Accessibility links

ОБСЕ сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі кеңесінің ролі айрықша


Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сыртқы істер министрлері Мадридте екі күнге бас қосып, аталған ұйымның қазіргі жағдайын талқылайды. Соңғы жылдары өзекті мәселелер турасында пікір қайшылықтары орын алып келді. Бұл жолы Испания астанасы – ОБСЕ ұйымының жыл сайын ауысып отыратын төрағалығы және осы ұйымның адам хұқтары мен демократия мәселесіндегі орны жайындағы талқылаулар мекеніне айналмақ.

ОБСЕ сыртқы істер министрлерінің кеңесі әдетте саяси міндетті декларация қабылдаумен аяқталады. Бірақ 2002 жылдан бері АҚШ пен Ресей арасындағы көзқарас айырмашылықтары мұндай декларация қабылдауға кедергі болып келді.

Мәскеу мен Вашингтонның қазіргі айтыстарына қарағанда бұндай жағдай биыл да орын алуы ықтимал. Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде 2009, 2010, 2011 жылдары ОБСЕ ұйымына қандай елдер төрағалық етуі мүмкін деген мәселе қаралады.

Қазақстанның 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық ету туралы талпынысына қатысты ОБСЕ-ге мүше елдердің пікірлері екіге жарылып тұр.

Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанның төрағалығы жөніндегі мәселені өткен, 2006 жылы шешуі тиіс еді, бірақ елдегі адам хұқтары мен демократия жағдайына алаңдаған ұйым нақты шешім қабылдауды кейінге шегеріп келген болатын.

Қазақстанның төрағалық етуіне қарсы болған елдер қатарында АҚШ пен Британия, Чех республикасы бар. Канада өз наразылығын жақында ғана алды. Астананың ОБСЕ-ге төрағалыққа қол жеткізуі үшін осы ұйымға мүше 56 елдің барлығы да бұл ұсынысты мақұлдап, келісуі керек.

АҚШ Қазақстан өзіндегі демократия мен адам хұқтары жағдайын дамытуы қажет дегенді алға тартып, Астананың төрағалық етуін 2011 жылға қалдыруды ұсынды. Ал бұл уақытта Ресей болса, Қазақстан 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық етсін дегенді қолдайды. Мұндай тығырықтан шығудың жолы ретінде ұйымның қазіргі төрағасы - Испания Қазақстан төрағалық хұқын 2010 жылы алсын деген ұсыныс жасады. Бірақ ол бірден қабылданған жоқ.

Мадридте ортақ келісімге қол жеткізілмеуі мүмкін екендігінің бір дәлелі - 2009- 2011 жылдардың аралығында ОБСЕ-ге төрағалық етуге ұмытылып отырған Грекия болары анық, одан кейінгі кандидат - Литва.

Десек те, Мәскеу жағдайдың бұлай шешілуіне өз ветосын қоятындығын мәлімдеп те үлгерді. 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық ету үмітінен айрылуымыз мүмкін деген оймен Астана да келісе бастаған сыңайлы. Қазақстанның сыртқы істер министрлігіндегі өз аты-жөнін атамаған бір шенеунік Астананың 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық етуге қол жеткізу мүмкіндігі жоқтың қасы деп айтқан. Ол бұған кедергі болатын басты екі себепті атап өткен.

Біріншісі, ОБСЕ-нің Демократиялық институттар мен адам хұқтары жөніндегі кеңсесі төменгі палатадағы барлық орынды билік басындағы бір ғана партия еншілеген биылғы парламенттік сайлауды халықаралық талаптарға сай болған жоқ деп, оң баға бермегендігі. Екіншісі, дипломаттың айтуынша, Батыс елдері ОБСЕ төрағасы ретінде бұрынғы Советтік республикалардың ішінде Литваның болғанын көбірек қалайды. Егер басқа қандай да бір себеп болмаса, Астана ОБСЕ төрағалығын 2011 жылы да қолға алуға келісуге мәжбүр дейді осы аталған ақпарат көзі.

Қазақстанның төрағалығы турасындағы шешім қабылданар алдында айдың бас кезінде Ресейдің «Время новостей» басылымы сыртқы істер министрлерінің Мадрид кеңесі «ақиқат сәті» болуы керек деп жазған еді. Жақында Венада АҚШ дипломаты Мадрид ОБСЕ үшін күрделі де үлкен мәселерлерді шешетін маңызды орын болғалы тұр деп айтты.
XS
SM
MD
LG