Accessibility links

Түркіменстандағы рахымшылық шарасына түрмедегі танымал адамдар ілікпеді


Осы аптада Түркіменстанда 9 мыңдай сотталған адамға рахымшылық жасалды. Осыған дейін жаңа президент Гурбангулы Бердімұхамедов түрмедегі үкіметтің жоғары деңгейдегі біраз оппоненттері мен бұрынғы үкімет мүшелерін босатады деген үміт болған еді. Бірақ, ол үміт ақталмады.

Дүйсенбі күні Түркіменстандағы сотталғандарға жаппай рахымшылық жасалды. Бірақ, темір тордың аржағында жатқан белгілі деген саяси тұтқындар босатыла ма деген үміт орындалмай қалды.

Түркіменстанның мемлекеттік теледидары абақтыдан жаңадан босатылғандар өздерінің қылмыстық іске енді бармаймыз деп ант беріп жатқандарын көрсетті.

“Мен қасиетті құранмен, қасиетті нанмен және Рухнамамен енді ешқашан қылмыс жасамауға ант етемін”, деген ол, Рухнама деп бұрынғы президент Сапармұрад Ниязовтың жазған кітабын да ант беруге қосып отырса, келесі бір сотталған:

“Мен Тағанмын, Дашоғуз провинциясынан. Мен келешекте осындай істерді ешқашан қайталамаймын деп сөз беремін. Біздің президентіміз, біздің енді бұдан былай қылмыс жасамауымыз керектігін айтты және бізге жұмыс беріледі деді. Біз оған өте алғыс айтамыз”.

Бұл рахымшылық шарасымен босатылып шыққандар арасында ең белгілі адам Ақалтеке аттарымен танымал Түркімен аттар үкіметтік қауымдастығының бұрынғы басшысы Гельды Киаризов болып отыр.

Ол құқық қорғаушы топтардың Түркімен үкіметіне рахымшылық жасалсын деп ұсынған бір адамдарының бірі болатын. Киаризов 2002 жылдың қаңтар айында қамауға алынған. Амнести Интернэшнл ұйымының деректеріне қарағанда, ол түрмеде көп ауырған. Өз қызметіне немқұрайлы қарады әрі қызметін пайдаланды деген айыппен сотталған оның мерзімі 2008 жылдың сәуірінде аяқталуы тиіс еді.

Тағы бір қамаудан босатылған адам Ниязов кезінде президент сақшыларының бұрынғы басшысының баласы Нұрмұрад Режепов болып отыр. Әкесі түрмеде қалып, баласы Режеповтың босатылуына не себеп болғаны белгісіз.

Ал, босатылмағандар қатарында, Түркіменстаннан қашып кетіп, кейін бір жылдан кейін келгенінде ұсталып, өмірлік түрмеге жабылған бұрынғы сыртқы істер министрі Борис Шихмурадов қалып отыр. Десе де Шихмурадовтың немере інісі мен оның әйелі бұл рахымшылық шарасымен түрмеден шығарылды.

Сотталғандарға рахымшылық жасау президент Ниязов кезінде қалыптасқан жылдық оқиға, кей кездері ол жылына бірнеше рет болып отырған. Мәселен, 1999 жылы рахымшылық шарасы кемінде 4 рет жасалған.

Түркіменстанның ақпарат мекемесінің мәліметтеріне қарағанда, осы жолғы түрмедегілерге кешірім жасау шарасына 8853 адам іліккен. Оның 5 мыңдайы осы жылы сотталса, 2500 адам өткен жылы түрмеге жабылған.

Бұл шара бойынша адам өлтірген, зорлық жасаған немесе терроризмге қатысты сотталғандар ешқашан шығарылмайды. Сондай-ақ, коррупция жасағаны үшін немесе қаржы жымқырды деп сотталған үкімет ресмилері де бұл рахымшылыққа енбеген.

Осы жолы босатылғандардың ішінде елдің солтүстігіндегі Дашогуз қаласындағы тек әйелдер отыратын түрмеде қамауда болған 1370 әйел шығарылды. Әлбетте, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі аз, абақтыдан жаңа босаған сотталғандардың көбісінің денсаулығы өте нашар күйде.

«Азаттықтың» Түркімен қызметіне берген сұхбатында Балқан елді мекенінің тұрғыны түрмеден босатылғандардың қазіргі жағдайы жайында былай деген:

“Оларда ешкімнің шаруасы жоқ, оларға ешқандай жұмыс ұсынылмады. Өйткені, түрмеден босаған адамдардың саны өте көп”.

Елдегі көптеген заңмен жүретін адамдар бұл рахымшылық шарасын оң қабылдамады. Осындай амнистиялар әдетте қылмыс саласындағылардың қатарын өсіріп, ішімдік пен есірткіге тәуелділер ұрлыққа көп баратынын айтады. Түрмеде оларға кейін еркіндікке шыққан соң жұмыс таба алатындай білім берілмегендіктен, олар әдетте қылмысқа қайта барып, түрмеге түсіп жатады.
XS
SM
MD
LG