Accessibility links

Иран билігі кофе сатқан кітап дүкендерін неге жапты?


Иран билігі елде кәсіпкерліктің екі бөлек түрінің қатар жүргізілуіне рұқсат бермей, кітап дүкендерінде кофе сатылмасын деп отыр. Бұл шектеулердің артында не тұр деген сауал туындайды. Талдаушылардың айтуынша, бұл әрекет елдегі бірқатар шектеулерге байланысты пікір білдіргісі келген адамдардың жиналуына кедергі жасау үшін іске асырылып отырған тәрізді.

Теһрандағы полиция клиенттеріне кофе мен тағы басқа да сусындарды сатқан 6 кітап дүкенін жауып тастады.

Теһран полициясының ақпараттар бөлімінің басшысы Мехди Амахдидің айтуынша, кітап сатушылар одағы туралы заңға сәйкес екі бөлек кәсіп түрінің, атап айтқанда кітап сатушысы мен кафе иесінің бірігуіне рұқсат берілмейді.

Теһрандағы жазушы Хафез Муссави “Фарда” радиосына берген сұхбатында кофе сатқан кітап дүкендерінің жабылуын басқа бір себептермен байланыстырды.

“Бұл - билік орындары тарапынан жасалып отырған әрекеттердің бірі деп ойлаймын, мысалы басылымдардың жабылуы сияқты. Олар мәдени шараларды болдырмау үшін немесе оларды шектеу мақсатында кез келген сылтауды күтіп отыр десе болады”, - дейді Муссави.

Бұл қадам Иранға сырттан қысым күшейген кезде жасалып отыр. Яғни батыс елдері Иран өзінің ядролық бағдарламасын пайдаланып жасырын түрде ядролық қару жасамақшы дейді. Бірақ Теһран бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.

Сонымен қатар, ресми Теһран АҚШ Иран үкіметінің құлатылуын қалайды деп айыптап отыр.

Кей бақылаушылардың пікірінше, мұндай мәлімдемелер қарапайым ирандықтарды Иран үкіметіне қатысты батыс елдерінің сынауынан алыстату үшін жасалып отыр.

Осындай теке-тіресте президент Махмуд Ахмадинежадтың режимі ішкі сынның немесе келіспеушіліктің болмағанын қаласа керек.

Жазушы Муссави кофе сататын кітап дүкендерін жабу үшін Иран билік орындары нақты бір жаңа саясатты қолданып отырған жоқ шығар дейді.

“Мұны мен ұйымдастырылған әрекет деп айтып отырған жоқпын. Бірақ негізінен бұл шара тәуелсіз мәдени орталықтарға шектеулер енгізіп, қысым жасау үшін іске асырылып отыр деп ойлаймын. Мысалы баспа саласында елдің Мәдениет министрлігі алалау саясатын ұстанады. Яғни министрлік мәдениеттің бізге ұнайтын түрін алға тартқандарды қолдаймыз басқаларды қолдамаймыз дейді”, – деп атап көрсетті Муссави.
XS
SM
MD
LG