Accessibility links

Түркия премьер-министрі Вашингтонға келді


Дүйсенбі күні Вашингтонда Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған мен АҚШ президенті Джордж Буш келіссөз өткізеді. Кездесуде талқыланатын ең негізгі тақырып Ирақтың солтүстігіндегі күрд көтерілісшілері мәселесі болмақ. Күрдістан Жұмысшылары Партиясының соғысушылары Түркияда бірнеше шабуыл жасаған болатын. Ресми Анкара Ирақтың солтүстігіне басып кіріп, күрд көтерілісшілеріне қарсы әскери шара қолданамыз деп ескертті. Соңғы хабарларға қарағанда, осыдан екі апта бұрын ұрланған 8 Түркия жауынгері босатылған.

Осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Вашингтон күрд көтерілісшілерінің шабуылдарын тоқтатуға көмектеседі деп уәде берді. Анкараға сапары барысында Райс ханым Вашингтон Түркиямен өзара мәлімет бөлісу жөніндегі мәселені жақсартып жатыр деп мәлімдеді. Сонымен қатар Кондолиза Райс Түркияны төзімділікке шақырып, соғысушыларды жою үшін уақыт керек деп атап көрсетті.

Ал Түркия басшылары болса шыдамымыз таусылып жатыр деп мәлімдеді. Олар Ақ Үйдегі кездесуден қандай нәтиже шығатынын күтеміз деп отыр.

Лондондағы Чатхам үйінің Түркия бойынша сарапшысы Фади Хакура осы мәселеге байланысты мынадай пікірін білдірді:

“Ердоған мен Буштың кездесуінен кейін күрд көтерілісшілерін жою үшін Түркия Ирақтың солтүстігіне әскери күштерін жіберу-жібермеу мәселесі анықталатын болады, сондай-ақ, ол Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарға әсер етеді дейді Анкара. Бұл жөнінде премьер-министр парламентте сөйлеген сөзінде нақты атап көрсетті, сондай-ақ, бұл мәселе туралы әскерилер жағынан жанама түрде айтылды. Түркия үкіметі мен әскерилері Ердоған мен Буштың бүгінгі кездесуінен қандай нәтиже болады екен деп күтіп отыр. Осыдан кейін Түркияның әрекеті анықталатын болады”.

Түркия Күрдістан Аймақтық үкіметіне Вашингтонның ықпалын пайдаланып, Ирақтың солтүстігінде орналасқан 3 мыңға жуық күрд көтерілісшілеріне қарсы шара қолдануын қалайды.

Соңғы апталарда орын алған шабуылдардан ондаған қарапайым тұрғын мен түркия сарбаздары құрбан болды. Осыдан кейін Түркияда күрд ктерілісшілеріне қарсы шара қолдану керек деген үндеулер айтыла бастады.

Өткен айда Түркия парламенті үкімет күштерінің шекарада әскери операция жүргізуін мақұлдаған соң, Ирақпен арадағы шекараға 100 мың түрік әскері жіберілді. Вашингтон егер Түркия Ираққа басып кіретін болса онда ол аймақтағы жағдайды тұрақсыздардырады деп қауіптенеді. Сол үшін бұл мәселені дипломатия арқылы шешкісі келеді.

Вашингтонға Ердоғанмен бірге Түркия сыртқы істер министрі сондай-ақ қорғаныс министрі ұшып кеткен болатын. Вашингтонға кетердің алдында Түркия премьер-министрі Ердоған АҚШ-тан “мықты қадам” күтеміз деп мәлімдеді.

Осыдан екі апта бұрын ұрланған 8 Түркия жауынгері жексенбі күні босатылды. Бұған АҚШ қысымы әсер еткен болуы мүмкін.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз-хатшысы Шон МакКормак әлгі сарбаздардың азат етілуіне ирақтықтар көмектесті деп мәлімдеді. Ол Ирақ пен Түркияны осындай ынтымақтастыққа шақырды.

Бірақ сарапшы Хакураның айтуынша, жауынгерлердің босатылуы негізгі теке-тіресті онша жеңілдетпейді.

Айта кету керек, Күрдістан Жұмысшылары партиясы өз науқанын кеңейтіп жатқан көрінеді. Бүгін “Индепендент” басылымының хабарлауынша, аталған партияның қамауға алынған басшысының бауыры Ирақтың солтүстігіндегі күштерімізді азайтып Иранға көшіп жатырмыз деген.
XS
SM
MD
LG