Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.21.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың барлығы да Қазақстанда өткен мәжіліс сайлауына баға беріпті. Сонымен қатар, газеттердің бірі іс-түссіз кеткен менеджердің зайыбы Армангүл Қапашева бұрынғы елші Рахат Әлиевпен кездесу үшін Вена қаласына барғандығына тоқталып өтіпті.

Қазақстанда өткен мәжіліс сайлауы нені көрсетті деген сұраққа «Жас Алаш» газеті жауап іздепті. «Біріншіден, биылғы өткен «саяси реформаның» ешқандай мағынасы мен мәні жоқ екеніне жұрт анық көз жеткізді. Мәжіліс нағыз парламент палаталарының бірі болудан қалып, «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі секілді жадағай органға айналмақ» делінген мақалада. «Қысқасы, іс жүзінде нағыз бірпартиялық жүйе орнады. Екіншіден, қоғамның қарсылығына қарамастан Қазақстан халқы ассамблеясының 9 өкілін мәжілісіке әкелудің сыры енді ғана белгілі болды. Өңшең «нұротандықтардың» арасында мәжіліске өңге реңкті осы 9 депутат бермек. Үшіншіден, биліктің әлсіздігін, өркениетті саяси бәсекелестікке қабілетсіздігін көрсетті. Мәжіліс сайлауы алдында «Нұр Отан» партиясы ішінде екі түрлі көзқарастың болғаны белгілі. Бірінші топ – сайлауды мейлінше, мүмкіндігінше әділ өткізуді жақтайтындар, екінші топ – қалайда өзгеше ойлайтындарды парламентке жібермеуді қалайтындар. Сайлау нәтижесі осы екінші топтың үстем шыққандығын байқатты. Демек, бұл – «Нұр Отан» партиясының өз осалдығын толық мойындағаны» деп түйіндейді «Жас Алаш» газеті.

«ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты болса саясаткер Серікболсын Әбділдиннің сайлау нәтижелеріне қатысты сұхбатын басыпты. «Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, Қазақстанда авторитарлық жеке билік режимі орын алды. Бұл – қоғамның сана сезімін жаулау жағынан, баяғы кеңес үкіметі кезіндегі тотолитарлық жүйеден жүз мәрте күшті» делінген сұхбатта. «Назарбаевтың қулығы халықты алдауға ғана емес, сонымен қатар бірқатар халықаралық институттарды иландыруға да жарап тұр. Шетелдік сарапшылардың кейбіреуі Қазақстанға келмей жатып-ақ президенттің сөзін сөйлей бастады. Барлығы да Назарбаевтың экономикалық және саяси реформаларына тәнті, мұның бәрі аңыз екендігін түсініп жатқан ешкім жоқ. Енді Назарбаев парламентті жекешелендіріп алды» депті Серікболсын Әбділдин «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтына берген сұхбатында.

«Айқын» газеті болса саясаттанушы Дос Көшімнің сұхбатын жариялап отыр. «Дос Көшімнің пікірінше, өткен сайлауға баға беру – артық. Өкінішке қарай, осы сайлауда сайлау алдында айтылған болжамдар жүзеге аспады. «Көппартиялыққа дайынбыз» дегенімізбен, соны сайлау барысында нақты көрсете алмадық. Сондықтан Мәжіліске тек бір ғана партия жол тартып барады» делінген сұхбатта. «Бір партиядан жасақталған соң, алдағы Парламенттен саяси плюрализм күту қиын. Меніңше, қарын аштыратын сайлау болды. Оның нәтижесі бір жағы қуандыратын да шығар, алайда асыра пайыз беру көңілге кірбің ұялатады. Сайлаудың осы нәтижесіне, ең алдымен, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, сосын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия қуанды ғой деп ойлаймын. «Нұр Отан» партиясы өзінің жеңіске жеткеніне қуанса, социал-демократтар «Ақ жолдың» жеңбегеніне қуанды» депті Дос Көшім «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта «Нұрбанктің» іс-түссіз жоғалып кеткен бұрынғы менеджерінің зайыбы Армангүл Қапашева әділдік іздеп Австрияға барғандығы «Время» газетінде баяндалыпты. «Тамыздың 20-күні Армангүл Қапашева Вена қаласында жергілікті жер сотының прокуроры Герхард Ярошпен кездесті» делінген мақалада. Герхард Яроштың айтуынша, Темірәлиев пен Хасеновтың жоғалып кетуіне, сондай-ақ Анастасия Новикованың өліміне бұрынғы елші Рахат Әлиевтің қатысы бары анықталған жағдайда, ол тиісті жазасын Австрияда өтейтін болады, бірақ Қазақстанға берілмейді. Ал дүйсенбі күні түстен кейін Армангүл Қапашева Рахат Әлиевтің Венадағы үйіне қарай бет алды. Қапашеваның бұл сапары немен аяқталғандығын газеттің келесі санынан оқи аласыз» деп түйіндейді «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG