Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.22.2007 жыл


"Нұрбанк" ісі Рахат Әлиевтің екі оққағарының Қазақстанға оралып, құқыққорғау орындарында сұраққа алына бастауына орай республикалық газеттер назарын қайта аудартады. Сенбі күні шыққан газеттердің бірінде Рахат Әлиевтің бұрынғы серіктерінің Рахат Әливтің екі банкирдің ұрлануын ұйымдастырып қана қоймай, оларды азаптауға қатысқанын растағаны айтылады. Сонымен бірге газетте қазақстандық банкирлердің ұрлануы ісін Австрия қылмыстық сотының да қарайтындығы туралы ақпарат жарияланған. Оған қоса сенбі күнгі басылымдарда "Ақ жол" партиясы құрамынан бұрынғы "Әділет" партиясы мүшелерінің бөлініп шығу мүмкіндігі туралы да талдау мақалалар жарық көрген.

«Әділет» партиясының орталық комитетінде өткен пленумда партия мүшлері бірауыздан кезінде өздері қосылған «Ақ жол» партиясы құрамынан шығатын болып шешті деп хабарлайды «Айқын» газеті. Алайда, мақала авторы бұл оқиғада жауаптан гөрі сұрақтың көп екенін алға тартады: «Үй ішінен үй тігілді ме, әлде «Ақ жолға» жүктелген сенім ақмалмағаны ма? Бөліне қалғанда «Әділет» қайтадан тіркеуден өте ме, өтпей ме – ол да өз алдына жеке мәселе» - дейді газет тілшісі. «Айқын» газетіндегі сарапшылар екі партияның қосылмай тұрып саясаттарының екі түрлі болғанын еске түсіреді. «Бұндайда мәселені саясиландырудың қажеті шамалы. Бар түйткіл жеке тұлғалардың келіспеушілігі, партияның ішкі ұйымдастыру жұмыстарындағы келеңсіздіктерден туындап отырса керек», - деген пікірін білдіреді саясаттанушы Андрей Чеботарев «Айқын» газетінде.

«Литер» газеті осы тақырыпқа «Осындай да партия бар ма?» деген мақалада тоқталады. Мақала авторы алдыңғы парламент сайлауы қорытындысы бойынша да партияда қарама-қайшы пікірлер айтылғанын баяндайды. «Ақ жол» партиясының орталық кеңесі парламент мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындысын мойындамайтындықтарын айтып, дауыстардың қайта саналуын талап еткен. Бірақ «Әділеттің» бұрынғы лидері Мақсұт Нәрікбаев «Ақ жолдың» жеңіліп, «Нұр Отанның» жеңісін мойындауға шақырған» - дейді «Литер» газеті. Газет тілшісі сонымен бірге «Ақ жол» партиясы төраға орынбасары Людмила Жуланованың партиядан негізінен жоғарғы оқу орындарында басшылық қызмет істеген азаматтары шығып жатқанын айтқан. «Олардың тыныш жұмыс істеуіне мүмкіндік бермегендіктен, олардың басқа амалы қалмаған», - депті Людмила Жуланова «Литер» газетінде.

«Время» газеті «Ажырасу әлде» әлде қыз кезіндегі атын қалдыру» деген мақалада «Людмила Жуланова партияның бөліну мүмкіндігі жоғары деген ақпаратты растағандай болды» дейді. Ол партия құрамынан бұрын «Әділеттің» мүшесі болған 12 адамның шыққандығын айтқан. «Время» газеті «Вена қалпағының астында» деген мақалада ұрланған қазақстан банкирлерінің ісін Австрияның қылмыстық соты да қарайтындығын хабарлайды. Бұл туралы газет тілшісіне мәлімдеген адвокат Вольфганг Морингердің айтуныша, Австрияда тергеу ісі австриялықтардың Рахат Әлиевті елге қайтармау туралы шешімінен кейін бірер күннен соң басталған. «Қазір Қазақстан Австриядан растайтын дәйектер күтіп отыр. Құқықтық көмек сұрау хаты жолданған», - дейді адвокат Морингер. Сонымен бірге ол жақын күндері Рахат Әлиевтің екі оққағарының өз еріктерімен қазақстан құқыққорғаушыларға берілгендігі туралы ақпаратты австриялық бұқаралық ақпарат құралдарына тартатынын айтқан. Себебі, оның айтуынша, әзірге мұндай ақпарат австрия басылымдарында шықпаған. «Рахат Әлиевтің өзі екі оққағары Кошлай мен Бектібаевтың қайда кеткенінен бейхабар болған», - дейді адвокат.

Екі оққағардың Қазақстанға оралғандығын «Жас қазақ» апталығы да «Адасқандар» деген мақалада жазады. «Қисынға салсақ, қытымыр қаңтар айының аяғында «Нұрбанкте» не болғанын жоғарыдағы қос күзетші білуі тиіс. Банк төрағасының бұрынғы орынбасары Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновке қатысты нақты ақпаратты да. Олардың Әбілмәжін Ғылымов айтқан, Әлиевтің жеке моншасында болған ақпаратты растауға немесе жоққа шығаруға мүмкіндіктері жетеді», - деп топшылайды «Жас қазақ» газетінің тілшісі. «Бейресми ақпарат көздері бұл екеуінің Анастасия Новиковаға қатысты тергеуге алынып жатқанын да растайды», - дейді «Жас қазақ» газеті.

Ал «Время» газеті «Оралғандар сөйлей бастады» деген мақалада құқықорғау орындарындағы жасырын ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, Рахат Әлиевтің бұрынғы күзетшілерінің «Нұр банк» банкирлерінің қалай ұрланып, азапталғанын айтып бергенін хабарлайды. «Оған қоса саяжайда көк халатты дәрігерлердің келіп, ең бастысы – Кошлай мен Бектібаев Рахат Әлиевтің адам ұрлауды басқарып қана қоймай, оған белсенді түрде ат салысқанын жазып берді. Оның ішінде ұрланғандарды сұраққа алған кезде олардың ар-намысына тию, өте күшті дәрі-дәрмектер арқылы азаптау, дене және психикалық жағынан қысым жасап, күш көрсету бар», - дейді «Время» газетінің тілшісі. «Қазір тергеушілердің қолында іздеуде жүрген, ұсталған, күдік келтірілген, жалпы саны 30 шақты адамның қайсысынақты қандай жасағандығы туралы ақпараттар бар», - деп хабаралайды «Время» газеті. Сондай-ақ газетте Алматы прокуратурасының жоғалып кеткен банкир Жолдас Темірәлиевтен барлық айыптарды алып тастап, қылмыстық істі тоқтатқаны жазылған.
XS
SM
MD
LG