Accessibility links

Түркіменстан Батыс компанияларына қолайлы жағдай жасауға асығатын емес


Түркіменстанның жаңа президенті Гурбанқұлы Бердімұхамедов шетел инвестицияларына жол ашу мақсатында кейбір заңдарды толықтыруды бұйырды, бірқатар өзгеріс жобасына қол қойылды. Қазан айының басында жасалған бұл қадам әлемдегі ең тұйық елдердің бірі Түркіменстанда экономикалық реформаларды ынталандыруы мүмкін. Алайда сарапшылар өзгертулердің мәні аз, шетел инвестицияларына нақты жол ашылмай отыр дейді. Дегенмен, Түркіменстанның шетел инвестицияларына қолайлы жағдай жасағысы келгенінің өзі бір қадам алға басу деп қабылданды.

1 қазанда күшіне кірген өзгертулер экономиканың негізгі салаларына үлкен жаңалық әкеліп отырған жоқ. Заң өзгерісі нысанаға "арнайы туризм аймағын" алып отыр, оның мәртебесі, салық төлеу және кеден баждарын төлеу тәртібі белгіленді. Дегенмен, Ресей және Батыс баспасөз құралдары Түркіменстан үкіметі шетел инвестицияларын тартуға ынта көрсетті деп қабылдады. Жаңа ережелер бойынша шетелдік компанияларға туризм саласында және арнайы экономикалық аймақтарда жерді ұзақ мерзімге жалдау мүмкіншілігі берілді. Бір ерекшелігі – минералды қазба байлықтары орналасқан жерде шетелдіктерге жер жалдауға шектеу қойылды, бұл мәселеде табиғат қорғау мүддесі айтылды.

Лондонда орналасқан "Экономик интелледжинс юнит" зерттеу институтының сарапшысы Энн Уолкер жаңа ережелер тартымды көрінгенімен, елдегі бизнес климаты шетелдіктер үшін шынайы тартымды болсын деген ниет жоқ, көптен келе жатқан проблемалар шешілмей қалды дейді:

- Мәселен, олар шетелдіктерге рұқсат бергенімен, мемлекеттік компаниялармен бірлеспей ақ өз кәсіпорындарының жұмысын бастауға рұқсат бергенімен, көптеген шектеуді күшінде қалдырып отыр. Түркіменстанға инвестиция салу үнемі қиын дегенді айтқым келеді. Мәселен, шетел ақшаларын ауыстыру мүмкіншілігін алайық – шетелдіктер шетел ақшасын айырбастауға мүмкіншілік алады деген бір ауыз сөз жоқ. Ақша айырбастаудың ресми бағамы шынайы жағдайға жақын болады деп те айтылмай отыр.

Бұл жерде айтылып отырған мәселе – түркімен ақшасы манат еркін айналымға шықпаған. Ресми бағамға қарағанда, бір манаттың бағасы қара базарда бес есе жоғары.

Түркіменстанға ақша салуға "Шеврон", "Бритиш петролеум", "Тоталь" сияқты әлемдік дәрежедегі мұнай компаниялары қызығушылық танытып отыр. Түркімен мемлекеттік баспасөзі елде 2030 жылға таман жылына 100 миллион тонна мұнай өндірілетін болады дейді. Еуропа Одағы түркімен газын Каспий теңізі арқылы, Ресейді айналып тасымалдау жобасын алға итеріп отыр. Түркіменстан болса бұл ұсынысқа қызықпайды, елдің жаңа президенті табиғи газды Ресейге Қазақстан арқылы көбірек шығаруға келіскен. Түркіменстан Еуропадан көрі өз газын Қытайға Өзбекстан арқылы апаруды көбірек ойлайды. Британияда орналасқан "Джейнс" информациялық тобының қызметкері Метью Климентс батыс елдерінің мүддесін былайша сипаттап отыр:

- Олардың мұндай мәлімдеме жасауларының бір себебі мынада деп ойлаймын - олар Түркіменстанды Каспий теңізі арқылы құбыржол салуға ынталандырғысы келеді, газ тасымалының осы жолы тиімді болады деп сендіргісі келеді, олар тиімді базар бағаларын ұсынғысы келеді. Мұның оларға шығыны аз болып, пайдасы көп болмақ.

Түркіменстан болса табиғи газын қазір негізінен Ресейге сатып отыр. Ресейге жылына 50 миллиард текше метр газдан аса апарылады. Ресей мен Қытай Түркіменстандағы бизнес климаты қандай болса да елдің негізгі сауда серіктесі боп қала бермек. Ал Батыс елдерінің компанияларына қолайлы жағдайды жасауға Түркіменстан асығатын емес.
XS
SM
MD
LG