Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.12.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген газеттерде Қазақстанда құрылыс жұмыстарының қарқын алуымен қатар осы саладағы түрлі заңсыздықтардың кемімей отырғандығы сөз болған. Оған қоса "Протон-М" зымыран-тасығышының құлағанынан кейінгі жағдайды сәрсенбілік басылымдар кеңінен талқылапты. Егер бір газеттерде зымыран-тасығыш қалдықтарымен бірге қоршаған ортаға түскен улы зат - гептилдің мөлшері кейбір жерлерде мөлшерден 1000 есеге артып кеткендігі сөз болса, енді бір басылымдар зымыран тасығыш құлаған жердегі елді-мекен тұрғындарын денсаулықтарына еш шағымданбағандығы айтылған.

«Время» газеті «Әкімді алып келіңдер» атты мақалада, Алматы қаласындағы Гагарин және Жандосов көшелері қилысындағы жеке меншік үйлердің тұрғындарын сот шешімімен үйлерінен күшпен шығарып жатқанын хабарлайды. Алайда, кейбір тұрғындар үйлеріне берілген өтемақы көлемімен келіспегендіктен, баспаналарын тастап кетуден бас тартқан. Мысалы, Ораз Чиниев деген тұрғын өзінің 3 сотық жеріне берілген 170 мың долларға үш бөлмелі пәтер сатып ала алмайтындығын айтып, өзінің отбасы дұрыс өтемақы алғанша орындарынан қозғалмайтындығын айтқанын баяндайды «Время» газеті.

«Литер» газеті Алматының орталығындағы элиталы «Самал-2» ықшам ауданында, тұрғын үй салып жатқан «Тристар» құрылыс компаниясы, қожайынының істі болуына байланысты жұмысын тоқтатқанын, ал бұл жобаға қаржы құйған көптеген алматылықтардың жүздеген мың доллар ақшаларын қайтара алмай жүргендерін жазады. Ал осы газеттегі келесі «Тақырға отырғызды» деген мақалада бюджет қызметкерлеріне арнап тұрғын үй салу бойынша мемлекеттік бағдарламаны жергілікті және шетелдік алаяқтардың қалай толығынан пайдаланғанын жазады. Мысалы, Шымкенттегі бір ғана «Юксел иншаат» түрік фирмасы, «Литер» газетінің айтуынша, 30 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденіп, мемлекетті алдап қана қоймай, қазақстандық жұмысшыларды жалақысыз қалдырған.

Қазақстан президентінің Алматыда үйлердің жөн-жосықсыз салынуына байланысты алаңдаушылық білдіргенін жазады «Айқын» газеті. Олар «экологиялық талаптарды көпе-көрнеу бұзғаны былай тұрсын, қарапайым жұрттың құқығы тапталған. Көп асқанға – бір тосқан. Олар түлкі бұлаңға салғанымен, тәубесін ұмытқан «үй тұрғызғыштардың» ісіне Елбасының өзі тосқауыл қоюға пәрмен берді», - дейді «Айқын» газетінің тілшісі. Оның хабарлауынша, мемлекет басшысы үкімет мәжілісінде «Алматыда ешбір экологиялық талапсыз жүздеген құрылыс нысандары заң бұзушылықпен салынуда екендігін» айтқан. Сонан кейін президент бұл мәселе бойынша арнайы үкімет комиссиясын құрып, жүгенсіз кеткен құрылыс жұмыстарын тоқтатуға шақырған.

Сондай-ақ осы газеттегі «Құлаған спутник қолды бола жаздады» деген мақалада «Протон-М» зымырантасығышымен бірге құлаған жапондық JC Sat-11 спутигінің қалдықтарын жергілікті тұрғын құлаған жерінен тауып алып, тиеп алып кеткендігі» сөз болады. Ал «Экспресс К» газетінде спутник қалдықтарын тиеп алған азаматты құқыққорғаушылардың көп ұзатпай ұстағаны баяндалады. Оған қоса газетті «Протон-М» зымыран-тасығыштың екінші баспалдағы құлаған жерде гептил табылмағандағы, ал басқа жерлерде улы заттың көлемі 1100-ден 5200 есеге артып кеткендігі туралы дерек келтірілген. Сонымен бірге зымыран-тасығыштың қалдықтары шашылған жерге таяу орналасқан елді-мекендегі адамдардың денсаулықтары тексеріліп, бірнеше жүздеген ірі қара, қой, жылқыны мамандар қарап шыққан. Бірақ адамдар денсаулықтарына шағымданбай, үй жануарларының денсаулығында ауытқушылықтар байқалмаған.

Алайда, «Аргументы и факты Казахстан» газетінде жарияланған ресейлік «Машинастроение» ғылыми-өндірістік бірлестіктің бастығы Сергей Шияновтың пікіріне қарағанда, «зымыран-тасығыш қалдықтарының құлауы адамдар өміріне, ғимараттарға, дүние-мүлікке қауіп төндіреді». «Сондықтан, зымыран ұшырмас бұрын арнайы топ қауіпті аймақтан адамдарды көшіреді» деген сарапшы «Аргументы и факты Казахстан» газетінде. Сонымен бірге газетте «Протон» құлаған жерді тауып алған журналистер сол жерде-ақ фото және бейне материалдарымен қоштасуға тура келгендігі жазылған. Өйткені, сол жерде-ақ олардан материалдар тартып алынған. «Аргументы и факты Казахстан» басылымының мәліметтеріне қарағанда, зымыран-тасығыш құлаған күні жел солтүстік-шығыс бағытында, яғни, апат боғлан жаққа қарай соққан. «Сондықтан, гептил буының улы бұлттары даланы шарлап кеткен сияқты», - дейді «Аргументы и факты Казахстан» газеті.

«Комсомольская правда» газеті «Протон-М» зымыран тасығышының сынықтары түскен жерлердегі гептилдің көлемі белгілі мөлшерден 1000 есеге дейін артып кеткенін жазады. Гептил суға түспегенімен, бұл улы заттың топырақта, өсімдіктер мен тірі жан-жануарлардың денесінде жиналу қабілетіне байланысты алдағы уақытта адамдардың уланған шөптермен қоректенген малдың етін жеп, улануы жоққа шығарылмайтындығын жазады «Комсомольская правда Казахстан» газеті. Осы газеттің деректеріне қарағанда, зымыран-тасығыш соңғы 10 жылда Қазақстанда 6 рет құлаған, оның 3-і Қарағанды облысы ауқымында болған, екі рет зымыран қалдықтарды адамдар тұратын аулаға түскен.
XS
SM
MD
LG