Accessibility links

Ауғанстанда жанкештілік бомба шабуылын жасауды кімге және қалай үйретеді?


Ауғанстанның Пәкістанмен шекаралас аймақтарында соңғы жарты жылда жанкештілік шабуылдар үдейе түсті. Елдің бұл тарабында тайпалар билігі күшті екені аян. Жанкешті шабуылшыларды кім және қалай үйретеді? Мұндай жолға адам баласын не итереді?

"Азат Ауғанстан" радиосына сұхбат берген азамат өзін Ахұнзада деп таныстырды, оның шын аты басқа. Ахұнзаданың жасы 46-да, жанкешті шабуыл жасауға әдетте жас жігіттер шақырылады, сондықтан орта жасқа келіп қалғаны Ахұнзаданы құтқарған екен. Ахұнзада – он баланың әкесі, Пәкістанға босып барып, бірнеше жыл ислам дінін оқыған. "Талибан" әскерінің екі адамы оны Бәлүжістан провинциясында медреседе шәкірт тәрбилеп жүрген жерінде тапқан. Талибаншылар медреседегі жас шәкірттермен сөйлесіп, оларды үгіттеп алып кететін. Бір күні талибаншылар отыздан аса жас жігітті көндіріп, оларды дайындық мектебіне алып жатқанда, Ахұнзада оларға ілесіп кеткен. Шабуылшылар мектебінде жас жігіттердің сана-сезімін өзгертуге күш салады екен, дін жағынан хабары жеткілікті болғандықтан Ахұнзада оқытушылардың пиғылы теріс екенін түсіне қойған, бұл жерден аман шығуын ойластыра бастаған.

Шабуылшылар мектебінде дайындық қысқа мерзімде жасалады. Оқытушылар жас жігіттердің санасын бұрмалайды, дейді Ахұнзада. Оқутышылар Құран аяттарын бұрмалап, бейкүнә адамдарды өлтіруде оғаттық жоқ, бейбіт адамдардың арасында мұсылмандар өліп кетсе де дін талабы мұны сөкпейді деп үйретеді.

Ахұнзада талибыншылардың теріс пиғылдарын түсініп, шабуылшылар мектебінде оқып жүргенінде қарсылық танытпай, үйіне аман есін шығып кеткенді жөн көрген. Дайындық аяқталған соң әр шәкіртке жарылғыш заттар беріліп, олар Ауғанстанға жанкештілік шабуылдар жасауға аттандырылған:

- Ол жерге 36 адам апарылған болатынбыз. Барлығымыз дайындықтан өттік. Дайындықтан өткен соң үйімізге бір аптаға, он күнге барып, туған-туыстарымызбен қоштасуға рұқсат етілді, Құран оқып, жанкештілік шабуылға іштей дайындалуымызға мүмкіндік берілді. Жанкешті шабуылшылар әдетте осылай істейді. Бірақ мен кері қайтпай қойдым. Олар мені ұстап алғысы келіп, ізіме өте жақын түскен болатын. Бірақ мен бекеніп, тығылып қалдым.

Ахұнзада тығылып жүрген кезеңде Ауғанстанның Хельманд провинциясында төрт жанкештілік шабуыл жасалды. Ахұнзада бұл бомбаларды менімен бірге оқығандар жарды дейді. Ахұнзада өзімен бірге оқыған екі жас жігітті шабуыл жасамауға көндірдім дейді. Олар да қазір тығылып жүр, талибаншылар ұстап алса аман қалтырмайды, себебі олар жанкешті шабуылшыларды дайындау жолын біледі дейді.

Жанкешті шабуылды жасауға көнгендерге, дайындықтан өткендерге ақша беріледі деп те айтылады. Ауғанстан қауіпсіздік мекемесіне соңғы кезде Ахұнзада сияқты бірнеше азаматтың жағдайы белгілі. "Азаттық" радиосының ауған редакциясына бомбалық шабуылды жасауға үйреніп, ниетінен қайтқан тағы бір азамат хабарласты. Мұхамед Феруз деген азамат 2006 жылдың соңында Қандағарда дәрістемеден өттім, шабуыл жаса деп бұйрық берген адамнан он мың америкалық долларға пара-пар ақша алғанмын, енді тығылып жүрмін дейді:

- Дәл қазір Қандағардамын. Бұл жерден кеткім келеді. "Азат Ауғанстан" радиосын тыңдап отырып едім, бір хабар естідім. Маған жақсы әсер еткендеріңізге рахмет, хабарларыңыз өмірімді сақтап қалды. Қандағарда жанкешті бомбылаушы болуың керек деп міндет қойған адам маған ақша берді. Бірақ мен қашып кеттім, қазір тығылып жүрмін.

Мұхамед Феруз "Азат Ауғанстан" радиосын тыңдап, жанкешті бомба шабуылын атқару бұйрығына көнбей қойған. Бірақ оның дәл қазір қайда екені белгісіз. Ол радиомызға телефон арқылы өзі хабарласқан болатын.
XS
SM
MD
LG