуро берді және ВИЧ инфекциясынан зардап шеккендерге қосымша 400 млн еуро берді деп айтты. Сонымен қатар, ол Франция Либияға өте үлкен әрі қымбат ядролық реактор сатпақшы деген.

Бұл келісімнің бәрі пара беруге мәжбүрлеу емес пе дегенге Каддафи, бұл бопсалау екенін айтты. Бірақ ол бұл жағдайда әркімде өз мүддесін ойлауға тырысты деді. Каддафидің баласының бұл оқиғаның астарын ашуына не себеп болғаны әлі түсініксіз қалып отыр. Сонымен қатар, оның әкесі баласының айтқандарымен келісе ме, жоқ па - ол жағы да белгісіз. Былай қарағанда, кіші Каддафи шетелдік ақпарат құралдарында осындай қоғамдық мойындау жасағанда әкесімен ақылдаспады деу көңілге қонбайды. Әлде бұл оның Либияның Батыспен қарым-қатынасын жақсартқаны ретінде ортаны өзгеруге тырысқан әрекеті ме, жоқ Саркозиді ыңғайсыз жағдайда қалдыруды ойлаған пиғыл ма, немесе жас Каддафи де әкесі сияқты әпенді ме? Бірақ, бұл жағдай Еуропаны қатты ыңғайсыз жағдайда қалдырып отыр.
XS
SM
MD
LG