Accessibility links

Ресей: Жексенбі күнгі дауыс берулер қаншaлықты бұрмалануы мүмкін?


Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Ресей билігі бізге қызметімізді атқаруға мүмкіндік бермеді деп, халықаралық бақылаушыларын 2-желтоқсанда болатын парламент сайлауына жібермеген еді. Ресейде сайлау қорытындысын бұрмалау тәжірибесі бұрыннан бар, ал бұл жолғы сайлауда өзгешелік болуы мүмкін бе?

Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы жексенбідегі Парламент сайлауын сайлау кодексіне сәйкес өткізуге уәде берген болатын. Дегенмен де, дауыс берулер нәтижесі Ресей президенті Владимир Путиннің билік басындағы «Единая Россия» партиясының пайдасына қарай икемделіп, қолдан жасалады деп алдын-ала айтылған болжамдар да аз болған жоқ.

Мәскеудегі Карнеги орталығының сайлау сарапшысы Николай Петров бұл сайлау көрсеткішін бұрмалау болатындығының себебі түсінікті, сайлау Путиннің танымалдығы турасындағы референдумға ұқсауы тиіс дегенді айтады.

- Міне сондықтан да ол мүмкін болғанынша көбірек дауыс жинақтауға мүдделі болып отыр. Сол себептен де олар «Единая Россияның» көп дауысқа ие болуы ғана емес, жалпы бұқаралық бір бетбұрысты қалайды.

Ал бұған қалай қол жеткізіледі? Оның бір жолы - дауыс бере алады деген адамдар санын бұрмалап көрсету дейді Саяси ақпараттар орталығының директоры Алексей Мухин. Оның айтуынша, өткен сайлауларда бұл тұрғыда күлкілі жағдайларға дейін орын алған.

- Кейбір Солтүстік Кавказ республикаларында дауыс берген сайлаушылар саны 102 процентке жеткен. Бұл тіпті мүмкін емес қой, соның салдарынан хаттамаларды көтеріп, бәрін қайта санауға тура келген. Сөйтіп, ақылға сыймайтын жайтқа дейін жеткен.

Бұл реттегі проблеманың тағы бір бөлігі ол тікелей президенттің өзі тағайындайтын аймақтық губернаторлар билік басындағы партияның мейлінше көп дауыс алуына барлық жағдайды жасауға тырысады.

Мұрагерлік қоры Мәскеу кеңесінің директоры Евгений Волк былай дейді:

- Кремлдің жергілікті губернаторларға «Единая Россия» үшін қай жерде қанша адам дауыс беруі керектігі жөнінде тапсырма бергендігі құпия емес. Әрине, саяси болашағы билік басындағы партиядан тәуелді шенеуніктер үкіметтік партияға ең көп дауыс санын жазуға тырысатындығы аян.

Ресейде 100 мыңдай дауыс беру учаскесі тіркелген. Тәуелсіз бақылаушылар болса олардың барлығына бірдей бара алмайды деген Петров дауыс беру нәтижесін қолдан жасауды өз алдына тексеруге болатын бір жол бар дейді.

- Әдетте сайлау учаскесінде бір партия үшін дауыс берген сайлаушылар саны тым көп болса, оған бірден назар аударып, күмәнмен қарау керек, - деп атап өтеді Петров.

Жергілікті сайлау комиссиясының мүшелері әбден қартайған жалғызілікті, өздігінен жүре алмайтын адамдардың үйлеріне барып, олардың дауыстарын жинайды, міне осы процесс кезінде бұрмалаушылық кеңінен орын алады деген ол 2003 жылғы сайлауда мұндай сайлаушылардың 30 процентке дейін жеткендігін еске салады.

Ресейдегі парламент сайлауында әскер бөлімдерінде дауыс берулер әділ және ашық болмайды деген алаңдаушылық бар. Солдат аналары комитетінің деректеріне қарағанда, әскерде дауыс беру жасындағы 600 мыңдай адам болады.

«Новая газетаның» шолушысы Павел Фелгенауердің айтуына қарағанда, әскер қатарындағылардың өзіндік дауыс беру мәнері бар:

- Әскер бөлімдері сайлау учаскелеріне жақын орналасқан, олар бәрі бірдей сапқа тұрып дауыс беруге барады. Әрине, онда олардың билік партиясына дауыс беруіне деген қысым жасалары анық. Әскерлер өздеріне қалай айтылса, солай дауыс береді. Әрине, содан оларда кемінде 100 проценттік дауыс беру деңгейі қамтылады.

Сарапшылар Грузияның бөлініп кеткен Абхазия, Оңтүстік Осетия және Молдованың Трансднестр аймағында дауыс қорытындысын бұрмалаудың мүмкіндігі мол дегенді айтады. Бұл аймақтар Ресей үкіметі тарабынан қарыжылық қолдауға ие және аталған аймақтардың көптеген тұрғындарында Ресей азаматы деген төлқұжаттары бар. Оларға да «Единая Россия» үшін дауыс беріңдер деген қысым жасалуы мүмкін деп алаңдайды сарапшы Петров.

Ресейде 2003 жылы өткізілген парламент сайлауында 1200 халықаралық бақылаушы болса, 2004 жылғы президенттік сайлауға 800 бақылаушы қатысқан еді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Чуровтың айтуына қарағанда, жексенбі күні болатын сайлауды барлығы 280 халықаралық бақылаушы бақылай алады екен.
XS
SM
MD
LG