Accessibility links

Қазақстанның мұнай-газын Украинаға қай жолмен тасымалдаған тиімді?


«Қазақстан Украинаға қажетті көлемде мұнай-газ беруге дайын, бірақ оны тасымалдау мәселесін Ресеймен бірлесіп шешу керек». Астанада 6 наурыз күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Виктор Ющенкомен өткен келіссөздерден кейін осындай мәлімдеме жасады. Өз кезегінде Ющенко мұнай көлемін өзге елдерден де толықтыруға болатындығын жеткізіп, Ресей құбырына бәсеке болатын «Одесса-Броды» құбырын ұсынды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Украина мұнай мен газға зәру.

«Ал Қазақстан бұл қажеттілікті қанағаттандыра алады. Бірақ, шикізатты Украинаға тасымалдау мәселесі туады. Бүгінде Қара теңіз айлақтарына тасымалдау жұмыстары тек Ресейдің «КТК» құбыры арқылы жүргізіледі. Қазақстан шикізат беруге дайын, ал тасымалдау мәселесін Ресеймен 3 жақты келіссөздер өткізіп шешу керек», - деді президент Назарбаев.

Бақылаушылардың пікірінше, Каспий мұнайын өткізу мүмкіншілігі ең жоғары құбыр Ресейдің меншігі болғандықтан, Ресей жағы мұнайдың едәуір көлемін өз территориясы арқылы өткізіп, транзиттен түсетін табысын ұлғайта беруге мүдделі екенін жасырмайды. Әзірге, Каспий мұнайының едәуір бөлігі Теңіз-Новороссийск бағытындағы құбырлармен тасымалданып жүр.

1992 жылы Ресей, Қазақстан және Оман сұлтандығының күшімен салынған бұл құбыр қазір Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерін Ресей транзитіне тәуелді етіп отыр, дейді сарапшылар.

Каспийдің құбырлық консорциумы, қысқаша «КТК» аталатын ұзындығы мың жарым шақырымнан асатын құбыр. Ол Батыс Қазақстандағы әлемдегі ең ірі кеніштерге жататын «Теңіз» мұнай кеніші мен Новороссийск қаласындағы айлақты жалғастырып жатыр. Осы құбыр арқылы Қазақстан мұнайы әлемдік базарға жөнелтіледі.

Дегенмен Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың айтуынша бұл бағытқа балама бағыт бар.

«Баку арқылы Қара теңізге шығуға болады. Біз бұрынғы құбырды қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан терминалдары бар Батуми айлағында сатып алды», - деді Назарбаев.

Ал, Украина президенті Виктор Ющенконың айтуынша, мұнай көлемі мәселесінде проблема жоқ.

«Мұнай бар. Біз бұл мәселе бойынша Әзірбайжанмен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазір Баку-Джейхан мұнай құбыры толық», - деді ол.

Президент Ющенконың айтуынша, Украина Польша арқылы Еуропаға шығатын Одесса-Броды мұнай құбырының жобасы тиімді болмақ.

Қазақстандағы оппозициялық сарапшылардың айтуынша, ресейліктерге бәсекелес болғалы отырған Украин құбыры Қазақстан үшін тиімді. Ющенко Одессы-Броды жобасы Каспий мұнайын Еуропа орталығына тасымалдауды көздейтінін айтады.

«Бұл бағыттың баламасы жоқ. Қазір бірде бір жоба осындай қысқа жолмен Каспий мұнайын Еуропа тұтынушыларына жеткізуді ескермейді», - деді Украина президенті.

Виктор Ющенконың айтуынша, осы жылы мамыр айында Киевте энергетикалық саммитте «Одессы-Броды-Гданьск» жобасының техникалық экономикалық негіздемесі қаралады.

«Бұл жобаға түрлі бағытта Каспийдің шикі мұнайын тасымалдайтын тағы бірнеше жобалар қосылады. Оларды әзірге атамаймын. Бірақ, тәжірибелік мұнай құю шаралары жуық арада жүргізіледі», - деді Ющенко.

Мамыр саммиті бұл мәселеге нүкте қояды, деді Ющенко.

«Техникалық экономикалық негіздеме қабылданады. Оны Еуроодақ қаржыландырып отыр», - деді Украина президенті.

Және ол Украина Қазақстандағы мұнай өңдеу құқын алғысы келетіндігін жеткізді. Президент Назарбаевтың айтуынша, біріккен мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіншілігі талқыланды. Президент Ющенко Украина қазіргі және жаңа көлік дәліздері бағытында мұнай өңдеу зауытын салуға дайын екенін айтты.

Өз кезегінде Қазақстан Украинаны транзиттік территория ретінде пайдалану мәселесін қарастыруы мүмкін екендігін жеткізді. Сарапшылардың айтуынша, Украина транзиттік территория ретінде өте тиімді. Мысалы, Ресей осы Украина арқылы газын Еуропаға шығарып отыр.
XS
SM
MD
LG