Accessibility links

Қазақстанда жыл соңына дейін шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды


Қазақстанда ақпанның 21-інен бастап орта және шағын бизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мораторий күшіне енді. Бас министр Кәрім Мәсімов үкіметтің кеңейтілген отырысында президенттің тапсырмасына орай шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау жөнінде қаулыға қол қойды. Кейбір кәсіпкерлер бұл шара шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді десе, екіншілері мұндай уақытша науқан жағдайды өзгерте қоймайды деп санайды.

Шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий ақпанның 21-інен бастап күшіне еніп, осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатын болды.

- Бұл шараның шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына өзіндік әсері бар болғанымен жағдайды өзгертпейді. Өйткені, орта және шағын кәсіпкерлікке берілетін несиені алу өте қиын. Қазір кепілге мүлік қабылданбайтын болды, - дейді Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов.

Оның айтуына қарағанда, кепілге қойылған заттың құны түсініксіз, қанша тұрады оны ешкім білмейді. Сондай-ақ несиенің пайыздық қайтарымы да өсіп кеткен.

- Ал бұл шара уақытша, жылдың аяғына дейін ғана болады. Ертең мораторийдің мерзімі біткен соң мемлекеттік органдар не істейді? Әрине, баяғы тексерулер, кәсіпкерлерге қысым жасау, заң бұзу қайта басталады. Мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамытқысы келсе «Жеке меншік кәсіпкерлік туралы» заңға өзгерістер енгізу керек. Оның ішінде 38 баптың 18-19 бөліктерін мүлде алып тастау керек. Бұрын шағын бизнесті тексерер алдында мемлекеттік органдар екі апта бұрын ескерту жасайтын. Қазіргі заңда бұл норма алынып тасталды. Осыны қайтадан енгізу керек. 1997 жылы шыққан «Жеке меншік кәсіпкерлік туралы» заңда орта бизнесті жылына бір рет, ал шыған бизнесті үш жылда бір тексеру керек деген бап болған. Осының барлығы алынып тасталды, - дейді Тимур Назханов.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 14-інде үкіметтің кеңейтілген отырысында шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау туралы мәселе қойған болатын. Алайда, ол бұл мораторийге азық-түлік және дәрі-дәрмек секілді тауар өндірумен айналысатын кәсіпорындар кірмейді.

- Мұндай кәсіпкерлік нысандарды біз тексеріп, бақылап отыруға міндеттіміз, - деген еді президент.

Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге алғашқы мораторий 2003 жылы 9 айға жарияланған болатын.

- Бұл шара соның жалғасы іспеттес. Қалай болғанда да мемлекет шағын бизнестің өркендеуіне жол ашып жатыр. Ал бүгінгі шараны өз басым қолдаймын, - дейді тігін-тоқымамен айналысатын кәсіпкер Үміт Нұрмолдаева.

Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының мәліметіне жүгінер болсақ, бүгінгі таңда ел бойынша 800 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпорын тіркелген. Оның 100 мыңы тіркелгенімен мүлде жұмыс істемеген. Ал тағы 100 мыңға жуығы жұмыс та істемейді , салық органдарына есеп те бермейді екен.

- Сондықтан статистиканы реттеу керек. Өйткені, шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың нақты саны белгісіз. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 25 пайызды құрайды. Бұл жерде көбінесе кәсіпкерлердің өзі де заң бұзатындығын, өз міндеттері мен құқықтарын білмейтіндігін айта кеткен жөн. Заң білмейтін кәсіпкерлер көлеңкелі бизнеспен айналысуға құмар, - дейді Тимур Назханов.

Оның айтуына қарағанда, дәл қазіргі уақытта елдегі шағын және орта бизнесте жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің арасында көлеңкелі бизнеспен айналысатындары 50 пайыздай болуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG