Accessibility links

Әнші, ақын, композитор Ермұрат Зейіпхан қазіргі қоғамдағы өнер жайында


- Қазіргі Қазақстанның өнер саласында әркім өзінше өмір сүріп кетті. Жоғары биліктен болсын, тиісті министрліктен болсын біздегі өнер адамдарын қолдап-қуаттау деген жоқ болды. «Еңбек қайраткері» деген атақты шахтерге де, актерге де беретін болды.

Өнер адамдары мен әншілер көбінесе той-томалақтарда өз өнерлерін көрсету арқылы не арнайы концерттік бағдарламалар арқылы, ел-жұртты өздері аралап елге танылып, өз нәпақаларын тауып жүр. Басқадай жол жоқ болып тұр. Бұл жерде ақшалы, бай адамдар ғана өздерін не өз әншілерін жалықпай көрсететін бағдарламалар жасап, түрлі сахналарға шығып жүр, ал нағыз мен деген өнер адамдары мен жақсы әншілер тасада қалып қойды.

Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында небір мықты дауысты әншілер бар, бірақ олар қазіргі жеңіл музыкамен жазылған фонограмма бойынша ән айтатын ортанқол әншілердің тасасында қалып отыр, осыған ішің ашиды. Олар баяғыда тірі дауысымен, жанды дауысымен шырқата ән салып ел-жұртқа танылған әншілер ғой.

Бүкіл ғұмырын тек сахнаға арнаған нағыз өнер адамдарының жағдайы осылайша шатқаяқ күй кешіп тұрғанда соларға көмек жасауымыз керек. Өйткені қазір сол театрда болатын қандай бір қойылым, концертке көп адам бармайды, барса шетелдерден келген қонақтар не елшіліктердің аз ғана адамдары барып тамашалайды. Олар осы сахнадан кете алмайды, таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін сонда жүреді, сонда алатындары шамалы ғана.

Сондықтан қазіргі үкімет осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, осы нағыз өнер адамдарының қайта жарқырап шығуына қандай да бір жағдай жасауы тиісті деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі жеңіл музыкамен сахнаны, барлық теледидарды жаулап алған «жұлдыз» әншілер әрі кетсе 5-10 жылда өз-өзінен жоқ болады, сонда нағыз тірі, жанды дауысты әншілерді іздейтін боламыз. Бірақ сондай күн келгенде тым кеш қалып, өкініп жүрмесек болғаны.
XS
SM
MD
LG