Accessibility links

Қырғызстанда сайлау алды науқаны басталды


Қырғызстанда саяси партиялардың сайлау алды науқаны басталды. Бұл елде парламенттік сайлаулар желтоқсанның 16-ы күні өтеді. Сайлауға түсуге ниет білдірген 50-ге жуық партияның тек 12-і ғана ресми түрде тіркелді.

Бүгін Қырғызстанда сайлау алды науқаны басталды. Жексенбі күні Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлауға түсетін партиялардың тізімін жариялады. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Кокумбай Турусбеков “Азаттық” радиосының қырғыз қызметіне сол партиялардың аттарын атап, тізіп шықты:

“Тіркеу аяқталды. Сайлауға тіркелген партиялардың тізімі: Ата-Мекен, Коммунистер партиясы, Ар-Намыс, тәуелсіз Әлем партиясы, Еркіндік, Асаба, Қырғызстанның Социал-Демократиялық партиясы, Әйелдер мен жастардың Жаңа Күш партиясы, Ақ-Жол, Еркін Қырғызстан, Ел Дауысы, Тұран. Осы 12 партия тіркелді”.

Бұл - Қырғызстанда тек партиялық тізімдер негізінде өтейін деп жатқан алғашқы сайлаулар. Елдегі 90 сайлау ауданына сәйкестендіру үшін әрбір партиялық тізімде кемінде 90 кандидаттан болуға тиіс. Қазанның соңында мақұлданған референдумға сәйкес, парламентте енді 90 орын болады. Бұған дейін Қырғызстан парламентінде 75 орын болған тұғын.

Жалпы Қырғызстанда 100-ден аса саяси партиялар мен қозғалыстар бар. Олардың көбі кезектен тыс парламент сайлауға қатыспаймыз деп шешкен, бірақ 22 партия тіркеуден өту үшін орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырған. Кейінірек бірнеше партия өз құжаттарын қайтарып алды. Орталық Сайлау комиссиясы 6 партияны тіркеуден бас тартты. Солардың бірі “Таза қоғам” партиясы сайлау комиссиясының шешімін сотқа беретіні жөнінде мәлімдеді.

Сайлауға тіркелген партиялардың көбі бір-бірімен бақталасатын болады. Мысалы “Ата-Мекен” партиясын бұрынғы парламент спикері әрі оппозициялық тұлға Омурбек Текебаев ал “Ар-Намыс” партиясын бұрынғы премьер-министр Феликс Қулов басқарады. Сонымен қатар, Совет дәуіріндегі Қырғызстан басшысының ұлы Исхақ Масалиев Коммунистер партиясына жетекшілік етсе, ал Еркіндік партиясын оппозициялық лидер Топчубек Тұрғынәлиев басқарады. Сондай-ақ, Қырғызстандағы оппозициялық партиялардың бірі болып табылатын “Еркін Қырғызстан” партиясына Тұрсынбай Бәкір Ұлы жетекшілік етеді.

Қазан айында Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиев “Ақ жол” партиясын, ал премьер-министр Алмаз Атамбаев Социал- демократиялық партиясын құрған болатын.

Текебаев, Құлов, Масалиев, Тұрғынәлиев және Бәкір Ұлы, бұлардың бәрі өз партияларының тізіміне енгізілген. Ал президент Бәкиев пен премьер-министр Атамбаевтың партиялық тізімдерінде өздері жоқ болса да, бәрібір онда кейбір танымал тұлғалар бар.

Мысалы, Бәкиевтің “Ақ жол” партиясы тізімінде Конституциялық соттың басшысы Чолпон Баекова бар. “Ақ Жол” партиясының мүшесі Жанғороз Қаниметовтың айтуынша, сот Баекованың парламент сайлауына түсуіне рұқсат берген.

Конституцияға сәйкес, Баекова парламент сайлауына түсу үшін өз қызметінен бас тартуы тиіс. Сонымен қатар, омбудсмен Тұрсынбай Бәкірұлы да сайлау алды науқаны басталысымен өз жұмысын тоқтатты.
XS
SM
MD
LG