Accessibility links

Ресейдің сот жүйесіне адам құқықтары негізінде реформа жүргізіледі


Ресей билігі ұзақтан бері Еуропалық сотқа ресейлік шағымдардың көп түсуін тоқтататындай жаңа заңдылық жүйесін жасауға шақырылып келді. Ресейдің Жоғарғы Соты жақында елдің заң жүйесін жақсартады әрі Страсбургтегі сотқа арыз берушілер қатарын азайтады деген заң жобасын дайындады. Бірақ, Азаттық радиосы тілшісінің хабарына қарағанда, ол жоба құқық қорғаушы заңгерлердің қатты сынына тап болып отыр.

Қазан айының басында Ресей президенті Владимир Путин Кремлде Жоғарғы соттың басшысы Вячеслав Лебедевті қабылдады. Ол екеуі Ресейдің сот жүйесін қайта қарап, негізгі сот жүйесі негізі мен адам құқықтарындағы заңбұзушылықтарды реттеп, сот жүйесін жақсарту қажеттігімен келісті.

Олардың айтуынша, мұндай реформа Ресейден арыз-шағымдар көп түсіп жатқан Адам Құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың жүгін азайтады. Ресейдің жоғарғы сотының өкілі Павел Одинцовтың айтуынша:

“Еуропалық соттағы көптеген шағымдар екі тұрғыда болады, ол қамау орындарындағы заңбұзушылықтар мен сот процесі барысындағы заңсыздықтар. Жоғарғы сот төрағалығына бұл тұрғыдағы мәселелерді өз ішінде ұлттық сот жүйесімен қараған жеңілірек болар еді. Ол сонымен қатар Еуропалық соттың да жұмысын оңайлатады”.

Жаңа жоба Жоғарғы соттың билігін кеңейтіп, адам құқықтарының бұзылуы, сот процесіндегі заңсыздықтарға қатысты істерді қарауына жол ашады әрі процесті тездетеді. Жоғарғы сот дайындаған жоба енді президент қол қойып бекіткенге дейін парламентте мақұлдануы тиіс.

Бірақ, бұл сот жүйесіне реформа жасау жөніндегі ұсынысты адам құқықтары жөніндегі заңгер сарапшылар күдікпен қабылдап отыр.

Ресейлік белгілі заңгер Юрий Шмидттің пікірінше:

“Негізінде, мен азаматтардың өз елінде қажетті заңды қолдау тауып жатқанынан ешқандай жамандық көріп тұрған жоқпын. Бірақ, мен соттың бүгінгі билікке қалай тәуелді екенін жақсы білемін. Оны тіпті әділ сот деп айту қиын. Сондықтан, мен бұл саладағы қандайда бір реформа нәтижелі болады дегенге сенбеймін”.

Заңгер Шмидттің сөзіне қарағанда, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот үнемі Ресей үкіметін сынап жатады, ол Кремльдің қатты ашуын тудырады.

Бұл тұрғыда Ресейдегі тағы бір адам құқықтары жөніндегі заңгер Мара Полякова өзінің көзқарасын былай бөліседі:

“Мен бұл ұсынысқа өте үлкен күдікпен қараймын. Мен біздің соттарымызды, олардың менталитетін білемін, мен бұл адам құқықтарын сақтауға көмектеседі дегенге қатты сенбеймін. Адамдар Еуропалық Сотқа қайрылады, өйткені олар елдегі Жоғарғы сот және басқа да соттарда өз проблемаларын шеше алмайды. Біздің соттарымыз өз сот жүйесінің сыналғанын қаламайды, сондықтан біздің сот жүйеміз осындай бастамамен шығып отыр”.

Ресейден мыңдаған шақырым алшақ жатқан Францияның Страсбург қаласындағы Еуропалық сот ресейліктердің шағымына байланысты Ресей билігін бақылап отырады.

2006 жылы ресей азаматтарының 12 мыңы Еуропалық сотқа шағым түсірген. Бұл деген Еуропалық Кеңеске мүше 47 елден түскен шағымдардың бестен бірін құрап отыр. Шағымдардың көбі Шешенстандағы Ресейлік федералды күштердің қатыгездік әрекеттері турасында болып, бұл тұрғыдағы сот шешімдері Ресей билігіне жақпай келеді. Ресей президенті Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавров екеуі де Еуропалық сотты Ресейге қарсы саяси үкім шығарып отыр деп айыптады.

Қыркүйек айында Путин Әділет министрлігінің бес адамын Адам Құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотқа Ресейдің өкілі ретінде Еуропалық Кеңеске жіберуіне жол ашатын қаулыға қол қойды. Ол қаулыда бұл соттағы Ресейдің мүддесін қорғау үшін жасалып отыр делінген.

Ресейдің Конституциялық сотының басшысы Валерий Зоркин елдегі барлық заңды мүмкіндіктерді пайдаланбас бұрын Ресей азаматтарының Страсбург сотына баруына жол бермеу қажеттігін айтты. Оның бұл үндеуі Еуропалық соттың Ресейді Шешенстанның бұрынғы парламент спикерінің өліміне жауапты деп тауып, Мәскеуге оның анасына моралдық шығын ретінде 40 мың Еуро айыппұл төлеуге нұсқау бергеннен соң айтылды.
XS
SM
MD
LG