Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.12.2008 жыл


Наурыздың 12-күні жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстанда сәуір айынан бастап коммуналдық қызмет бағасының қымбаттайтыны, жақын күндері «Хабар» агенттігінің акциялар пакетінің жартысы саудаға шығарылатыны, сондай-ақ ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына қарсы Ақмола әскери гарнизонында жүріп жатқан жабық сот жайында мақалалар берілсе, кейбір Интернет-сайттарда Қазақстанның жоғары билігіне жақын тұлғалардың дауыстарына ұқсайтын телефон әңгімелерінің жаңа мәтіндері мен аудиожазбалары жарияланды.

«Айқын» басылымы үкімет елбасына және елге биылғы жылы инфляцияны 10 пайыздан асырмай, құрықтап ұстауға уәде еткенімен баға бой бермей кетуі мүмкін деген болжам-хабар жеткенін жазыпты. «Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшысы Нұрлан Алдабергенов алпауыттардың арынын ауыздықтап, тіпті мемлекет реттейтін тарифтердің өсу шегін белгілеуді ұсынды. Ол – ол ма, енді жылу-жарық монополистерінің «жүйелерді жаңартам!» деп елден «жылу» жинауына да тыйым салынбақ. Яғни олар бұдан былай қандай да бір инвестжобаны жүзеге асыру үшін тарифті алдын ала қымбаттатуға қол жеткізе алмайды» деп жазады «Айқын» газеті.

Алайда экономист Қанат Берентаев «Литер» газетінде білдірген пікірінде, үкіметтің бағаны ұстап тұру саясаты түбірімен қате депті. «Ең әуелі, бағаның қымбаттау себептерін анықтап алғаннан кейін ғана қандай да бір шаралар атқарған жөн. Біз бұған дейін үкімет бензиннің, нан өнімдері мен азық-түліктің бағасын қалайша ұстап тұруға тырысқанын көрдік. Жыл соңында ондай істерден еш нәтиже шықпайтыны айқын болды. Меніңше, биыл монополистер барлық тосқауыл-бөгеттерді еңсеріп, үкіметті шарасыздан бағаның қымбаттауына келісім беруге мәжбүр ететін сыңайлы» деген болжам жасайды маман.

«Аргументы и факты Казахстан» газеті үкімет сәуірдің 1-інен бастап электр қуатының бағасы 15,7 пайыздан, орталықтандырылған жылу жүйесінің қызметі – 10,9 пайыздан, құбырмен келетін су құны – 12,3 пайыздан артық қымбаттамауы тиіс деген шекті мөлшер белгілегенін хабарлапты. «Бірақта мұндай шектеулер тек мазут мен көмірдің бағасы былтырғы желтоқсан айындағы деңгейінде қалса ғана мүмкін болмақ» деп жазады басылым.

«Время» газеті Ақмола әскери гарнизонында ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның сыбайластарының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан жабық сот ісіне қатысты кейбір деректерді жариялапты. Газет сілтеме жасаған «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне сұхбат берген аты-жөні атаусыз заң орнының өкілі «сотта айыпталып отырғандар Әлиевтің нұсқауы бойынша елде билікті күшпен басып алмақ болған, осы мақсатта қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз етілген арнайы топтар құрылған, оларды шетелде дайындау ұйымдастырылған» деген ақпарат беріпті.

Оған қоса қылмыстық топта болғандар «Қазақстанның жоғарғы билігіндегі адамдардың өмірі мен денсаулығына қастандық жасау мақсатында аса улы заттар дайындамақ болғанын да мойындапты» деп жазады «Литер» газеті. Газеттің жазуынша, айып тағылған 20-дан астам адамның көпшілігі аяқталуға таяп қалған әскери сот процесінде жауап беріп жатыр. Ал арасында Рахат Әлиев пен Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев бар бес адам қазір Қазақстаннан тыс жерде қашып жүргендіктен сот үкімі оларға сырттай шығарылмақ.

Ал осы Рахат Әлиевке қатысы бар деп саналатын «kaztoday.ru» Интернет-сайтында Қазақстанның жоғары билігіне жақын тұлғалар – елдің ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов пен президенттің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің дауыстарына ұқсайтын екі адамның өзара телефон арқылы сөйлескен әңгімелерінің жаңа мәтіндері мен аудиожазбалары жарияланды. Ол әңгімеде әлгі екеудің бірі «Шеф» деп атайтын бір мықтыға «еуразиялықтарды» оңдырмайтын дерек жеткізгенін, бір басылымға Бельгия полициясы жүргізіп жатқан қылмыстық тергеу ісі туралы көлемді мақала басуға тапсырма бергенін, «Шефтің» Қазақгейт ісі бойынша қуанышты хабар алғанын айтады. Сондай-ақ ол 84 млн доллар жайында сөз болатын Қазақгейт ісі аяқталғанын, бұл іс жайында Америкада болғанда «Шеф» Бушқа: «сенің адамдарың не шулатып жүр» деп айтқанын баяндайды. Сонымен бірге әңгімеде екеудің біреуімен «Шеф» Конституция жайлы кеңірек сөйлескені, айдың 18-іне дейін өзгелер күтпеген тосын шешім қабылдайтыны айтылады. Бұдан кейін екеуара әңгімеде Нұртай деген адам жайында сөз болады. «Шеф» Нұртайды өзінің маңынан жібергеніне өкінетіні айтылады. «Дегенмен, Нұртай тіпті алысқа кеткен жоқ, ол Ресейде отыр» дей келе, Нидің дауысына ұқсайтын адам «Шефке»: «бұл әлгі Қорғаныс министрлігіндегі, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі кездегідей ың-шыңсыз аяқталады» деп айтқанын жеткізеді. Осы адамның айтуынша, 2008 жылдың аяғында үлкен өзгерістер болуы тиіс көрінеді. Бұдан соң екі адамның әңгімесі «Мұртты» деген кісі жайында болады. Бірді-бірге соғатын адам ретінде сипатталған «Мұрттыны» Америкаға жіберуге болмайтыны айтылады. Мұндай пікірмен «Шеф» те келіседі екен. Осы арада екеудің біреуі «Бауыр» деп аталатын бір адамды «Шефтің» көмекшісі етіп тағайындау туралы өз жоспарымен бөліседі. «Бауыр» осында келген соң «Мұртты» екеуі қырқысады, мұның бәрін Нұртай біледі, мен сендер үшін тырысып жүрмін» дейді ол.

«Айқын» газеті «Қош бол, «Хабар» көргенше...» деген мақаласында «Хабар» агенттігі акционерлік қоғамының акциялар пакетінің 50 пайызы сатылатыны айтылыпты. «Қалай болғанда да «Хабар» елдегі ең танымал телеарнаның бірі және бірегейі. «Хабарды» алу – Қазақстанды алумен бірдей нәрсе» деп жазады «Айқын».

«Литер» басылымының жазуынша, Алматы аймақтық қаржы орталығының арнайы сауда алаңында 14 наурыз күні «Хабардың» 570848 қарапайым акциясы саудаға шығарылады. «Сірә, осы саудадан кейін «Хабар» мемлекет иелігіне толық қайтарылатын секілді» деп болжайды «Литер» газеті.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG