Accessibility links

Сталин туған қаласы Гориде ұлы тұлға ретінде әлі дәріптеліп жатыр


Сталин үкіметі жүргізген зұлмат 1937 жылы шарықтаған шегіне жеткен еді. Әр совет республикасында жүздеген мың адам атылды. Міне, сол қанды қырғынға биыл 70 жыл толып отыр. Бір қызығы - зұлмат көсемі Сталиннің бейнесі туған қаласы Гориде әлі дәріптеліп отыр. Сталин мұражайы диктаторды данышпан ретінде көрсетіп келеді, Сталиннің кесіренен зардап шеккен кейбір жергілікті тұрғындар да Сталинге табынады.

Гори – Грузиядағы кедей елді мекендердің бірі, жаппай жұмыссыздық пен мұқтаждық белгісі мұнда да бар. Горидің бір ерекшілегі – мұнда Сталин туған үй әлі сақтаулы. Осы мұражайда отыз жылдан аса істеп келе жатқан Мзия Научашвили Сталиннің әке-шешесі осы кішкентай үйді жалдап тұрған, Сталин төрт жасқа дейін осы үйде тұрған, Сталиннің кедей отбасы жалдап тұрған басқа үйлер сақталмай қалды дейді.

"Азаттық" радиосының тілшісі Сталин мұражайына барған күні мұнда екі адам ғана жүрсе де, мұражай қызметкерлері келушілер саны жыл сайын өсіп келеді, алдыңғы жылға қарағанда былтыр 15 мыңдай адам келді, келушілер саны былтыр екі есе өсті дейді. Сталиннің мұражайы совет пропагандасының сарынында қалай құрылса, сол күйінде тұр. Бұрынғы совет республикаларында ондаған миллион халықтың қырылғаны, итжеккенге айдалғаны, жер аударылғаны баяғыдан бері ашық айтылып жатса да, тарихтың бұл тарауы Сталин мұражайында әлі жабулы. Сталиннің қайраткерлігі туған қаласында бір жақты көрсетіліп келеді. Сталин оқыған діни мектептің орнында салынған мектепте де Сталиннің бейнесі ұлы қайраткер бейнесі ретінде дәріптеліп келеді. Мектеп директоры Гела Мчендлишвили миллиондаған халықтың қырылғанына кінәлі адамды дәріптеудің оқасы жоқ, Құдай кешірімді болыңдар деген, мыңдаған жақсы іс тындырған адам баласы аздаған жат шаруа істеп қоюы мүмкін дейді.

Осылайша, Гори қаласы мектебінің директоры Сталин зұлматы кезінде халықтың зардап шеккені де рас, шіркеулердің құлатылып, діни қызметкерлердің атылғаны да рас, бірақ сол кезде істелген жақсы шаруаларды ешкім жоққа шығара алмайды дейді. Дегенмен, Гори қаласының тұрғындарының барлығы осылайша біркелкі ойламайды. Мәселен, жастары отыздың шамасына келген, Грузия тәуелсіздігінің алғашқы жылдары есейген Давид пен Зураб деген екі азамат Сталин Грузия халқының егемендігін сатып кеткен еді дейді. Бұдан халқымыз ұзақ уақыт зардап шекті, - дейді Давид:

- Сталинді Грузияның жауы деп ылғи да ойлаймын. Мәселенің түп-төркініне қарасаңыз, тарих мұны өте жақсы көрсетеді.

Гори қаласының жас тұрғыны Зураб деген жігіт те Сталинге табынудың еш себебі жоқ дейді:

- Бұл біз құтыла алмайтын құбыжыққа табынудың бір түріне айналды. Сталин Гори қаласында туған, сондықтан Сталинге табыну әдет болып кетті. Бәлкім ол басқа жерде туған болса Гори тұрғындары оны тіпті керек қылмас еді.

Дегенмен, осы екі жас жігітпен қатарлас Горидің басқа тұрғындарының арасынан Сталинге табынатындар табылып жатыр. Мәселен, Сталин мұражайының алдындағы саябақта қызымен бірге отырған Темури деген мына жас жігіт Сталиннің жерлесі болғанына дән риза:

- Мен оны өте мақтан етемін. Германияда екі жыл тұрдым, Сталин туған қаладан екеніме мақтан етіп жүрдім. Неге екенін білесіз бе? Себебі мұндай тұлғалар өте сирек кездеседі. Олар мың жылда бірақ рет келеді.

Осылайша, Сталиннің туған мекені Гори қаласында Сталинге табынатындардың арасында жас азаматтар да табылып жатыр. Сталинді ұлы адам деп мақтан етіп отырған жас жігіт Темури сталиншіл ақсақалдардың сөзін қайталайды. Сталин мұражайының саябағында отырған зейнеткер ақсақал, мәселен, былай дейді:

- Әкем қудаланған болатын, бірақ мен әлі күнге шейін Сталинді жақсы көремін. Неге екенін білесіз бе? Себебі әкемнің қамалғанына Сталиннің әш қатысы болған жоқ. Ол кезде адамдар бірін бірі көрсете беретін.

Міне, Сталиннің бейнесі жағымды қалпында сақталып отырған ең соңғы мекенде – Грузияның Гори қаласында Сталин ұлы данышпан, мың жылда бір келетін тұлға ретінде әлі дәріптеліп келеді. Гори тұрғындары өткенді аңсайды, Гори қаласы мектебінің директоры өткенге кешіріммен қарайық деп дәріптейді. Гори қаласында уақыт баяғы совет заманында қатып қалғандай. Гори қаласының тарихын зерттеп, кітап шығарған маман Элдар Мамиствалишвили өткенді аңсау алға жетектемейді, бір орында тұруға болмайды, әйтпесе қоғам орнынан жылжымай қалады дейді.
XS
SM
MD
LG