Accessibility links

Түркменстан президенті рушылдық мәдениетінен бас тартпайтын сияқты


Жалпы Орталық Азиядағы өмірді сипаттайтын болсақ: біраз адамға артықшылық беріледі де, ал халықтың басым бөлігі кедейшілікте тұрады. Түркменстанда да жағдай осындай болып тұр. Жаңа президент Гұрбангұлы Бердымұхаммедов әулеттік пен ағайын-туыстық және рушылдық артықшылығына мән берілетін мәдениеттен бас тартпайтын көрінеді.

Бұрынғы президент Сапармұрат Ниязов кезінде Түркменстан Орталық Азиядағы ең ауторитарлық мемлекет деп есептелетін. Енді жаңа президент те Ниязов сияқты өктемшіл болады ма жоқ бұл әзірше белгісіз. Бердымұхаммедов кей салаларды жақсарту үшін шектеулі қадам жасады. Кейбіреулер бұл өзгерістер елді біртіндеп демократияландыруға көмектеседі десе, ал басқалар бұл тек қана көз бояушылық дейді.

Гурбангұлы Бердымұхаммедов Ниязов билігіндегі бірнеше шенеунікті қызметінен босатты. Қазанның 8-і күні елдің ұлттық қауіпсіздік министрі мен ішкі істер министрі қызметтерінен айырылды. Интернеттегі оппозициялық вебсайттың хабарлауынша, олардың екеуіне де қылмыстық іс қозғалған.

Бердымұхаммедов өз шешімі жөнінде былай деп мәлімдеді:

“Соңғы кезде Ішкі істер министрлігінің жұмысы нашарлап кетті. Бұдан бұрын айтып өткенімдей, полиция арасындағы парақорлық тағы да көбейе бастады. Ішкі істер министрлігінің бөлімдері мен қызметкерлері билікті асыра пайдалана бастады”.

Сонымен қатар, президент күзетшілерінің беделді басшысы әрі Ниязовтың сенімді кеңесшісі болған генерал Акмұрад Режепов та қызметінен босатылып, қамауға алынды. Оның сыбайласы Мұрад Агаев та ұзақ мерзімге түрмеге жабылды.

Егер де Бердымұхаммедовтың мақсаты елдің саяси жүйесін реформалау болғанда ол қандай маңызды өзгеріс жасар еді?

Лондондағы Соғыс және бейбітшілік институтының бас редакторы Джон МакЛауддың пікірінше, мұндай жүйеде нағыз өзгеріс жасау қиын.

“Түркменстанда осындай негізгі құрылым жалғаса бергендіктен реформалар мен дамуды көру қиын себебі табиғатына қарағанда мұндай жүйе реформа мен өзгеріс жасамайды”, - дейді МакЛауд.

Оның айтуынша, Бердымұхаммедов реформа жасауға тырысып көретін шығар, бірақ әкімшілік жүйесін өзгертпейтін сияқты. Орталық Азияда әулеттік жүйе тамыр жайған.

Президент Ниязов кезінде теке руына артықшылық берілетін, қазір де осы рудың өкілдеріне көптеген жоғары лауазымды қызметтер берілген. Жаңа президент те бұл тұрғыда Ниязовтың іс-әрекеттерін жалғастырып жатқан көрінеді. “Время новостей” газетінің Орталық Азия бойынша тілшісі Аркадий Дубнов:

“Мұның бәрі биліктегі бір матрицаға ұқсайды. Санкт-Петербор тайпасы Ресей матрицасы болып табылады. Ол жерде туыстық қарым-қатынастар жоқ, бірақ онда КГБ-дан шыққан немесе президент Путинмен жұмыс істеген Петербордағы азамматтарға сенеді. Ал Түркменстанда жақын-алыс туыстар мен жерлестерден құрылатын тайпа болады”, - дейді.

Жалпы Орталық Азияда президенттердің отбасылары мен туыстары ерекше бір басымдылыққа ие екені белгілі.
XS
SM
MD
LG