Accessibility links

Совет Одағы ыдыраған соң құрылған ТМД, ҰҚКҰ, ГУАМ және тағы басқа ұйымдар қандай мақсатты көздейді?


Демократия мен Экономикалық Даму үшін ГУАМ ұйымының жас басшылары бүгін Әзірбайжан астанасы Бакуде кездесті. ГУАМ ұйымына Грузия, Украина, Әзірбайжан және Молдова елдері мүше. Ол Совет Одағы ыдыраған соң құрылған әртүрлі одақтардың бірі болып табылады. Аймақтағы бақылауға бәсекелесіп жатқан осы ұйымдардың ерекшеліктері қандай?

ГУАМ басқосуы Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ТМД саммитінен кейін болып отыр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрамында бұрынғы Совет Одағының 12 республикасы бар.

ТМД басқосуымен қатар аймақтағы Еуразия Экономикалық Қауымдастығы мен Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымы және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер жеке келіссөздер өткізді. Оның нәтижесінде, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы өзара күш біріктіру жөніндегі маңызды келісімге қол қойды. Аталған ұйымдардың бәрі Совет Одағы құлаған соң құрылған болатын.

Олардың кейбірі қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелеріне алаңдаса, ал басқалары экономикалық дамуға назар аударады.

Осы ұйымдарды жақыннан бақылайтындар ғана олар туралы егжей-тегжейлі мәліметке ие. Олар бұл ұйымдардың мақсаттары мен оларға қайсы ел мүше болып табылатыны туралы бастан-аяқ баяндап бере алады. Бірақ Грузиядағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер қорының басшысы Александре Рондели аталған ұйымдар туралы қарапайым түрде түсіндіріп берді. Оның айтуынша, осы барлық ұйымдарды екі лагерьге бөлсе болады.

“Кей елдер өздерін қорғауға тырысып, Ресейден төніп тұрған қауіп пен тіпті Ресейдің экономикалық қысымына қарсы күресу үшін одақтар құрып жатыр. Ал басқа топтар империализмнен кейін Ресей үстемдігі астындағы кеңістікті қайта қалпына келтіру мақсатында Ресей немесе Ресейдің жақын одақтастары тарапынан құрылған”, - дейді Рондели.

Оның үлгісі бойынша, Грузия, Украина, Әзірбайжан және Молдова елдері мүше ГУАМ ұйымын бірінші топқа жатқызуға болады. Бұл топтың басшылары ГУАМ ұйымы ешбір мемлекетке қарсы бағытталмаған десе де, оның батысқа бет бұрып тұрған мүшелері болғандықтан, бұл ұйымды кейбіреулер Мәскеуге қарсы бағытталған одақ деп атайды.

Соңғы кездері, ГУАМ ұйымы Украинаның Броды қаласынан мұнай құбырын Польшаның Гданьск қаласына созу мәселесін талқылап жатыр. Ал бұл өз кезегінде Әзірбайжанға Ресейді айналып өтіп тікелей Батыс Еуропаға мұнай тасымалдауына мүмкіндік береді.

Әзірбайжан, Украина, Грузия, Польша және Литва басшылары бұл жобаны бүгін Литваның Клайпеда қаласында өтетін энергетикалық басқосуда талқылайды деп күтілуде.

ГУАМ-ның күн тәртібінде, сондай-ақ, Молдовадағы Днестр маңы аймағында және Грузиядағы Оңтүстік Осетия мен Абхазияда орналасқан Ресей бітімгершілік күштерінің орнына халықаралық бітімгершілік күштерін құру жоспары бар.

Ресей ресмилері ГУАМ ұйымын Ресейге қарсы бағытталған деп айыптаған болатын. Олардың айтуынша, аймақтағы Ресей ықпалын құрту үшін оны АҚШ пен тағы басқа батыс елдері құрал ретінде пайдаланады.

Мәскеудегі ТМД институтының басшысы әрі Мемлекеттік Дума депутаты Константин Затулин осыған байланысты мынадай пікірін білдірді:

“Бұл ұйымның геосаяси контексті анық Ресейге қарсы бағытталған. Бұл тұрғыда, басқалар сияқты Ресеймен жұмыс істемейтін немесе бірқатар себептермен Ресеймен жұмыс істей алмайтын кейбір елдердің қанағаттанбаған амбициялары немесе ішкі проблемаларын айтуға болады. Бұл ұйым Батысқа Ресейдің ықпалы мен жандануының орнын толтыру үшін және оны бір шеңберде ұстау үшін керек”, - деді Затулин.

Ал Тбилисидегі Александре Рондели:

“Ресей әрдайым ГУАМ ұйымына қауіп ретінде қарайды. Ресейсіз құрылған немесе Ресейдің үстемдігі болмаған кез келген одақ пен ұйым дұшпан немесе жау ретінде қаралады. Мысалы Өзбекстан мен Молдова сияқты елдерге ықпалы арқылы Ресей оны құртуға тырысады”, - деді.

Батысты қолдайтын Украина мен Грузия президенттері Мәскеушіл режимдерді құлатқан жаппай наразылық шараларынан кейін билікке келген болатын. Виктор Ющенко мен Михаил Саакашвили екеуінің де Кремьлмен арада теке-тіресі болған.

Молдова да батысқа қарай бер бұрып жатыр, ал Әзірбайжан болса Мәскеумен дауласқысы келмейді.

Аталған 4 елдің басшылары ГУАМ мен НАТО және Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Ющенконың президент болып сайланғаны Мәскеудің Ресей, Беларусь, Украина және Қазақстан елдері арасында ортақ экономикалық кеңістік құру жөніндегі үмітіне әсер етті.

Оның орнына Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада Душанбеде өткен ТМД саммитінде Еуразия Экономикалық Қауымдастығы шеңберінде Ресей, Беларусь, Қазақстан елдері 2011 жылы кеден одағын ашады деп мәлімдеді. Кейнірек бұл одақ кеңейетін шығар, деді Путин.

ГУАМ ұйымының 3 мүшесі, яғни Украина, Грузия және Молдова, ТМД-дан кетеміз деп ескерту жасады. Көптеген ТМД елдері Мәскеудің аймақтағы көшбасшылық рөлінің тым артып бара жатқанын қаламайтындықтарын айтты.

Кей бақылаушылар Ресей енді шығыстағы одақтастарын біріктірмекші дейді:

“Ресей батысқа қарай бет бұрған Украина немесе Грузия сияқты елдермен жаңадан қайта бірігу мәселесінде ешқандай болашақ жоқ екенін түсінді. Сондықтан Мәскеу енді шығысқа қарай, Орталық Азия елдеріне қарай жылжуда. Ал бұл елдер Ресеймен қандай да бір одақ құруға асығады”.
XS
SM
MD
LG