Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.13.2007 жыл


Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі бейсенбі күнгі жарық көрген республикалық басылымдарда әрі қарай талқыланыпты. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Маятас ауылында кішкентай баланы зорлаған жасөспірімге сот үкімінің шығуы газеттер назарын аударып, түрлі пікір тудырған.

«Экспресс К» газеті Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ететіндігі турасында Румыниядағы Қазақстанның уақытша ресми өкілі Бақытжан Ордабаевтің пікірін жариялапты. Онда өкіл Қазақстанның төрағалық етуін еуропалық серіктес елдердің дұрыс таңдауы ретінде бағалаған. «Өйткені, Қазақстан саналы бастамалар көтеріп, өз үлгісімен табысты экономикалық және саяси бетбұрыс тәжірибесін көрсетіп отыр. Әрі Қазақстан Орталық Азиядағы бәрі мойындаған көшбасшы ретінде ЕҚЫҰ принциптері мен құндылықтарын қорғай алады », - деген Бақытжан Ордабаев «Экспресс К» газетінде.

«Әрине, шешім қабылданарда тек қана «бұл елде демократия бар ма, жоқ па?» деген мәселемен шектелмей, қанша мүше ел бар – сонша ел «біз осыдан не ұтамыз, бізге қандай пайда әкеледі» деген сияқты тағы басқа ойларға баратыны рас», - дейді «Түркістан» газетінде Орталық сайлау комиссияның мүшесі, профессор Марат Сәрсембаев.

«Айқын» газеті «Ұлттық санаға саусатқан тәуелсіздік» деген мақалада Қазақстанның саяси реформаларға кірісіп жатқандығын тілге тиек ете отырып, Қазақстанның халықаралық ұйымға төрағалыққа бекітілгендігі саяси жағынан алғанда үлкен жетістік екендігін баяндайды. «Азия елдері, ислам әлемі және түркі дүниесінде Қазақстан бірінші болып қауіпсіздік пен ынтымақтастық саласындағы осы ұйымға төрағалық етпек», - дейді «Айқын» газетінің тілшісі.

«Литер» газеті Оңтүстік Қазақстан облысы Маятас ауылында бір тұрғынның 4 жасар баласын зорлаған жасөспірімнің сот үкімімен 8 жарым жылға кесілгені облыстағы араздықты басып, елді тыныштандыра ма?» деген сауал қояды. Мақала авторының айтуынша, қазан айының соңында болған оқыс оқиғаның өзі емес, оның қоғамда тудырған әсері, яғни, бірнеше үй мен автокөліктің өртенуі елді дүрліктірген. Газет тілшісінің айтуынша, жапа шеккен баланың ата-анасы сотталушыдан моральдық шығын ретінде 50 миллион теңге талап еткен. Бірақ сотталғанның жасы кәмелетке толмағандықтан, олар талаптарын сот үкімі шққан кейін сотталушының ата-анасына қоя алатындығын жазады «Литер» газеті.

«Ана тілі» газетінде Мырзан Кенжебай Маятас ауылындағы жасы кәмелетке толмаған баланың зорлануы мен Алматы облысындағы Шелек, Маловодное ауылдарында өткен жанжалдар - тек «бірен-саран қақтығыстар», ал «елде сүттей ұйыған тыныштық» деп көрсетіліп келгенін жазады. «Шынтуайтына келгенде мұның… басшылардың Қазақ елі деуге қорыққандығынан, Қазақстан республикасы деп атап отырған елді құрушы негізгі ұлт - қазақ ұлтын қорғайтын бірде-бір заңның жоқтығынан» орын алғандығын айтады мақала авторы.

«Время» газеті «Азаттықтың бір жұтым ауасы» деген мақалада 22 жасар алматылық Елена Кузецова деген қыздың жазықсыз 3 ай бойы абақтыда қамалғандығы және тергелгендігі сөз болады. Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, көзі нашар көретін қызды жергілікті полицейлер алдын-ала дайындалған сыбайлас адамдар көмегімен «есірткі тасымалдады» деп айыптап, қыздың шешесінен 5 мың доллар бопсаламақшы болған. Тек газетте жарияланған зерттеу мақаладан кейін ғана іс қайта қаралып, полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. «Бүгінгі күні қызды ұстап, оны тұтқындаумен айналысқан барлық полицейлер анықталды. Осы полицейлік бейберектсіздіктің артында бір полиция капитаны, Алматы қаласындағы аудандық ішкі істер басқармаларының бірінің бастығының баласы және белгілі полиция генералының бір туысқаны тұрғаны белгілі болды», - деп жазады «Время» газетінің тілшісі. Мақаланың соңында жазықсыз қамауда отырған бойжеткеннің желтоқсанның 5-і күні бостандыққа шығарылғаны, бірақ денсаулығы осы уақыт аралығында күрт нашарлап кеткендігі айтылады.
XS
SM
MD
LG