Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.14.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстанда тамыз айында өтетін сайлауды 2 жарым мың полицей бақылайтындығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Қазақстанның ішкі істер министрлігі бұрынғы елші Рахат Әлиевті экстрадициялауға күш салатындығына мән берсе, тағы бір басылымдар Астанада «Бәйтерек» мұнарасынан өрт шыққандығына тоқталып өтіпті.

Қазақстанда тамыздың 18-күні өтетін сайлауды екі жарым мыңға жуық полицей бақылауға алатындығы туралы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Ішкі істер министрлігі республикада электрондық дауыс беру өтетін барлық 1 517 сайлау учаскесін қорғауға алды» делінген мақалада. «Бұл туралы тамыздың 13-күні Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов мәлімдеді. «Біз осы аптадағы сайлаудың тыныш жағдайда өтуі үшін қажетті барлық шараны қабылдадық, – деді ол. – Полиция сондай-ақ бюллетеньдер әкелінген уақыттан бастап сайлау толық аяқталғанға дейін еліміздегі он мыңға жуық сайлау учаскесін тәулік бойына күзетке алады». – Жақын күндері Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы толығымен қызмет жүргізудің күшейтілген режиміне көшірілетін болады, – деп хабарлады Бауыржан Мұхамеджанов. – Бұған қоса қазір көшедегі, әсіресе, сайлау учаскелерінің маңайындағы және сайлаушылармен кездесу өтетін жерлердегі қоғамдық тәртіпті сақтау күшейтілді. Осының арқасында үгіт-насихат науқаны басталғаннан бергі уақытта бірде-бір салмақты қоғамдық тәртіп бұзушылыққа жол берілген жоқ» деп жазды «Айқын» газеті.

«Время» газеті болса Қазақстанның ішкі істер министрлі бұрынғы елші Рахат Әлиевті Австриядан экстрадициялауға күш салатындығы туралы жазыпты. «Бұл туралы министрліктің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов мәлімдеді» делінген мақалада. «Вена қалалық жер соты біздің елдегі аудандық соттың дәрежесімен тең, - дейді Б.Қожахметов. - Сол себептен біз одан жоғары тұрған мекемелерге шағымданатын боламыз. Қожахметовтың айтуынша, Рахат Әлиевті экстрадициялау мәселесіне Ішкі істер министрлігі ғана емес, мемлекеттік прокуратура, Әділет министрлігі және Сыртқы істер министрлігі де күш салатын болады» деп жазды.

Осы тақырып төңірегінде «Литер» газеті былай деп жазды: «Вена соты Рахат Әлиевті экстрадициялаудан бас тартқанымен де бұрынғы елшіге қатысты «қызыл карточка» жүйесі жұмыс істей беретін болады. Яғни, Рахат Әлиев өзінің құжаттарымен басқа бір мемлекетке кетуге талпыныс жасаса, онда ол тез арада ұсталып Қазақстанға беріледі». Сонымен қатар, мақала авторы бұрынғы елшіге қатысты «қызыл карточка» жүйесін, Қазақстанның сұрауы бойынша Интерпол енгізгендігін атап көрсеткен. «Қазіргі күні Рахат Әлиев Вена қаласында тұрып жатыр. Оған Австрия астанасынан шығуға тиым салынған» деп жазды «Литер» газеті.

Бұл уақытта «Айқын» газеті Қазақстанда мұнай өндіретін екі компанияға қарсы іс қозғалғандығына тоқталып өтіпті. «Осы жыл «Теңізшевройл» мен «Аджип ҚКО» компаниялары үшін шырғалаң жыл болуымен есте қалатын түрі бар. Қос компанияның бірі «Теңізшевройл» қоршаған ортаға тигізген залалы үшін 75 миллиардқа жуық теңгеге айыппұл талап еткен экологтармен соттасып, ал «Аджип ҚКО» компаниясы шартты төлемдерден түскен тауарды тексеруші органдарға тауып бере алмай істі болып жатыр» делінген мақалада. «Атырау облыстық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аймақтық басқармасының мамандарының айтуынша, «Теңізшевройл» компаниясы үшін Теңіздегі ашық аспан астында 3 миллион тоннаға жуық күкіртті сақтауға аса қажеттілік болмаған. Бұдан өзге, «ТШО» сұйық күкіртті де шығарады, оны газдан айыру үшін арнайы блоктары да бар. Апатты жағдай орын алмас үшін тазартылмаған күкірт үшін резервуар да жұмыс істейді, күкірт ол жақтан «күкірт карталарына» түседі. Экологтардың пікірінше, Теңіз кенішіндегі аталған блоктардың жұмыссыз тұрып қалатын кезі тым көп» деп жазды «Айқын» газеті.

Сонымен қатар, газеттер Астананың символына айналған «Бәйтерек» мұнарасынан өрт шыққандығы туралы да жазып жатыр. «97 метрлік мұнараның төбесінен түтін будақтай бастаған сәтте оның маңайында жүргендер алаңда тастап кетуге асықты» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті. «Бәйтерек» жанып жатыр екен..» деген ақпарат өрт сөндіру қызметіне түс кезінде түскен. Сүт пісірім уақытта мұнара жанына құтқарушылар да жинала қалды. Өрт сөндірушілер тез арада сатыларын жоғары көтеріп, от тұтанған жерді іздеуге кірісті. Мамандардың айтуынша, «Бәйтеректің» өрт сөндіру жүйесі дер кезінде әрі сапалы жұмыс істеген. Ал өрт электр токтарының тұйықталуынан шыққан болуы керек. Нәтижесінде мұнарадан шыққан өрттен тұншыққан бірнеше саяхатшы ауруханаға жеткізілді» делінген «Комсомольская правда: Казахстан» газетінің мақаласында.
XS
SM
MD
LG