Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.07.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар бұрынғы тележүргізуші Анастасия Новикованың денесі табылғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Шымкент дәрігерлеріне шығарылған үкімді облыстық сот күшінде қалдырғандығына тоқталса, тағы бір басылым мәслихат депутаттығына үміткердің үйі өртеніп кеткендігіне мән беріп өтіпті.

Іс-түссіз жоғалып кеткен бұрынғы теле жүргізуші Анастасия Новикованың мүрдесі табылған ба деген сұраққа «Время» газеті жауап іздепті. «Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері Новикованың мүрдесі табылған деген ақпаратты жоққа шығарды. Алайда, өзінің есімі аталуын қаламаған дерек көзі Нұрбанк жөніндегі істі, оның ішінде Рахат Әлиев төңірегіндегі тергеу жұмыстарын санаулы адам ғана білетіндігін хабарлады. Соған қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова мүрденің табылғандығы туралы ақпараттан хабарсыз болуы ғажап емес» делінген мақалада. «Тамыздың 6-күні Алматы қаласы ішкі істер департаментінің сот сарапшылары жақында Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір ауылдан табылған жас әйелдің мүрдесін зерттеуге кірісті. Бұл -Анастасия Новикованың мүрдесі болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр» деп жазды «Время» газеті. «Әзірге сарапшылар табылған адам қай уақытта және не себеппен өлгендігін анықтаған жоқ. Бұл жайт сарапшылардың соңғы қорытысынан кейін ғана белгілі болмақ. Сондай-ақ, тергеушілер бұрынғы теле жүргізуші Анастасия Новикованың жоғалып кетуіне Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қатысы барын жоққа шығармайды» деп түйіндейді «Время» басылымы.

Ал «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты болса Анастасия Новикованың мүрдесі табылды деп жазды. «Бұл туралы Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов тамыздың 7-күні Астанада өткен брифингте хабарлады» делінген мақалада. «Б. Қожахметовтың айтуынша, А. Новикованың денесі Оңтүстік Қазақстан облысында табылған. Сонымен қатар, министрлік өкілі бұл іске қатысты ақпаратты, тергеу орындары халықтан жасырған деген пікірді жоққа шығарды» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Бұл уақытта Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Шымкент дәрігерлерінің ісіне қатысты шағымды қарауын аяқтағандығына «Комсомольская правда: Казахстан» газеті мән беріп өтіпті. «Жиырма аппеляциялық шағымды қарау жұмысы екі күнге созылды. ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалардың ата-аналары облыстық денсаулық сақтау департаментінің және медициналық қызмет сапасына бақылау жөніндегі комитет басқармасының бұрынғы басшыларына шығарылған жазаны қатайтуын талап етті. Дәрігерлердің адвокаттары болса істі қайта қарауын сұрады. Ал прокурор соттан бұрынғы шығарылған жазаны күшінде қалдыруын талап еткен» делінген мақалада. «Барлық шағымдарды қарап шыққан аппеляциялық кеңес шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдыруға шешім шығарды. Оған қанағаттанбаған шағым иелері қадағалау кеңесіне арызданатындығын мәлімдеді» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Сонымен қатар, газеттер сайлау науқанын да жіті қадағалап отыр. Мәселен, «Айқын» газеті мәслихат депутаттығына үміткердің үйі өртеніп кеткендігіне тоқталып өтіпті. «Атырау облысының Индер ауданына қарасты Есбол елді мекенінде бір күнде түн ортасында екі өрт оқиғасы болып, нәтижесінде село әкімінің орынбасарының үйі түгелімен өртке оранып, қабырғалары ғана қалды. Бұл оқиға салдарынан құрбан болғандар жоқ. Алайда өрт оқиғасы қасақана жасалған деген болжамдар бар» делінген мақалада. «Түн ортасында шырт ұйқыда жатқан ауылдықтар «өрт» деген суыт хабарды ести сала өре түрегеліп, өрт шыққан үйге қарай қолдарына түскен нәрсені ала жүгіреді. Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер С.Қабдықайыровтың үйіндегі тілсіз жаумен алысып жүргендер сол заматта тағы бір үйдің өртке оранғанын көреді. Бұл Есбол елді мекені округ әкімінің орынбасары Е.Ахметовтің үйі болатын. Оқиға орнында болғандардың айтуынша, олар әкім орынбасарының үйіне келгенде есік құлпының бұзылғанын және оттың жатын бөлмеге тасталғанын көздері шалады. Аудандық ішкі істер бөлімі өрт тонау мақсатында қасақана жасалуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Қазіргі күні осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталды» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG