Accessibility links

Қырғызстанда Ресейдің теріс ықпалы күшейе түсті


Алдағы аптада Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Қырғыз астанасының орталық көшелері ұйымға мүше Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдері жетекшілерінің портреттерімен әшекейленді. Үлкен тақтада Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің Ресей президенті Владимир Путинмен жылы шырайда қол алысып тұрған суреті ілінген. Бұл Бішкектің ресейшіл сыртқы саясатының нышаны ретінде көрсетілген. Қырғызстанда таяуда орын алған басқа да оқиғалар Бішкектің Мәскеумен жақын байланысын байқатады.

Қырғызстандағы кейбір ықпалды газеттер парламент қызметкері Жұпаргүл Артықова Қытайға құпия мәлімет берді деген дау Америка Құрама Штаттары тарапынан жасалған арандатудың нәтижесі болуы мүмкін деп жазып отыр. Парламент баспасөз-қызметінің кеңесшісі Жұпаргүл Артықова Қытай тыңшыларына мәлімет беріп жүрген деген күдікпен маусым айында қамалды. Орыс тілінде шығатын "Вечерний Бишкек" және "Дело номер" газеттері бір сарында мақала жазып, Америка Құрама Штаттары Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысатын Қытай мен Қырғызстанның арасына от салмақ, ұйымның Бишкекте өтетін саммиті алдында арандату жасады дейді.

Расында да, шпионаж дауы Қытай мен Қырғызстанның қарым-қатынасын жақсарта қоймайды. Дегенмен, үкіметшіл кейбір газеттер мәселенің себебін неге Америкадан іздейді екен? Қырғызстан президентінің баспасөз-хатшысы Нұрлан Шакиев бұл мақалаларды оқыған емеспін, "Азаттық" радиосына ешқандай сипаттама айта алмаймын десе, Мәскеуде орналасқан "Төтенше жағдайдағы журналистер орталығының" директоры Олег Панфилов күдікті азаматшаны Қырғызстан қауіпсіздік мекемесі қамауға алған, сондықтан бұл арандату болды деп, айыптыларды сырттан іздеу қисынға келмейді дейді. Олег Панфилов мұндай әңгіменің шеті Вашингтоннан емес, Мәскеуден шығып қалуы мүмкін дейді:

- Расында да мұндай әсер бар. Бұл екі газет туралы нақты айта алмаймын, бірақ Орталық Азия шеңберінде "Демократия институтының Ресей қоры" деп аталатын ұйымның істеп жатқанын айтуға болады. Олар Тәжікстанда бірнеше газетпен келісім жасап, оларды қаржыландырып отыр. Мұндай жағдай Қығызстанда да бар екенін білемін. Олардың жариялаған мақалаларының көпшілігінен әдетте Ресейдің өз басында кездесетін пропагандалық идеяларды көре аласыз.

Міне, ресейлік сарапшы Олег Панфилов Қырғызстанда және Тәжікстанда шығатын кейбір орыстілді газеттердің артында Ресей ұйымдары тұр, олар ақша беріп отыр, Мәскеу нәсихатын жүргізіп отыр дейді. Қырғызстанның сыртқы саясатындағы ерекшеліктерді америкалық база мен ресейлік базаның мәселелерінде көрсе болады.

Бишкек маңында орналасқан америкалық әскери әуе базаның жалдау ақысы тым аз деп, Қырғызстан басшылығы мұны үлкен мәселеге айналдырды. АҚШ қорғаныс министрлігі ұзақ келіссөз жүргізіп, ақы көлемін біраз ұлғайтты. Бірақ Қырғызстанда орналасқан Ресей әскери әуе базасы жайында мұндай әңгіме мүлдем жоқ. Есесіне Қырғызстан, Қытай және Ресей сияқты елдер қатысатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының басшылары 2005 жылы маусым айындағы саммитінде Америка Құрама Штаттары Орталық Азиядан әскери базаларын әкетсін деп талап қойды.

Ресейшіл бағыттағы тағы бір үндеу жақында Қырғызстан оппозициясы басшыларының бірі Феликс Құловтың ауызынан шықты. Ол еліміз Ресеймен бірігіп, конфедерация құрса жөн деді. Феликс Құловтың оппозициялық ұйымы бұл жайында референдум өткізу керек деп бастама көтеріп жүр. Ресеймен конфедерация құру бастамасы жайында көпшіліктің не айтатыны анық емес. Дегенмен, "Азаттық" радиосына пікір айтқан көптеген азамат ел тәуелсіздігін конфедерацияға ешқашан айырбастамаймыз дейді.
XS
SM
MD
LG