Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.14.2008 жыл


Жұма күні жарық көрген газеттерде Қазақстанның қаржы-экономика саласындағы қалыптасып отырған жағдай мен алдағы күндерге болжаулар айтылыпты. Ал тәуелсіз басылымдарда Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің тасы өрге өрмелеп тұрған кездегі жасаған тірлігі жайында мақалалар жарияланды.

«Айқын» басылымы алдағы уақытта Қазақстанның ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағамы 140 теңге болатынын шетелдік сарапшылар жиі айта бастағанын жазыпты. «Бүкіл әлемде құлдырай бастаған доллар бағамы, әлемдік экономикаға қосылып кеткен біздің елде де төмендеуі тиіс еді. Ендеше неге ақылға қонымсыз болжамдар жасалуда» деген сұраққа ресейлік экономист Владимир Осаковскийдің «Қазақстанда ұлттық валюта бағамын ұстап тұратын қаражат көлемі азайып қалған, соған байланысты доллар күш алып кетуге жақын. Яғни, Ұлттық банктің резерві өткен жылдың жазынан бері қарай 25 пайызға азайып қалған» деген жауабын беріпті. Ресейлік сарапшының айтқандарының жаны да бар секілді дей келе, «Айқын» газеті 2007 жылдың тамыз-қыркүйек айларында теңгенің бағамдық тұрақтылығын сақтап қалу үшін Қазақстан Ұлттық банкінің алтын-валюталық қоры 5 миллиард АҚШ долларына азайып қалғанын айтады. «Ал бұл дегеніңіз, алтын-валюта қоры үшін біраз салмақ еді. Себебі, тек 1999-2006 жыл аралығында пассивтік сальдо бойынша қордан 1,4 миллиард доллар ғана шығын шыққан екен. Айналдырған екі айда жеті жылда шықпаған шығынның 5 миллиардты құрағаны-ақ дағдарыстың экономикамызға тигізген салмағын көрсетеді» деп жазады «Айқын» газеті. Басылымға берген сұхбатында қаржыгер-сарапшы Ілияс Исаев елде долларға сұранысты сыртқы қарыздарын доллармен қайтаратын екінші деңгейлі банктер тудырып отырғанын айтыпты. Сарапшының болжамы бойынша, күзге қарай теңгенің девальвациясы күшейе түсуі мүмкін. «Өйткені сырттан импорт тауар әкелініп, банктердің қарызы қайтарылады» дейді маман.

«Деловая неделя» аптылығы өткен ақпан айында теңгеге шаққанда еуро және Ресей рублі бағамының өсуіне, негізінен, әлемдік қаржы базарындағы ахуал әсер еткенін жазыпты. «Әйткенмен бұл жағдай өз кезегінде Қазақстанға Еуропа мен Ресейден келетін тауар бағасының қымбаттауына түрткі болады. Қазіргі уақытта, Ұлттық қорда шоғырланған ақшаны қоса есептегенде, Қазақстанның жалпы халықаралық қоры 41,62 млрд долларды құрайды. Ал екінші дейгейдегі банктерде былтырғы екінші жартыжылдықтан бері теңгелік депозиттер үлесі барған сайын азайып келеді. Мәселен, биылғы қаңтар айында шетелдік валютадағы депозиттер 100 млрд теңгеге жуық көлемге дейін өссе, ұлттық валютамен салынған депозит 53,4 млрд теңгені құрапты. Осылайша депозиторлар теңгенің өзге валюталарға бағамы әлсіреуі мүмкін деген оймен сақтық шарасын жасап отыр» деп жазады «Деловая неделя» газеті.

Ал бұл уақытта Алматы қаржы орталығының басшылары отандық және шетелдік компанияларды осы орталықтың сауда алаңына шығуға үндеп отырғаны туралы «Панорама» басылымы жазыпты. Қаржы орталығының өкілі Дархан Нұрпейісовтың айтуынша, шетелдік эмитенттер тарапынан Қазақстан мен Орталық Азияның рыногына деген қызығушылық артып келе жатқан көрінеді. Мәселен, «грузин және украин банктерінің, сондай-ақ Белорустың мемлекеттік құнды қағаздарын Алматы қаржы орталығында саудаға шығару мүмкіндігі талқыланыпты». Нұрпейісов былтыр Қазақстанда қабылданған заң өзгерісінен соң қазіргі уақытта орталықтағы қаржы саудасына қатысушылар үшін мемлекет арнайы жеңілдіктер жасап отырғанын алға тартыпты. Бірақ та, «бұл жеңілдіктер мәңгі-бақи тұрмайды, 3-4, ұзаса 5 жыл болғандықтан, дәл қазір қаржы рыногына шығу үшін қолайлы сәт екенін Нұрпейісов мырза шегелеп айтты» деп жазыпты «Панорама».

«Республика» газеті бұл күндері Ақмола гарнизонының әскери сотында жабық жағдайда өтіп жатқан сот ісінде ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке «заңсыз қару-жарақ сақтады, қылмыстық топ құрып, оны басқарды, билікті күшпен басып алмақ болды, мемлекеттік құпияны заңсыз алып, таратты» деген секілді жаңа айыптар тағылғанына тоқталыпты. Осы орайда газет бұдан алты жылдан астам уақыт бұрын елдегі бір топ азамат «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын құрып, үлкен күйеу баланың пиғылын нақты дәлелдермен әшкерелгенде, қозғалыстың белсенді қайраткерлері «Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақиянов президент Назарбаевтың билігін ғана емес, өмірін де сақтап қалған болып шығады ғой» деген тұжырым жасайды. «Алайда сол жолы президент мүлдем басқаша қортынды жасады: бүгінде өзіне қастандық жасамақ болды деп айыпқа қалып отырған Рахатты алдымен өзінің жеке күзет қызметіне алып, кейін елші етіп тағайындаса, Әблязов пен Жақияновты 6-7 жылға түрмеге салды» деп жазады «Республика» басылымы.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG