Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.12.2007 жыл


Парламент сайлауы алдында қосылған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен "Нағыз Ақ жолдың" қайта бөлінуі жұма күні жарыққа шыққан республикалық басылымдардың назарын аудартады. Онда сарапшылардың бір бөлігі мұндай қадам республикада оппозицияны жақтайтындар санын азайтуы мүмкін десе, партия лидерлерінің өздері басқаша пікір білдіреді.

«Біз ғайыптан кездесіп, ғайыптан хош айтыстық» деген мақалада «Республика деловое обозрение» газетінің тілшісі оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен «Нағыз Ақ жол» партиясының қайта бөлінуі тақырыбына тоқталады. Саясаттанушы Досым Сәтпаев газетке берген түсіндірмесінде бұл шешімнің оппозицияда жүрген біраз адамның түсінбеушілігін тудыратынын айтады. «Өйткені, кезінде олар өздерінің электоратын оппозицияның жалпы бірігуі қажет екендігіне сендіріп еді ғой», - дейді сарапшы «Республика деловое обозрение» газетінде. Оған қоса сарапшы партияның бөліну себебін ешкім жарытып түсіндірмегінін тілге тиек етеді. Оның пікірінше, оппозициялық партиялардың саяси алаңда жеке-жеке шығуы билікке әлдеқайда қауіпсіз болмақ. Саясаттанушы Досым Сәтпаев газетте сонымен бірге оппозицияның іс-әрекеттерінде стратегиялық мақсаттың жоқтығын, тіпті олардың өз сайлаушыларын білмейтіндігін сынға алады. Ал саясаттанушы Эдуард Полетаев «Республика деловое обозрение» газетінде қазақстандық оппозицияның күрес әдіс-тәсілдерінде солқылдақтық басым екендігін айтады. «Қандай да бір мәлімдеме жазып, оны интернетке орналастыру салу – бір басқа, ал халықты ертіп, алаңға алып шығару – мүлдем басқа», - дейді сарапшы. Оның айтуынша, «қазақстандық оппозиция қазір қолданатын тәсілдер Қазақстанда жұмыс істемей жатыр». «Сондықтан, оппозиция қанша қосылып, қанша ажырасса да, егер олардың лидерлері жаңа әдіс-тәсілдер іздегілері келмесе, адамдар оларға мән беруден қалатындығына таңдануға болмайды», - дейді сарапшы Эдуард Полетаев. «Қазір биліктің қандай да бір шешіміне байланысты алдыңғы қатарлы оппозициялық саясаткерлердің қалайша әрекет жасайтынын алдын-ала оңай болжауға болады. Осының салдарынан қазіргі оппозцияның мәлімдемелерінен кейін жағдай өзгереді дегенге сенетіндер кем де кем», - деп жазылған «Республика деловое обозрение» газетінде.

Ал бұл уақытта оппозиция лидерлері «Тасжарған» басылымында «Нағыз Ақ жол» партиясының Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан қайта бөлініп шығу турасында өз пікірлерін білдіреді. Жалпыұлттық-социал демократиялық партия төрағасы Жармахан Тұяқбай сайлауға билік блокпен түсуге мұрсат бермегендіктен, «сол сәтте әлі толық пісіп-жетілмесек те бір партия құруға мәжбүр болдық», - десе, «Нағыз Ақ жол» партиясының лидерлерінің бірі Болат Әбілов бөлінуге шешімді қазіргі жағдайды сараптай отырып қабылдағандарын айтады. Ал «Нағыз Ақ жолдың» теңтөрағасы Төлеген Жүкеев болса, «біздің әріптестеріміз солшыл-орталықшыл жобаны жүзеге асырса, біз оңшыл-орталықшыл бағытты ұстанамыз», - дейді.

«Аргументы и факты Казахстан» басылымында Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеу институтының маманы Талғат Мамыраимов Қазақстан оппозициясының болашағы туралы ой толғайды. Оның пікірінше, «парламенттің төменгі палатасының бір партиядан тұруы Қазақстанның демократиялық дамуының тежегіш күшіне айналуы мүмкін». Оған қоса, сарапшының айтуынша, сайлауда «Нұр Отаннан» басқа партияларға дауыс бергендер 12 пайызды құрайды. «Демократия талаптарына сәйкес мәжіліс жұмысында олардың да көзқарастары ескерілуі керек», - дейді саясаттанушы «Аргументы и факты Казахстан» басылымында. Сол үшін оның пікірінше, мәжіліс жанынан қоғамдық сарапшылар палатасын құрып, оны Қазақстанның саяси партиялардың пікірталас алаңына айналдыру қажет. «Оппозициямен бірлесе жұмыс істеу үшін билік олардың талаптарын ескеруі керек. Оның ішінде ағымдағы оқиғалар бойынша саяси шаралар қабылдауда да бұл жәйт ұмытылмауы тиіс», - дейді сарапшы «Аргументы и факты Казахстан» басылымында. Оның сөзіне қарағанда, талаптардың бірі ретінде сайлау кезіндегі партиялардың парламентке өтетін дауыс жинау пайызы кемітілуі керек.

Ал саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов «Начнем с понедельника» газетінде оппозициялық партиялар сайлауға дайындалуы тиіс деп есептейді. «Біздің еліміздің шынайы тарихына үңілсек, сайлау Конституцияда көрсетілген уақыттан ерте басталуы мүмкін», - дейді сарапшы. Оған қоса, оның пікірінше, мәжілісте тікелей болу маңызды емес. «Бірақ парламентте қойылатын мәселелерге халықтың қолдауына сүйене отырып, ықпал ету маңызды», - дейді саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов «Начнем с понедельника» газетінде.
XS
SM
MD
LG