Accessibility links

Тәуелсіз бақылаушылар ұйымының өкілі парламентке Қазақстан халқының Ассамблеясынан депутат сайлау Конституция мен халықаралық құқық талаптарына қайшы деп отыр


Сейсенбі күні Алматыда «Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі» қоғамдық ұйымы, тамыздың 18-і күні Қазақстанда өтетін парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы және жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы алдында елдегі сайлау алды жағдайға шілденің 9-нан тамыздың 14-і аралығында бақылаған ұзақ мерзімді бақылауының қортындысын жариялады.

Тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің ұзақ мерзімді бақылауы Қазақстанның Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары секілді 9 облыс аумағында және Алматы мен Астана қалаларында жүргізілген. ТБЖ-нің ұзақ мерзімді бақылауы қортындысында Орталық сайлау комиссиясының сайлауды ұйымдастырудың алдын ала жүргізген жұмыстарына оң баға берілген. Әсіресе, ОСК-ның сайлауға түсуші саяси партиялар үшін теледидар мен радиодан қосымша эфирлік уақыт бөліп бергені сайлаушылардың саяси партиялардың сайлау алды бағдарламаларымен және тікелей кандидаттардың өзімен танысуына мүмкіндік туғызғаны айтылған.

ТБЖ-нің есебі бойынша, елдегі сайлау алды жағдайында саяси партиялардың үгіт науқанын жүргізу белсенділіктері әрқалай болған. Мысалы, «Нұр-Отан», Жалпыұлттық социал-демократиялық және «Ақ жол» партияларының белсенділіктері жоғары болған болса, қалған партиялар: «Ауыл», «Руханият», Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы және «Патриоттар партиясының» белсенділіктері төмен болған.

Сондай-ақ, «Нұр-Отан» саяси партиясының тізіміне енген кейбір шенеуніктер сайлау алды жағдайында әкімшілік ресурстарын пайдалануға ұмтылған әрекеттер кездесті делінген ТБЖ-нің ұзақ мерзімді қортынды есебінде.

Алайда ТБЖ-ның заң жөніндегі кеңесшісі Аманкелді Шорманбаев, парламент мәжілісі депутаттарын сайлауда Қазақстан халқының Ассамблеясынан депутаттыққа 9 адам ұсынылып отырғанын ел Конституциясына әрі ОБСЕ секілді халықаралық ұйымдардың талап-шарттарына қайшы келетін нәрсе деп есептейді.

«Қазақстан халқының Ассемблеясынан мәжіліс депутаты болып сайланатын бұл 9 адамды тамыздың 18-і күнгі жалпы халықтық сайлауда емес, тамыздың 20-сы күні өтетін Ассамблея мүшелерінің жиынында сайлау – бұл заңсыздық болып табылады. Неге Қазақстанның көпшілік сайлаушылары бір ғана дауысқа ие болса, кейбір азаматтар екі дауысқа ие бола алады? Бұл дауыс теңсіздігін туғызады, бұл Конституцияға қайшы келеді», - деді А.Шорманбаев.

Оның айтуынша, сайлау біткен соң 10 күннің ішінде осы мәселеге қатысты сайлаудың заңсыз өткенін айтып, кез-келген қазақстандық азамат сотқа жүгіне алады.

«Бұл олардың конституция арқылы берілген құқықтары», - дейді ол.

ТБЖ-нің президенті Тасқын Рахымбекованың айтуынша, сайлау күні ТБЖ қоғамдық ұйымы елдегі сайлау учаскелеріне өзінің 2 мыңдай бақылаушыларын шығарып, сайлаудың қалай өтіп жатқанына бақылау жасатпақшы. Ал оның қортындысын сайлау өткен соң, тамыздың 20-сы күні жария етпек.
XS
SM
MD
LG