Accessibility links

Америка Құрама Штаттары президентін сайлау ерекшеліктері


Америка Құрама Штаттарында президентін сайлау науқаны бірнеше сатыдан құралған: ел басқарамын деген саясаткерлер алдын-ала сайлаулар және партия жиналыстары, одан соң партия құрылтайлары деген кезеңдерден өтеді. Ал науқанның ең соңында екі ең соңғы үміткер жалпыхалықтық сайлауда дауысқа салынады, бірақ президент кім болады деген мәселе Сайлаушылар алқасында біржолата шешіледі. АҚШ президентін сайлау жүйесі күрделі, сырт көзге қарағанда бұл жүйенің кейбір тұстары бір біріне қарамақайшы. Ондай болса біз осы жүйенің негізгі принциптерін, негізгі тәртібін баяндайық.

Америка Құрама Штаттарының президентін сайлау науқаны алдын-ала сайлаулардан және партия жиналыстарынан басталады. Сонымен, науқан басында, биыл міне үшінші қаңтар мен үшінші маусым аралығында алдын-ала сайлаулар және партия жиналыстары өтеді.

Америка Құрама Штаттарында қалыптасқан дәстүрге сәйкес, алдын-ала сайлаулар мен партия жиналыстары президент боламын деп ұмтылған барша саясаткердің алғашқы додасына айналған, науқанға түсуге кімнің шынайы лайықты екенін анықтау қажет. Мәселен, өткен жылдың жазында бақандай 15 саясаткер ел президенті боламын деп мәлімдеді. Осыншама көп саясаткердің арасынан қайсысы нақты лайық деген мәселені анықтау қажет. Әр партия шеңберінде өз ара сынасудан өткен екі ең мықты саясаткер ғана сайлау науқанының ең соңғы кезеңіне жетеді.

Алдын-ала сайлаулар мен партия жиналыстары әр штатта әр қалай өтеді. Мәселен, Айова сияқты кейбір штатта үміткерлер партия жиналыстарында талқыланады, мәселені партия мүшелері шешеді. Ал көптеген штатта партия жиналыстары емес, алдын-ала сайлаулар өткізіледі, сайлаушылар қағаз бюллетеньдермен дауыс береді. Алдын-ала сайлаулар мен партия жиналыстары кезеңінде үміткерлер үгіт-нәсихат жұмыстарын жүргізеді. Сайлаудың тағы бір ерекшелігі – партия жиналыстары ең алдымен Айова штатында өтеді, алдын-ала сайлаулар ең алдымен Нью-Хемпшир штатында өтеді.

Алдын-ала сайлаулар мен партия жиналыстарының көпшілігі биыл ақпан айының бесіне белгіленді. Штаттардың көпшілігі науқанның бірінші кезеңін жыл басында өткізіп алып, науқанның екінші және үшінші кезеңдеріне көбірек уақыт қалдыруды ойластырды. Алдын-ала сайлаулар мен партия жиналыстары кезеңінен өте алмаған үміткерлер науқаннан мүлдем шығып қалады.

Америка Құрама Штаттарында президентін сайлау науқанының екінші кезеңінде партия құрылтайлары өтеді. АҚШ-та екі бәсекелес партия – Республикалық партия мен Демократиялық партия болса – сайлау науқанындағы партия құрылтайлары әдетте жаз айларында өтеді.

Демократиялық партияның құрылтайы биыл 25 тамызда Колорадо штатының Денвер қаласында өтеді деп алдын-ала шешілген. Республикалық партия құрылтайының бұдан бір аптадан соң Миннесота штатының Сант Паул қаласында өтетіні де жыл басында белгілі болды. Партия құрылтайларына әр штаттан баратын делегаттың саны да нақты белгіленген.

Партия құрылтайларының кезеңі негізінен саяси рәсім іспеттес. Әл үміткер әр штатта алдын-ала сайлаулар мен партия жиналыстарында қанша дауыс жинағаны баршаға белгілі болады, сондықтан әр партия шеңберінде жеңіске жеткен үміткердің аты-жөні салтанатты түрде аталады. Сонымен, Республикалық партия президентікке кандидат болуға лайықты деген бір адамын ғана атайды, Демократиялық партия да сайлаудың үшінші кезеңіне бір адамды ғана ұсынады. Президентікке кандидат деп аталған адам вице-президент болуға лайықты деп таңдаған үзеңгілесін атайды.

Осылайша, президентікке кандидат және вице-президентікке кандидат болды деп іріктелген қос қостан төрт азамат үгіт-нәсихат науқандарын бастап кетеді. Ал қараша айының алғашқы бейсенбісінде сайлау науқанының ең соңғы, шешуші кезеңі өтеді.

Америка Құрама Штаттарында президентін сайлау науқанының соңғы кезеңінде жалпыхалықтық сайлау өтеді және одан бөлек сайлау Сайлау алқасында өтеді. Қарапайым сайлаушылар дауыс бергенімен, АҚШ президенті кім болады деген мәселе науқанның ең соңғы сатысында Сайлау алқасында анықталады.

Сайлау алқасы 538 арнайы сайлаушыдан жасақталған. Президент болу үшін кандидат кемінде 270 арнайы сайлаушының дауысын жинау керек. Сайлау алқасының жасақталуы АҚШ парламентін жасақтау тәртібіне ұқсас, яғни халқы көп штаттан Сайлау алқасына мүше көбірек сайланады.

Сайлау алқасының мүшелерін сайлау әр штатта әр түрлі қалыптасқан. Штаттың көпшілігінде Сайлау алқасының мүшелері партия кандидаттарымен қатар сайланады.

Осылайша, жалпыхалықтық сайлау сүзгісінен өткен кандидат, Сайлау алқасының шеңберінде де сайлауға түседі. Сайлау алқасының сайлауынан өту кезеңінде кейде қайшылық болады, мұндайда мәселені Жоғары сот шешеді. Ал енді АҚШ президенті болды деп сайланған азамат қызметіне шамамен 80 күннен кейін кіріседі. Осы уақытта ескі әкімшілік пен жаңа әкімшілік арасында қызмет тапсыру кезеңі өтеді. Америка Құрама Штаттары президентінің қызметіне кіру салтанаты, яғни инаугурациясы 2009 жылдың 20 қаңтарында болады.
XS
SM
MD
LG