Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.22.2007 жыл


Ресей және Орталық Азия елдерінің өзара қарым-қатынастары Қазақстан президентінің Ресейге жасаған сапарына орай сенбі күні жарыққа шыққан газеттердің назарына ілігіпті. Онда әсіресе Ресей, Қазақстан және Түркіменстан арасында жүргізілетін Каспий бойы газ құбырының салынуы туралы уағдаластыққа қол қойылуы кеңірек талданып, сарапшылар арасында әртүрлі пікірге негіз болыпты. Сонымен бірге Қырғызстан мен Өзбекстандағы жағдай да сарапшылар назарынан тыс қалмаған.

«Казахстанская правда» газеті Қазақстан мен Ресей президенттерінің қарым-қатынасы басқа әріптес елдерге үлгі болатындығын жазады. Газет тілшісінің айтуынша, екі президент ай сайын дерлік бір-бірімен хабарласып тұрады екен. «Мысалы, Мәскеудегі осы жолғы келіссөздер биыл оныншы рет өткізіліп тұр», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

«Егемен Қазақстан» газеті болса, Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуінде аса маңызды мәселе – Каспий бойына газ құбырын тарту құрылысы жобасын бастау туралы үшжақты келісімге қол қойылғанын айтады. «Сөйтіп, көптен бері мәселе ретінде көтеріліп келе жатқан Каспий бойына газ құбыры салынатын болды», - деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті. Мақала авторы Ресей президентінің сөзіне сілтеме жасай отырып, «жаңа энергетикалық артерияның құрылуы әріптестерге үлкен көлемде ұзақ мерзімге арналған газ жеткізуді қамтамасыз ететіндігін, сондай-ақ, бұл Еуропаны энергетикалық қауіптен құтқаратындығын» жазады. Оған қоса газет тілшісі газ құбырын салу туралы құжат келесі жылдың екінші жартысынан бастап жүзеге аса бастайтындығын хабарлап отыр.

«Алайда Түрікменстан аталмыш құрылыс жөнінде өткен жарты жылда көңіл көншітетіндей ештеңе тындырмады», - дейді «Айқын» газетінің тілшісі осы тақырыпқа арнаған мақаласында. «Осы күнге дейін жобаның жалпы құны бағаланып, тиісті тұстары анықталып біткен жоқ. Оның сыртында Түрікменстан президенті Каспий бойы құбыр желісінің Транскаспий құбыр желісіне балама болып табылатындығын, түрікмен газының осы желінің екеуімен де экспорттауға жететіндігін айтып жүр», - дейді «Айқын» газеті. Оған қоса «Ресей президенті де ішкі есепті ашып көрсетпей, Каспий бойы құбыр желісінің Мәскеу үшін аса басымдылыққа ие емес екендігін аңдатқандай сыңай танытады», - деп есептейді мақала авторы. «Алайда Елбасының Ресейге сапарында Путиннің осы желіні энергоқауіпсіздікті нығайтатын жоба ретінде атауы Мәскеу мүддесінің қандай екендігін байқатады. Құбыр желісінің 360 шақырымдық бөлігі Түрікменстан, 150 шақырымдық бөлігі Қазақстан жерінде салынбақ», - дей келіп, «Айқын» газетінің тілшісі: «Бірақ ақалтекелі түрікмендердің қазіргі аяңы осы жобаның жүзеге асырылу мерзімін орыстар күткен мерзімнен де ұзаққа созып жіберетін тәрізді. Сондықтан да аймақ елдері арасында өзара ықпалдастыққа негізделген ынтымақтастық шаралары үнемі қадағалап, пысықтауды қажет етеді», - дейді. Оның пікірінше, Қазақстан президентінің Мәскеу сапары осы тұрғыда маңызды болып табылады.

Бұл тақырыпқа «Литер» газеті де тоқталады. Газетте келтірілген деректерге қарағанда, жаңа газ құбырынан жыл сайын 10 миллиард текшеметр газ өтіп, оның көлемі ұлғая түспек. Мақалада Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас әрі қарай да нығая түсетіндігі, бұл ретте бірқатар бастамалар қолға алынып жатқандығы баяндалады. Оның ішінде, Ресей, Қазақстан және Белорус арасында Кеден одағын құру туралы да кездесу барысында сөз болған.

«Айқын» газеті бұл уақытта «Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген сауалнама бойынша, ресейліктер Қазақстанды бүкіл ТМД аумағындағы өздеріне ең бауырлас ел деп есептейтіндігі анықталды» дейді. Сауалнама ТМД елдерінің Ресейге бауырластық және сенімділік қатысын айқындау мақсатында жүргізіліпті.

Қазақстан мен Ресейдің саяси жүйесіндегі ұқсастықтарды көршілес басқа елдер, соның ішінде Қырғызстанның оршолақ қолданғандығын «Литер» газетінде саясаттанушы Досым Сәтпаев «Саяси плагиат» деген мақалада жазады. Оның айтуынша, Қырғызстандағы парламент сайлауы алдында Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев барлығы президент билігі түріндегі негізгі орталыққа бағынатын саяси жүйені үлгі етіп алды деген пікір болған. Ақыры саяси плагиат пайда болды деп есептейді сарапшы. Оның пікірінше, Қырғызстанды Ресеймен немесе Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Саясаттанушының сөзіне қарағанда, Ресей президенті заң шеңберінен шықпай, өзінің «саяси театрын» жасау үшін 8 жылын сарп еткен, Қазақстан басшысы да қатаң президенттік вертикаль қалыптастыру үшін көбірек уақытын жіберген. «Путин мен Назарбаевты олардың әр түрлі әлеуметтік топтармен нақты келісім-шарттарға баруы, саяси және бизнес-элитаның қолдауына ие болуы, әлсіз оппозицияның болуы ортақтастырады. Ал Бакиевте ол жоқ», - дейді саясаттанушы «Литер» газетінде. Оған қоса, сарапшының сөзіне қарағанда, Ресей, Қазақстан және Әзірбайжандағыдай тым орталықтандырылған саяси жүйені ұстап тұру үшін шикізаттық, қаржылық ресурстар қажет. «Кезінде Қырғызстанда басқа көршілерінде жоқ бір мүмкіндік болған: ол - ақшалай да табыс әкелген «демократия аралы» имиджі... Бірақ соңғы парламент сайлауы оны да түгесті. Сондықтан, бұл тұрғыда ештеңені ойлап тауып әуре болмайтын Ислам Кәрімовтың қайта сайлау өткізуі оңай болмақ», - деп аяқтайды Досым Сәтпаев «Литер» басылымында жарияланған мақаласын.

«Время» газеті Ресей президенті Владимир Путиннің американдық «Тайм» апталығының шешімі бойынша жыл адамына айналғанын, ал Исал Кәрімовтің Өзбекстанда алдағы жексенбідегі президенттік сайлауда қайта жеңіп шығып, үшінші рет мемлекет басшысы болатындығын жазады шетелдік ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып.
XS
SM
MD
LG