Accessibility links

Парламент сайлауында жеңіліп қалған саяси күштер ел президентінен қайта сайлау өткізуді сұрап отыр


Қазақстанның оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен «Ақ жол» және Коммунистік халықтық партия жетекшілері Қазақстан президентіне ашық хат жолдап, сайлауды қайта өткізуді сұрап отыр. Олар тамыздың 18-і өткен сайлаудың қорытындысымен келіспейтіндіктерін айтуда. Бұл сайлауда «Нұр Отан» 88 пайызды иеленіп, сайлауға қатысқан басқа 6 саяси партия Мәжіліске мүлдем өтпей қалған еді.

Президент атына хат жолдаушылар заңбұзушылықпен өткен сайлау нәтижесін «заңсыз» деп тауып, арнайы комиссия құруды сұрап отыр. Ашық хатта «Барлық партиялардан өкілдер кіретін комиссия тексеру жүргізіп, шешім шығаруы керек. Сол шешімге сәйкес «Сайлау туралы» заңды бұзған адамдар қатаң жазалануы тиіс» - делінген. Ресми тіркеліп, сайлауға қатысқан ұстанған бағыттары үш түрлі үш саяси партияның мұндай мәлімдеме жасауы өткен сайлаудың заңсыз екендігінің бір дәлелі, дейді оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның белсендісі Әміржан Қосанов. «Біз бұл жерде биліктен аспандағы айды талап етіп отырғанмыз жоқ. Егер биліктің осы сайлаудағы қимыл әрекеттері заңды болса, неге арнайы комиссия құрудан бас тартады? Керісінше, биліктің демократиялық сипаттағы ұстанымы бар екені рас болса әділдігін, тазалығын көрсетсін», дейді.

«Өзіндік дербестігі бар, үш саяси партияның мұндай мәлімдеме жасауы - болашақта біріккен іс-қимылдарға бара алады дегенді білдіреді. Алайда, бұл тек үш партия жетекшісінің ғана талабы емес. Бұл хаттың артында миллиондаған қазақстандықтар тұр. Өйткені, Қазақстанның ЕЫҚҰ-ның алдында алған міндеттемелері бар. Сол ұйымның өкілдері таяуда болған кездесуде бізге Қазақстанның бұл ұйымға төрағалық ету мәселесі шешілгенде Қазақстан үкіметінің пікірі емес, саяси ұйымдардың пікіріне көбірек құлақ асатындығы жайлы ашық айтты. Сондықтан президент бұл хатқа құлақ асуға тиіс», дейді «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов.

Саяси күштердің бұл мәлімдемесіне пікір білдірген саясаттанушы Берік Әбдіғалиев: «Бұл саяси тартыстың талабы ретінде өздерінің жеңілгендерін мойындамай, елдің алдында да өзінің абыройын жоғалтып алмау үшін саяси күштердің әсіресе оппозицияның билікке күш көрсетуінің көрінісі ретінде жасалған шара. Мұны билік елемейді де», дейді. Оның айтуынша, күшейіп алған биліктен бұл хатқа жауап болады деп айту қиын. Бәлкім, болашақта саяси күштердің талабына жауап ретінде, саяси ойынның жалғасы сипатты президент жанындағы кеңес пе, комиссия ма құрылуы мүмкін. Бірақ оған да күмән бар, дейді Берік Әбдіғалиев.

Тамыздың 18-күні өткен саяси додада ең төменгі 0,37 пайыз халықтың дауысына ие болған «Руханият» партиясы мен халықтан 1,51 пайыз қолдау көрген «Ауыл» партиясы президент атына жолданған, жоғарыдағы ашық хатқа қосылған жоқ. Жеңіліс тапқан «Руханият» партияның белсендісі Хайролла Ғабжәлелов үнсіз қалғанды жөн көрдік, дейді.

«Мұндай талап қойғанда не түседі деп отырсыз, сонда? Кімге талап қоямыз? Не қыламыз босқа жаман атты болып?», дейді Хайролла Ғабжәлелов.

Ал парламент сайлауында 0,78 пайыз дауыс жинап, жеңіліп қалған Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов тамыздың 28-і күні Қазақстан президентінің жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды.

Ел президентінің атына хат жолдаған үш партияның бірі - Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсендісі Әміржан Қосанов: «Саяси процесс - болжауға қиын процесс. Қазақстан оппозициясы осы уақытқа дейін бірігу мектебінен лайықты өтіп жүр. Сондықтан біз кез-келген саяси күштермен әділдік үшін бірлесіп күресуге дайынбыз», дейді.
XS
SM
MD
LG