Accessibility links

Қазақстан үкіметі шетелден келетін еңбек мигранттарына квотаны ұлғайтты


Қазақстанның ресми баспасөзінде жарияланған құжатқа сәйкес, жергілікті үкімет қаулысымен 2008 жылы республикаға шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы былтырғыдан ұлғайтылып, экономикалық белсенді тұрғындарының 1,6 пайызын құрады. Экономикалық белсенді тұрғындар саны 8 миллион шамасында екендігін ескерсек, шетелдік жұмыс күшінің 128 мың адамға жететіндігін есептеуге болады. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе артық. Сарапшылардың бір бөлігі Қазақстанға шетелдік білікті мамандар керек десе, келесілері алдымен жергілікті жұмыссыздардың жағдайын шешу керек деген пікірде.

Ресми баспасөзде жарияланған құжатқа сәйкес, бұл квота республиканың экономикалық белсенді тұрғындарының 1,60 пайызын құрайды. Олардың қатарында бірінші санат, яғни ұйымның басшылық құрамы, жоғары және орта кәсіби білімі бар мамандармен қатар төртінші санаттағы маусымдық ауылшаруашылық жұмыстарын істейтін жұмысшылар бар. Ал, 2007-жылы республика аумағына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы экономикалық белсенді халықтың 0,80 пайызы ретінде белгіленген.

Яғни, былтыр барлық санаттар бойынша да мамандар екі есе кем тартылды. Жергілікті жұмыскерлердің бұл мәселеге қатысты көзқарастары әртүрлі. Мәлік Исабеков жұмыс іздеп Алматыдан Астанаға көшіп келген. Құрылыс компанияларының біріне орналасқан соң шетелден, әсіресе Өзбекстаннан келген құрылысшылардан бәсеке таласын аңғардым, дейді ол. Құрылысшы Мәлік Исабековтың айтуынша, осы жайтты ескеріп шетелдіктер үшін квотаны азайту керек:

- Қазақстанда шетелден келген жұмыскерлер өте көп. Менің ойымша, Қазақстанда жұмыссыз жүрген адамдар көп. Әрине, білімді мамандар керек. Бірақ, бір шетінен токарь, сантехник, дәнекерлеушілер өзімізде де көп.

Көші-қон полициясының мәліметінше, жыл сайын заңсыз мигранттар Қазақстан бойынша 200-300 мың адамға көбейіп отырады. Бақылаушылардың айтуынша, бұл тек ресми сандар. Олардың басым бөлігі ТМД азаматтары. Бұл шетелдіктер жоғары біліктілікті қажет етпейтін және жергілікті тұрғындар арасында сұраныс жоқ жұмыстарды атқарады, дейді полиция өкілдері.

Ондай еңбек мигранттарының басым бөлігі - Өзбекстан азаматтары. Бірақ, тек ресми мәлімет бойынша қазір Қазақстанда жүрген шетелдік еңбек мигранттары жыл сайын кем дегенде 13-15 миллиард теңгені Қазақстаннан алып кетеді. Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Әлік Ішпекбаевтың айтуынша, шалғай елдерден келгендер Қазақстанның мұнайлы өңірлерінде жұмыс істейді:

- Алыс шетелден келгендерде квотасы бар үкімет берген. Олар көбінесе мұнай-газ саласында Батыс Қазақстан аймағында жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанның мұнайлы өңірі Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың айтуынша, біріншіден Қазақстанда мұнай саласындағы барлық келісімдерде жергілікті және шетелдік жұмыскерлердің еңбекақы шегі көрсетілмейді. Екіншіден, мұнай саласына қажет жергілікті қызметкерлер дайын емес, дейді Ізмұхамбетов:

- Өкінішке орай, кейбір жаңа кіргізіліп жатқан технологияларға жергілікті қызметкерлердің дайын болмауына байланысты біз бір бөлек жұмыстарға шетелдік қызметкерлерді келтіруге тура келіп отыр.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, техникалық құрылыс және ауыл шаруашылық саласындағы мамандарға сұраныс өсіп тұрған шақта мұнай өндіру саласындағы кадрлар көбейіп келеді. Яғни, ұсыныс пен сұраныс арасында теңгерімділік жоқ. Мұны еңбек министрлігі де мойындап отыр. Ал, Ауылшаруашылық министрлігінің мәліметінше, ауылдарға 10 мың маман жетпейді. Қазір ауылдарға мұғалім, құрылысшы, технологтар қажет. Ресми мәлімет бойынша қалаларда да техникалық қызметтерге: механик, слесарь, дәнекерлерге деген сұраныс 3-4 есеге өскен. Ал, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, маман тапшылығын квота арқылы шеше отырып қазақтарды көбейтуге болады:

- Кейбір жетпейтін мамандарды шетелден алып келеміз. Инвесторларға квота береміз. Қазіргі ұсынымыз квота берген кезде көршілес мемлекеттерде тұратын қазақ ағайындарды есептесе.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның білім білім беру жүйесі нарыққа қажет мамандарды дайындауға дайын емес. Ал, көптеген кәсіпорындар Кеңес одағы кезіндегі ішкі мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру орталықтарын жауып тастаған, өндірістік технологиялар болса ескірген. Сондықтан, қазақстандық жұмыскерлердің еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен деген пікір бар. Білім министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда маман дайындайтын оқу орындарындағы жабдықтар моральдық тұрғыдан ескірген. Себебі, соңғы 15 жылға бұған мемлекеттен қаржы бөлінбеген.
XS
SM
MD
LG