Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.09.2007 жыл


«Нұрбанктің жоғалған» банкирлері бойынша тергеу ісінің аяқталғанына орай сейсенбі күні жарық көрген республикалық газеттер бірнеше мақала жариялайды. Онда тергеу ісінің барысы мен күдіктілер жайы кеңінен сөз болады. Сонымен бірге Қазақстандағы нан бағасына қатысты жағдай реттелмей отырғандығы республикалық газеттердің назарын аудартады.

«Литер» газеті «Сот пен іс» деген мақалада «Нұрбанктің» ұрланған банкирлерінің ісі бойынша тергеу жұмысының аяқталғанына тоқталады. Газет тілшісінің хабрлауынша, егер Қазақстан Президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев және оның серіктері Венадан елге қайтарылмаған күннің өзінде оларға айып тағылып, сырттай сот өтпек. «Оларға қатысты тергеу барысында адам ұрлау, боспалау, жалған құжат жасау, бөтен біреудің дүние-мүлкін иемдену, қару-жарақ, оқ-дәріні заңсыз алып, сақтау фактілері анықталған», - деп жазады «Литер» газеті. «Бірақ, - деп жазады газет тілшісі, - ұрланған адамдардың тағдыры белгісіз». «Оған қоса тележүргізуші Анастасия Новикованың өліміне қатысты жаңа деректер анықталды. Бірақ ІІМ оларды ашып айтпай отыр», - дейді «Литер» газеті.

ІІМ баспсаөз-хатшысы «Бағдат Қожахметов жұмбақтап отырғаны Рахат Әлиевтің немере ағасы Өмірзақ Әмет емес пе екен?» - деп жазады «Жас алаш» газеті «Әлнұрдан Өмірзақ Әметке дейін» деген мақалада. «Оған «Новикованың мәйітін әуежайдан тосып алып, жергілікті тұрғындарыдң көмегімен құпия түрде жерлеген» деген айып тағылғаны туралы бірқатар басылымдарда жарияланып та үлгерді. Өмірзақ Әметтің өзі болса: «Жер қазған, мәйітті көмген, оның ақшасын да алған адам белгілі. Маған оның еш қатысы жоқ», - деп басын ала қашып отырған көрінеді», - деп жазады «Жас алаш» газетінің тілшісі. «Өмірзақ Әмет Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар аудандарда, сонымен бірге Шымкен қаласында да әкімдік қызмет атқарған, - деп сөзін сабақтайды мақала авторы, - Астынан тақ кетпейтіндей әр кімге бір әкіреңдеп жүрген Өмірзақ Әметті Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып барған Өмірзақ Шөкеев қызметінен алып, тәубасына түсірген еді. «Ақпын, пәкпін» деген Әмет енді қалай ақталар екен?» - деп мақаласын аяқтайды «Жас алаш» газетінің тілшісі.

«Время» газетінде Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиев Өмірзақ Әметтің өзінің туған ағасының ұлы екендігін айта келіп, «Өмірзақ Анастасия Новикованың жерленуіне еш қатысы жоқ. Ол сол уақытта Түркияда болды. Оған оның билеттері арқылы оңай көз жеткізуге болады. Оның алибиі бекем», - дейді «Время» газетіне. Сонымен бірге ол Новикованың қызы Луизаның қалайша өзінің әйелінің туған әпкесінің қолына тап болғанынан хабарсыз екендігін айтады. Мұхтар Әлиев қалай болғанда да шындық жеңіп шығуы үшін күшін салатындығын тілге тиек ете отырып, ұлының кінәсі толық дәлелденгеннен кейін ғана елге қайтарылуы тиіс деп есептейді. Оның пікірінше, жоғалып кеткен банкирлер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов шетелде тығылып жүруі де мүмкін. «Менің ұлымның олардың жоғалуына, ұрлануына тіпті де қатысы жоқ», - дейді Мұхтар Әлиев «Время» газетінде. Ал осы газеттегі «Әзірге бір болжам» деген мақалада Рахат Әлиевтің оппозиция лидері Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне қатыстылығы болжам ретінде алынып отырғаны баяндалады. «Тергеу орындары бұл ақпаратты назарға алған» деп жазады «Время» газеті.

«Мегаполис» газеті нан бағасының қымбататуына орай «Бөлкенің көтерілісі» көлемді мақала жариялайды. Ондағы деректерге қарағанда, соңғы екі айда елде нан бағасы 30 пайызға артқан. Осыған байланысты үкімет тапсырмасымен тұрақтандырғыш қорлар құрылуы тиіс болатын. Бірақ бір айдың жүзі болды мұндай қорлар тек кейбір аймақтарда ғана жұмыс істей бастады»,- дейді «Мегаполис» газеті. Соның өзінде 293 тонна бидай қорының орнына тек 23 мың тонна бидай жинақталған. Мақала авторының айтуынша, мемлекет бидайды 250 доллардан сатып алып, ұн комбинаттарына 150 доллар немесе басқа бағада бере алады. Бірақ «баға 230-240 доллар болған күннің өзінде кәсіпорындарға шығынмен жұмыс істеулеріне тура келмек» екендігін жазады газет тілшісі сарапшылардың түсіндірмесіне сүйене отырып.

«Айқын» газеті «Нан бағасын өсіруден кім байып отыр?» деген сауал тастайды. Онда Қазақстанда нан бағасының негізсіз өсіріліп отырылғанына тоқталады. «Былтырғы егіннің астығын «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» тоннасына 150 мың теңге беріп сатып алған. Биыл бұл бағаны 215 мың теңгеге өсіреміз деп отыр. Аграрлардың еңбегі дұрыс бағалансын дегендіктен ренжімейміз. Ал әзірге былтырғы 150 мың теңгеге сатып алған астықтан пісірілген нан бағасын өсіру арқылы «кім байып отыр» деген сұраққа жауап іздеу керек секілді. Жыл аяғына дейін 3 ай бар. Бұл мерзім ішінде қазақстандықтар үшін шамамен бір жарым миллион тоннадай астық қажет болады екен. Әр тоннадағы 65 мың теңге айырмашылық аграрларға қайтарып берілмесі белгілі. Демек, 65 мың теңгені бір жарым миллион тонна астыққа көбейтіп, осыншама қыруар қаржы кімнің жұтқыншағын жылытып отырғанын лауазымды мекемелер қызметкерлері іздестіреді ғой деген сенеміз», - дейді «Айқын» газетінің тілшісі. Оның айтуынша, «қазан айынан бастап көтерілген нан бағасында биылғы астықтың бағасының ешқандай қатысы жоқ».
XS
SM
MD
LG