Accessibility links

Қытай президенті Қырғызстаннан кейін Қазақстанға барады


Осы аптада Қытай президенті Ху Дзиньтао Орта Азияда жүр. Ол бейсенбі күні Қырғызстанда өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкекке ертерек келді. Бұл Қытай президентінің Қырғызстанға алғашқы ресми сапары. Және Бішкектегі саммиттен кейін Ху Дзиньтао көрші Қазақстанға барады.

Сейсенбі күні Қытай президенті Ху Дзиньтао тамыздың 16-сында өтетін Шанхай Ынтымақстастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкекке келді. Бұл оның Қырғызстанға бірінші ресми сапары. Қытай жетекшісі бұл жерде Қырғыз үкіметінің бірқатар өкілдерімен кездеседі. Ху Дзиньтао Бішкекке келген кезінде қырғызстандықтарға жылы лебізін білдірген.

“Мен президент Құрманбек Бакиевпен және сіздің елдің басқа да үкімет мүшелерімен кездесуді асыға күтудемін. Менің сапарым біздің жақсы әрі қоян-қолтық қарым-қатынасымызды дамытуға қосымша жаңа күш береді және Қытай мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық пен достықтың нышаны болатынына сенімдімін”, - деді Қытай президенті.

Ху Дзиньтаоның ресми шараларының бірі - Қырғызстанның сыртқы істер министрі Еднан Қарабаевпен кездесуі. Қытай президентінің сапары барысында қол қойылатын ол келісім туралы Қарабаев дүйсенбі күні былай деп айтқан:

“Қол қойылатын саяси құжаттардың қатарында екі жақты қарым-қатынас, достық пен ынтымақтастықты келешекте дамыту жөнінде біріккен декларация бар. Ал жасалатын келісімге келетін болсақ, онда заңсыз есірткі тасымалымен күрес жөніндегі келісім, малдардың карантині саласындағы келісім, қоршаған ортаны қорғау ынтымақтастығы бойынша меморандум және сондай-ақ, Қытайдың тілі мен мәдениетін оқытатын бір жоғары оқу орнын ашу келісімі жасалады”.

Қырғызстанның бұрынғы премьер министрі Амангелді Муралиев «Азаттық» радиосының Қырғыз қызметіне берген сұхбатында, бұл сапардан Қырғызстанға Қытайдан технологиялық көмек келу мүмкін деген.

“Жақында Қытай жоғары технологиялы жетекші елдердің біріне айналды. Мәселен, ғарыш саласын зерттеу, нанотехнология сияқтылар. Сондықтан да, егер Қырғызстанның Қытаймен қарым-қатынасы саудамен ғана шектелмесе жақсы болар еді. Осындай технологияларды Қырғызстанда орнату біз үшін тиімді болар еді”.

Қытайдың атайтынындай, үш дұшпан: сепаратизм, экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселесі Ху Дзиньтао мен Қырғыз ресмилері талқылайтын мәселелердің басында тұрғаны анық. Және ол мәселе Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті барысында да егжей-тегжейлі талқыланады. Экономикалық ақпарат одағының Қытай бойынша сарапшысы Дункан Иннес-Кердің сөзіне қарағанда, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті шеңберінде Ху Дзиньтаоның Орталық Азияға сапары Қытайдың көршілерімен байланысын жақсарта түсу науқанының бір бөлігі болып отыр.

“Қытай үкіметі өзінің Орта Азиядағы әрекеттерін Қытайдың бейбітшілік бағдарламасының бір бөлігі ретінде әрі Қытайдың әскери және аймақтық қауіп ұстанымынан гөрі өз көршілерімен өте жақын жұмыс істеу ниеті бар екенін көрсеткісі келеді”.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитінен кейін Қытай президенті мен басқа да ұйымға мүше елдердің жетекшілері Ресейдің Челябинск облысына барып, ұйымға мүше елдердің 6500 жасағынан тұратын “Бейбітшілік миссиясы-2007” атты әскери жаттығуларының соңғы күнін көруге барады. Одан кейін Ху Дзиньтао Қазақстанға сапар шегеді. Астанада Қытай президентінің кездесулері сауда саласында, әсіресе Қазақстанның энергия көзін Қытайға көбірек шығару тұрғысында болады. Қытайдың Циньхуа ақпарат агенттігі келтіргендей, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық 2006 жылы 8 млрд 358 млн-ға жеткен. Бұл 2005 жылмен салыстырғанда, 22 пайызға жоғары екен. Батыс Қазақстаннан Қытайға мұнай шығаратын жаңа мұнай құбыры және құрылып жатқан мұнай-газ құбыры алдағы уақытта бұл көрсеткішті мүлде өсіріп жіберуі мүмкін.

Бірақ, Алматыдағы Тәуекелді бағалау орталығының директоры Досым Сатпаевтың айтуынша, бұл жерде Қытай мен Қазақстан арасында шекаралас өзендердің суын пайдалану сияқты шешімін таппаған мәселелер қалып отыр.

“Қазақстан мен Қытай арасындағы қарыс-қатынас айтарлықтай тұрақты. Сонымен қатар, ол жерде екі елдің байланысына кішкене салқындық әкелетін аздаған қарама-қайшы мәселелер көтерілуі мүмкін. Менің пікірімше, оның үлкені Қазақстанның Шығысындағы қара Ертіс өзенінің су көздерін пайдалану мәселесі болуы мүмкін. Бұл Қытайдың Ертістен көп суды алып отырғанына байланысты Қазақстанның шығысы үлкен экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін, бұл үлкен өнеркәсіп орындары шоғырланған Қазақстанның шығысында өнеркәсіп саласына соққы болу мүмкіндігін көрсетіп отыр”.

Қытай мұнай өндіруді жұмыстарын жүргізіп жатқан Шыңжаң Ұйғыр Автономиясы аймағына Қара Ертіс өзенінен суды тым көп пайдаланып отыр. Сондықтан да бұл су мәселесі Қытай мен Қазақстан президенттерінің кездесуінде көтерілетін ең үлкен тақырып. Және екі ел жетекшісі экономикалық салада бірқатар келісім-құжаттарға қол қояды деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG