Accessibility links

Қазақстанда қанша босқын бар?


Қазақстандағы босқындар туралы Қазақстанның мемелкеттік көші-қон агенттігі мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқарамасының мәліметтері сәйкес келмейді. Мәселен, биылғы жылғы ресми мәліметтер бойынша, 1998 жылдан бері Қазақстанда босқын болу үшін 1600 адам сұранса, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі мекемесі Қазақстанда қазірдің өзінде он мыңдаған босқын бар деп есептейді. Себебі, кейбір ТМД елдеріндегі әскери қақтығыстардан қашып келген азаматтар босқын жағдайында тұрып жатса да, Қазақстан үкіметінен босқын мәртебесін ала алмаған.

40 жастағы аспазшы Айша осыдан бес жыл бұрынғы оқиғаларды көзіне жас алмай есіне түсіре алмайды. Ол кішкентай 4 баласымен 2000-шы жылдардың басында Шешенстандағы соғыстан қашып осында келген:

- Қатты бомбылады. Жарылыстың қай жерде болатынын білмейсің. Біресе ана жерде, біресе мына жерге барып тығыласың. Тек Аллаға сыйынып отырдық. Балаларды қорғаштап, көп нәрсені көрсетпеуге тырыстым. Ақыры төзіміміз әбден таусылды. Осында келуге шешім қабылдадық. Түйіншектерімізді ала салып, қақаған қыста жолға шықтық. Жол-жөнекей бөтен адамдар тамақтандырып, солар үйлерін паналатты. Қазір мұнда жағдайымыз түзеле бастады. Мен осында қалғым келеді. Өйткені, бұл - бейбіт ел, - дейді шешенстандық әйел Айша.

Солтүстік Кавказда 1999 жылдың қыркүйек айынан 2003 жылға дейін созылған әскери қақтығыстың салдарынан Қазақстанға 14 мыңдай шешен босқыны келген. 2005 жылғы санақ кезінде 4 мыңға жуық шешеннің босқын жағдайында екендігі анықталған. Дегенмен, Қазақстанның оларды босқын деп мойындамауы салдарынан олардың құқықтық мәртебесі белгіленбеген. Сондықтан, шешен босқындарының жағдайы ауыр деп есептейді Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының директоры Евгений Жовтис:

- Өйткені, бұл ең алдымен саяси емес, гуманитарлық мәселе. Бірақ, постсоветтік кеңістікте босқындар мәселесі саясаттанып кеткен. Сондықтан, олар іс жүзінде босқын болып, заң жүзінде босқын атанбау себебі – біз Ресеймен қарым-қатынасымызды бұзғымыз келмейді. Осы жерде парадокс пайда болады: Шығыс Еуропаға қашып барған тура осындай адамдар босқын мәртебесін алады да, осында келгендер босқын болып есептелмейді. Сондықтан, олар көптеген құқықтық, әлеуметтік мүмкіндіктерден айырылған.

Шешендердің Ресей де, Қазақстанда да босқын мәртебесін алмағандықтан, олардың көп құқықтары шектеулі дегенді «Вайнах» ұйымының жетекшісі Ахмад Мурадов та айтады:

- Соған сәйкес шешендіктерге шетел азаматтары есебінде 6 айға ғана ғана тіркеу беріледі. Сол себептен, олар 6 айдан соң балаларының оқуы, науқастануға байланысты деп әрі қарай рұқсат алуы керек. Кейбіреулері 6 ай сайын шекараға барып, сол жақтан қайта елге кіреді. Бірақ халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ босқындар ісі жөніндегі басқармасы 7 жыл бұрын Шешенстаннан соғыстан қашып келгендерді босқындар қатарына жатқызады.

Жалпы Қазақстанда ресми түрде 1998-ші жылдан бастап 1600-дей адам босқын ретінде сұранған. Олардың 90 пайызы – Ауғанстаннан келгендер дегенді айтқан «Азаттық» радиосына Алматы көші-қон комитетінің төрағасы Керімқұлов:

- Олардың арасында 577 ауғанстандық Алматыда балаларымен тұрады. Балаларына мектеп жағынан, медицина, әлеуметтік жағынан көмек көрсетіліп жатыр. 90 босқынның баласы мектептерде жақсы оқиды.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі комиссары басқармасы болса, Қазақстанда он мыңдаған босқын бар деп есептейді.
XS
SM
MD
LG