Accessibility links

АҚШ-тың Нью-Хемпшир штатында президент сайлауы шеңберінде алдын-ала сайлау өтіп жатыр


АҚШ президенттігіне кандидат болып ұсыныламын деген саясаткерлер мұнда маңызды межеге жетпек. Осы штатта алға шыққан екі бәсекелес саясаткер барша Америка Құрама Штаттары шеңберінде қоғам назарына ерекше ілінбек, президенттікке кандидат деген дәрежеге жетуге басымдылық алмақ. Демократиялық партия шеңберінде қазірдің өзінде алға Барак Обама шықты, ол саясат төрінде жаңадан көрінген саясаткер. Барак Обама көпшілікті таң қалдырып, саясат ардагері Хилари Клинтонды артта қалдырды. Республикалық партия шеңберінде алға Джон МакКейн шықты, ол партиялас бәсекелесі Майк Хаккабиден озып отыр.

Жалпы, АҚШ президентін сайлау науқаны бірнеше кезеңнен құралған, 3 қаңтар мен 3 маусым арасында төменгі саты сайлаулары өтеді ең алдымен. Ал қорытынды сайлау 4 қарашада өтеді. Міне, президент сайлауы науқаны басталысымен Демократиялық партияның өкілі, елдің бұрынғы президенті Билл Клинтонның жұбайы Хилари Клинтон аяқ астынан ұтылды. Хиллари Клинтон қазір АҚШ Конгресінің жоғары палатасы Сенатта депутат екені аян. Хиллари Клинтон саясатта жұбайы Билл Клинтоннан дербес жүргені де аян. Көпшілік Хиллари Клинтон төменгі саты сайлауларында алға оңай шығып кетеді деп пайымдады. Алайда, Айова штатында өткен алғашқы сайлауларда Хиллари Клинтон үшінші орынға түсіп қалды. Ал бірінші орынға партияласы Барак Обама шықты.

"Азат Еуропа"/"Азаттық" радиосының тілшісі Хийтер Мейер демалыс күндері Нью-Хемпшир штаты Манчестер қаласында болып, науқан барысын көрді. Тілшіміз суреттеп отырғандай, бір қарапайым сайлаушы Хиллари Клинтонның қал-жағдайын сұрағанда, Хиллари ханым өзін берік ұстайтын бейнесінен шығып, көзіне жасы толып, дауысы дірілдеп, былай деп жауап қатты:

- Кейбір адамдар сайлауды ойын деп қабылдайды, біреу алға басты, біреу артта қалды деп ойлайды. Бірақ бұл ел шаруасы. Бұл балаларымыздың болашағына қатысты іс, шынтуайтында барлығымызға қатысты шаруа. Білесіздер ғой, арамыздағы кейбіреулер бізді бұл жерден алыстатуда, олар бұл істі кейбір нақты қарама-қайшылыққа қарамастан жасап отыр.

Міне, сайлау додасының ең басында Хиллари Клинтон сүрініп қалды. Айова штатында жеңіліп қалған Хиллари Клинтон енді Нью-Хемпшир штатында ұпайын түгендеп алуға күш салып жатыр.

Барак Обаманың жасы не бәрі 47-де, оның АҚШ Сенатында депутат боп отырғанына да не бәрі үш жыл болды. Соған қарамастан, Барак Обаманың сөзін есту үшін, бөлек топтарға бөлінген Америка Құрама Штаттарын біріктіремін деген сөзін тыңдау үшін мыңдаған адам кезекке тұрған жағдайлар болып жатыр. Барак Обама Хилларидің алдына 10 пайыз шығып отыр, дейді қоғамдық пікір зерттеулері.

Барак Обаманың саяси ұранында "үміт" деген сөзге басымдылық беріліп отыр. Барак Обаманың әкесі - африкалық, шешесі - америкалық. Барак Обаманың білімі – заңгер, ол қоғамдық жұмысқа жастайынан араласқан, қалалық мекендерде тұратын кедей адамдардың әлеуметтік мәселелерімен айналысқан. Барак Обама АҚШ саясатында соңғы жылдары басымдылық алған партияласуды доғарамын, Американы біріктіремін деп уәде айтып отыр.

Республикалық партияның шеңберінде де көпшілік күткен, сарапшылар болжамдаған істер теріс шықты. Алға әзірше сенатор Джон МакКейн шығып отыр. Джон МаКейн – АҚШ әскери саласының ардагері, Ирақ соғысын қолдайтын саясаткер. Республикалық партия шеңберінде екінші орынға Массачусетс штатының бұрынғы әкімі Митт Ромней шықты. Ал енді Митт Ромней төменгі сайлауларда бірден алға шығады деп күтілген. Республикалық партия додасының соңында Арканзас штатының бұрынғы әкімі Майк Хаккаби келе жатыр.

Майк Хаккабидің сайлау науқанының бір ерекшілігін айта кетсек – ол қасына танымал киноактер Чак Норристі ертіп алған. Қазақстанда да кеңінен танымал Чак Норрис қарапайым сайлаушыларға қайырылып, Майк Хаккабиге дауыс беріңдер деп үгіттеуде. АҚШ президентін сайлау науқанының ең алғашқы кезеңі боп табылатын осы сайлауларда президенттікке кандидат боламын деген саясаткер сайлаушылармен тікелей кездеседі, бір үйден шығып, екінші үйдің есігін қағады, түрлі жиындарда сөйлейді, қарапайым азаматтармен кофе ішіп, тікелей дидарласады. Яғни, әрбір сайлаушы мұндай жағдайда өз ойын, алаңдаушылығын ел президенті боламын деген саясаткерге жүзбе-жүз айта алады.
XS
SM
MD
LG