Accessibility links

Ташкент БҰҰ-ның комитеті алдында азаптау мен қинау турасындағы есепке қатысты ақталып бақты


Өзбек ресмилері ұсталғандар мен түрмедегілерді азаптау, қинау амалдарының жүйелі түрде орын алып отырғаны турасындағы есепке қатысты БҰҰ-ның Женевадағы азаптауға қарсы комитеті алдында дүйсенбі күні өз уәждерін алға тартып, қорғанып, ақтала сөйледі. Аталған комитеттің қос сессиясы жұма күні ашылған болатын. Комитет мүшелері мен өзбектің адам хұқтарын қорғаушылары тыңдаулардың алғашқы күні қатты сындар айтты.

Өзбектің үкіметтік делегациясы комитет мүшелері алдында жан-жақты есеп беруге тырысты. Олар заң талаптарын сақтауға тиісті шенеуніктердің зорлық-зомбылықтарды болдырмас үшін атқарған жұмыстарын да тәптіштеп жеткізіп бақты. Құжатта жаңа заңдар мен тәртіпті реттеу бағытындағы шаралар тізімі келтірілген, сондай-ақ түрмеде отырғандардың хұқтарының сақталуын қадағалайтын институттардың жұмыс істейтіндігі айтылған.

Өзбек ресмилері кемшіліктердің болғандығын айта келіп, бірақ олардың кейбір қызметкерлер тарапынан жіберілген бірді-екілі ғана жайттар дегенді алға тартты. Олар барлық мәселе халықаралық талаптарға сай болатындай тұрғыда жасалып жатыр деп сипаттады. Ал бірақ Өзбекстандағы адам хұқтары туралы БҰҰ-ның есебінде аталған елде адам хұқтарының сақталмай отырғандығының көптеген дәлелдері келтірілді.

Адам хұқтары бойынша ең бір нашар ел деп есептелген Өзбекстан БҰҰ-ның санкциясы салынған елдің біреуі. Мұнда саяси қарсыластар үнемі қудаланады, баспасөздің аузын жауып, олардың еркін жазуына мүмкіндік берілмейді, азаматтық қоғам стандарттары мүлдем шектеулі. Саяси себептермен түрмеге жабу әдетке айналған, адам хұқтары белсенділері ұзақ мерзімдерге абақтыға қамалу қаупінде жүреді.

БҰҰ-ның азаптау мәселелері бойынша баяндамашысы Манфред Ноуак жексенбі күні былай деп атап көрсетті:

- Заңды шаралардың қолға алынғандығы азаптау мен қинаулар мүлде жойылды деген сөз емес. Керісінше, менің ойымша, бізде зорлық-зомбылықтардың жалғасып жатқандығының көптеген айғақтары бар. Екінші жағынан біз үкіметті жасалып жатқан шаралар үшін ақтауымыз керек. Менің мұны айтып отырған себебім, ондағы қазіргі жағдайды тәуелсіз түрде бағалау үшін біздің ол жаққа барып, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруымыз маңызды болар еді.

Өзбекстанда тәуелсіз деген еркін ақпарат алу соншалықты жеңіл емес. Адам хұқтарының өкілдері осы бас қосу барысында «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Өзбекстанда шетелдік адам хұқтарының бірде бір өкілі қалған жоқ дейді.

БҰҰ-ның комиссиясындағы АҚШ өкілі Фелици Гэрдің бір сағатқа созылған баяндамасынан соң өзбек шенеуніктері Ташкентпен ақылдасамыз деп жұма күні кетіп қалған, олар дүйсенбіде Гэрдің және талқылауларға қатысып отырған басқалардың да сұрақтарына жауап беру үшін қайтып оралды. Осы талқылаулардан кейін БҰҰ-ның комиссиясы Өзбекстандағы қазіргі жағдайды бағалауға бағытталған хабарлама жариялап, ел үкіметіне арналған нұсқаулар тізімін де жасайды.

Женевадағы адам хұқтары ұйымдарының батыстық өкілдері БҰҰ жарялайтын есепте қатал сын айтылып, қандай да бір үкім шығарылады деген үмітте. Өзбекстанның жасап жатқан реформаларының көпшілігі көзбояушылық, олар абақтыға қамалғандарға және басқаларға хұқтары сақталады деген кепілдік бермейді дейді.

Гэр Өзбек билігі түрмедегілерге туыстары кіре алады, олар өз істері бойынша сот ісіне қатыса алады немесе дәрігерлік көмек қажет болса ондай көмек ала алады деген ақпараттар барлық уақытта бірдей шындыққа жанаса бермейді дей келіп, бітімшілікке барған бір ғана мысалды алға тартады. Онда Өзбек үкіметі адам хұқтарының үш белсендісіне Женевадағы осы тыңдауларға қатысу үшін елден шығу визасын берген екен.

Езгілік деп аталатын әлеуметтік-азаматтық ұйымның мүшесі Вазила Иноятова сөз болып отырған тыңдаулар басталмас бұрын комиссия мүшелеріне ресми Ташкент түрмеге қамалғандар мен күдікпен ұсталғандардың өтініш-тілектеріне керең қалпында қалып отыр деп ескерткендігін «Азаттық» радиосына берген сұхбатында айтқан.

Өзбекстандық тағы бір белсенді Сухробжон Исмойлов «Азаттық» радиосына берген сұбатында, Өзбектің үкіметтік делегациясының комиссия мүшелері алдында берген есебі жайында былай дейді:

- Үкіметтік делегация берген ақпараттар ескірген. Ол ақпараттар Өзбекстанда халықаралық ұйымдар жұмыс істеген жылдары атқарылған істер, сол кезде олар өзбекстандық хұқық қорғау органдарымен бірлесіп атқарған шаралар туралы деп білеміз. Сондықтан да біз есептегі көптеген деректер қайта қаралып, жаңартылуы тиіс деп есептейміз.

Өзбек ресмилерінің ешқайсысы Әндіжан оқиғасы турасында тіс жарып ешнәрсе айтпаған. Ал Исмойлов болса, Женевада өзбек ресмилерінің алға жылжушылық бар деп келтірген мысалдарында негізінен 2005 жылы Әндіжандағы жаппай қырғын орын алмай тұрған кездегі жайттар айтылған деп атап көрсетеді.
XS
SM
MD
LG