Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.14.2007 жыл


Жұма күні шыққан газеттерде "Нұрбанк" ісі мен оған президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қатыстылығы туралы жаңа мақалалар жарық көрді. Егер бір басылымдарда "Нұрбанкке" шабуыл жасау ісінде Рахат Әлиевке көмек көрсетуге Қазақстан Республикасы экономикалық қылмыспен және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Сарыбай Қалмырзаев бұйрық берген болуы мүмкін деген пікір айтылса, енді бір басылымдар «Рахат Әлиев саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне қаншалықты қатысты болуы мүмкін?» деген тақырыпты талдайды. Сондай-ақ «Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов отставкаға кете ме?» деген сауал газет беттерінде тағы да көтерілді.

«Рахатгейт» тақырыбы бойынша әлі әңгімелер басылар емес дейді «Деловое обозрение Республика» газеті жұма күнгі санында. «Алматы қаржы полициясы басқармасының бастығы Владимир Курбатов ҰҚК тергеушілеріне «Нұрбанкке» шабуыл жасау ісі бойынша кім Әлиевтерге көмектесуді сұрағанын мойындапты», - деп жазады республикалық басылым. «Бұл адам – экономикалық қылмыспен және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының орынбасары Ибраимов, ал оған Рахат Мұхтарұлының құдасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Берік Имашевтың өтінішімен Сарыбай Қалмырзаевтың өзі бұйрық берген-мыс», - дейді газет тілшісі. Әрі қарай тілші Рахат Әлиевтің әкесінің үйінен табылған қару-жараққа байланысты былай дейді: «Жалпы тінту екі рет болған: бірін – ҰҚК қызметкерлері, екіншісін – полицейлер жүргізген». «Қазір олар президенттің бұрынғы күйеу баласына қарсы сансыз қылмыстық істер қозғап, оларды жүргізу құқығына таласуда», - дейді «деловое обозрение Республика» газеті.

«Начнем с понедельника» газеті «Рахат Әлиевтің оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өлтірілуіне қатысы бар ма ?» деген сауал төңірегінде ой қозғайды. Бұған дейін жарық көрген газет материалдарына сілтеме жасай отырып, бұл қылмысқа «үш адам – ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы бөлімшесінің майоры Әбікенов, өлім жазасына кесуді ұйымдастырушы – Рахат Әлиев және оған жақын адамдардың бірі - ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев» қатысқан» - деп жазыпты «Начнем с понедельника» газеті. Газетте келтірілген тұжырымдарға қарағанда, «алдымен Әбікенов Журавлевті, содан кейін Байбосынды атқан. Ең соңында Алтынбек Сәрсенбайұлына оқ жұмсаған. Әр бір оқты атқан сайын Сәрсенбайұлының берілуін талап етіп, қысым жасағылары келген тәрізді. Ең соңында құрбандардың желкесінен Рахат Әлиев атқан», - деп жазады «Начнем с понедельника» газеті. Әрі қарай мақала авторы Сәрсенбайұлының ісі мен «Нұрбанк» банкирлерінің із-түзсіз жоғалып кетуінің арасынан байланыс іздейді. Бірақ Рахат Әлиев «қазір ресми түрде қылмыскер емес, қайта жапа шегуші. Рахат Әлиев ұрлаған банкирлерді шығаруға тырысқан Самалихов пен Қадырғожаевты сот айыпты деп таныса, не туралы айтуға болады?» - дейді «Начнем с понедельника» газеті. Мақала авторы «әлі күнге дейін Рахат Әлиевтің өз өміріндегі барлық соттардан жеңімпаз атанып шыққанын» айтады. «Бәлкім, біз күдік келтірмейтін адамдардың өлімі де соның мойнында шығар. Әзірге қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары оның Серсенбайұлының, Журавлевтің, Байбосынның, Новикованың өлімдеріне және банкирлердің жоғалуына қатысы бар дегенге меңзейді», - деп жазады «Начнем с понедельника» газеті.

Ал Рахат Әлиевтің жақын серіктерінің бірі, «Караван» газетінің бұрынғы басшысы Андрей Шухов «Взгляд» газетіне Рахат Әлиев төңірегінде болып жатқан жағдайды «жаппай қуғындау нәубеті» деп атайды. «Алдымен біреу халық жауы атанады, содан кейін – оның туыстары, достары, сөйтіп, әрі қарай кете береді. Бұл машинаны жіберу оңай болғанымен, оны тоқтату қиын», - дейді Андрей Шухов. Оның пікірінше, «осы қуғындауды жақтап, хатқа қол қойғандар ертең өздері құрбанға айналуы ықтимал». Осы газеттегі келесі «Әкімнің басына алматының қара бұлты үйрілді» деген мақалада Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің «Нұрбанк» ісіндегі бас кейіпкерлердің бірі Әбілмәжін Ғылымовтың туысы екендігі айтылған. «Алматы қаласы әкімі мен президенттің күйеу баласы арасындағы қақтығыс президент отбасының абыройына нұсқан келтірді. Ал президент жанжалдасқан екі жақты да жазалауға дағдыланған», - дейді «Взгляд» газеті. «Биылғы жылдың басында-ақ қала басшысын АҚШ-қа елші етіп жібереді деген. Бірақ оған Ғылымов пен Әлиев ісін бақылау үшін Алматыда қалу керек болғандақтан, ол ұсыныстан бас тартты», - деп есептейді газет шолушысы. Оның пікірінше, «президент Назарбаевтың бұйрығымен құрылған үкіметтік комиссия алматылықтардың арызын қарау үшін емес, әкімді орнынан алу үшін құрылған». Ал «Деловое обозрение Республика» газеті «Өнім» орнынан кетуі мүмкін бе?» деген мақалада «Иманғали Тасмағамбетов отставкаға кеткен жағдайда ол оппозиция қатарынан табылуы мүмкін бе?» деген сауал қояды. Онда оппозиция лидерлерінің бірі Болат Әбілов «бәрі болуы мүмкін. Бірақ барар жері, шығар тауы болмай, «өнім» болудан жалыққан соң ғана ол оппозицияға келеді» деп жауап береді. Ал саясаттанушы Николай Кузьмин оппозицияға Тасмағамбетов сияқты «басқаша салмақтағы» саясаткер келсе, ондағылар бірінші болу мәртебесінен айырылуы мүмкін. Сондықтан, оған оппозиция келіспейді де, Тасмағамбетов «жасырын оппозиция» қатарында қалады» деген болжам жасайды «Деловое обозрение Республика» газетінде саясаттанушы Н.Кузьмин.
XS
SM
MD
LG