Accessibility links

Израиль мен Палестина бейбітшілік келіссөздерін бастап жатыр


Америка Құрама Штаттары өткізген Таяу Шығыс бейбіт конференциясына Сирия, Мысыр және Сауыд Арабиясы сияқты бірнеше араб мемлекеті қатысты. Сирияның жақын көршісі Иран конференцияға шақырылған жоқ. Сонда Сирия одақтасы Иран шетте қалып, Сирияның өзі Америка Құрама Штаттары және басқа Батыс елдерімен қарым-қатынас жүргізуге ынта танытып отыр ма?

Басты нәтиженің бірі – Израиль мен Палестина басшылары бейбітшілік орнату келіссөздерін қолма-қол бастауға келісті. Бұл жердегі мақсат – келесі жылдың соңына дейін Палестинаға тәуелсіздік берілмек. Израиль бас министрі Эхуд Олмерт пен Палестина әкімшілігінің президенті Махмұд Аббас Ақ үйде АҚШ президент Джордж Бушпен бірге кездесіп, келіссөздің басталғанын жарияламақ. Аннаполис конференциясында сөйлеген Джордж Буш президент билігінде отыратын қалған екі жылдай уақытының көпшілігін тәуелсіз, демократиялық Палестина мемлекетін құру мақсатынына жұмсайтынын айтты.

АҚШ президенті Джордж Буштың пайымдауынша, Аннаполис қаласында орын алған халықаралық конференция екі мақсатты көздеді. Біріншісі, Израиль мен Палестина арасында бейбітшілік орнату келіссөзін бастау. Екіншісі, Таяу Шығыс мемлекеттерін экстремистерге қарсы күреске жұмылдыру. Аннаполис конференциясына Сирияның қатысқаны көпшілік бақылаушыларды таң қалдырды. Сирия Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынас жүргізбейді. Дегенмен, Америка Құрама Штаттары Сирияны өз жағына тартып алып жатыр ма, Вашингтонның бұл қадамы Иранды одан ары оқшауландыруы мүмкін бе? "Азат Еуропа"/"Азаттық" радиосының тілшілері бұл жайында америкалық сарапшы Пол Скемнен сұрады. Пол Скем Вашингтонда орналасқан Таяу Шығыс институтында істейді:

- Сирия Батыс елдерімен жақындасып жатыр деп айту тым ерте. Кейбір сөйлесудің жүріп жатқаны анық, және Сирия бұған кейбір қызығушылығын танытып отыр. Бірақ Сирия кейбір нақты шаруаға қол жеткізгісі келеді. Ең бастысы, олар, бәлкім, Израильден Голан тауларын алғысы келеді. Бәлкім, оқшауландыру тоқтатылсын дейді, экономикалық қатынастар жасалсын деген сияқты нәрселерді көздейді. Осылайша, Сирия қалайтын шаруаларын айтты, Иран өзін шетте қалғандайда сезінеді. Иран аймақтағы басқа қозғалыстарға өзін қарсы қоятындықтан расында да саналы түрде шетте қалтырылды.

Конференцияға араб мемлекеттерінің көпшілігі атсалысып, Иран шетте қалды. Оның үстіне Иран Аннаполис конференциясын айыптап, сынады. Дегенмен, радиомызға сұхбат берген сарапшы Пол Скем араб мемлекеттері конференцияға қатысқанымен, олар нақты нәтиже қалай болады деп өлшейді дейді:

- Дегенмен араб елдері, көптеген жұрт араб әлемі деп Сауд Арабиясын таниды, кейбір нақты нәтиже шықса екен деп қалайды. Көптеген адам, олардың арасында мен де бармын, Израиль мен Палестинадағы нақты саяси жағдайға қарағанда, олардың тарихтағы қарым-қатынастарына қарағанда, саяси нәтижесі қандай болуы мүмкін деп қазір бірдеңке айту өте қиын дейді.

Жалпы, дейді сарапшы Пол Скем, соңғы жылдарда Израиль мен Палестина мәселесін шешуде еш нәрсе жасалмаса, осы жолы әйтеуір бір әрекет жасалды. Израиль мен Палестина мәселені шешуге ынта танытты, әрекет жасауға уәде айтты. Ендігі нақты мәселе – екі ел басшылары айтқандарын орындауға саяси жігер таба ала ма? Екі тарап басшыларының саяси күштері аз, олардың қоғамдары, парламенттері мен үкіметтері мақсаттарын қолдай қоя ма, ендігі нақты мәселе осы, - дейді сарапшы Пол Скем.
XS
SM
MD
LG