Accessibility links

Вильнюс конференциясының басты тақырыбы - адам саудасы мәселесі


Литваның астанасы Вильнюс қаласында бейсенбі күні ашылған халықаралық конференцияның күн тәртібіне шығарылған басты мәселе адам саудасының алдын алу, оны болдырмау жолдары. Екі күнге жалғасатын бұл бас қосуды ОБСЕ және Литва үкіметі мен БҰҰ-ның есірткі мен қылмысқа қарсы күрес кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған.

Бұл халықаралық бас қосуға қатысушылар басқа да мәселелермен бірге адам саудасының алдын алу ісіндегі баспасөздің де атқарар ролін талқылайды. Аталған конференцияны өткізуге Вильнюстың таңдалуы да кездейсоқтық емес.

Литва сыртқы істер министрінің орынбасары Оскарас Юсус елдің шекарасы Евродақтың ең сыртқы шекарасы болып табылады деп атап көрсетті. Литва сондай-ақ Беларуспен және Ресеймен шекараласады. Адам саудасының құрбандары негізінен осы аталған елдерден Литва арқылы Батысқа тасымалданады.

- Литва адам саудалаушылардың тасымал жолы ретінде пайдаланатын елінің бірі. Өзінің географиялық орналасу жағынан Литва транзит мемлекет болып тұр. Сол себепті де мұндай конференцияны осындай елдің бірінде өткізуге шешім қабылданды. Мақсат - бұл мәселеге назар аударып қана қоймай, оған қатысушылардың бәрін бұл көлеңкелі жайттың қалай алдын алуға болады деген тұрғыда ойласуға шақыру.

Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Адам саудасын болдырмауды үйлестіру кеңсесінің аға кеңесшісі Вера Грачева былай дейді:

- Біз эксплуатация - мәжбүрлеп пайдаланудың барлық түрлері туралы айтудамыз. Мейлі ол құрылыс пен егіс даласында мәжбүрлі еңбекке салу болсын немесе жезөкшелік, зорлықпен үйлену, баланы заңсыз асырап алу немесе ұйымдасқан қайыршылық болсын - оның түрлері өте көп.

Ол сондай-ақ конференцияда адам саудасының алдын алу шарасында баспасөздің атқарар роліне басты назар аударылуда деп атап көрсетті. Грачева адам саудасы сияқты құбылыс туралы оның толыққанды жағымсыз бейнесін ашатын суреттерсіз сенсациялық хабар ғана беріп қою жеткіліксіз дейді.

- Бұл біздің тәжірибеміздегі адам саудасының алдын алуда медианың роліне назар аударылған бірінші конференция. Біз егер мүмкін болса адам саудасына жол бермеуде баспасөз қауымдастығының әлеуметтік әріптесіміз болғанын қолдаймыз.

Халықаралық конференцияға Литва журналистерімен қатар басқа да көптеген елдердің баспасөз өкілдері қатысуда. Онда сөз сөйлеушілер тізімінде адамдарды мәжбүрлі еңбекке пайдалану, сексуалдық мәжбүрлеу туралы 15-тен астам деректі кіттаптардың авторы, тәуелсіз журналист Хюберт Дубоис, БиБиСи-дің зерттеуші журналисі Саугита Миска және басқа да бірқатар белгілі журналистер бар.

Грачева баспасөздің ролімен қатар басқа да көптеген маңызды мәселелер күн тәртібіне шығарылып, талқыланатын болады дей келе, адам саудасы, сонымен қатар Евродақтың өз ішінде де үлкен проблема болып отырғанын айтты.

- Өйткені, кедей елдердің азаматтары әрдайым Батыстан жақсы жұмыс іздейді. Міне, бұл жағдайды адам саудасымен айналысушылар өз пайдасына пайдаланады, - деді ол.

Батыста құлдыққа, мәжбүрлі жұмысқа жалданатын литвалықтар да аз емес, оларға қылмыстық топтар жалған паспорт жасап береді, ең соңында ешқандай құжатсыз, қаражатсыз далада қалатындары көп дейді Литва сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Сөз болып отырған жағдай, демек адам саудасы және оларды мәжбүрлі жұмысқа жегу 2008 жылы қаңтар айынан бастап Евродақтың жаңа мүшелері Шенген аймағына кіргеннен кейін тіпті өрши түсуі мүмкін. Өйткені, Евродаққа бұрын қабылданған елдер мен оның қатарына кейін кірген елдер арасындағы шекара жойылады, бұның өзі адамды саудалаушылардың Евродақтың өз ішінде осы тұрғыдағы әрекеттерге баруын жеңілдете түсуі әбден мүмкін.

Юсус Литва өзінің Беларуспен және Ресеймен шектесетін шекара аймағын бекіте түсті, бірақ бұл салыстыра келгенде түк емес, Евродақтың өз ішінде адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға тосқауыл қойылуы керек деп атап көрсетеді.
XS
SM
MD
LG