Accessibility links

Келер жылдан бастап ұлттық бірыңғай тест болмайды – білім министрі


Жансейіт Түймебаев, Қазақстанның білім және ғылым министрі кезінде
Жансейіт Түймебаев, Қазақстанның білім және ғылым министрі кезінде

Биыл Қазақстан бойынша 154 қосында орналасқан тестілеу орталықтарында мектеп оқушылары, маусымның 1-5 аралығында, ұлттық бірыңғай тест тапсырып жатыр. ҰБТ сынақтарының бекітілген тәртіппен өтуін қадағалау үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінен 564 уәкілетті өкіл бөлінген. Елдің ғылым және білім министрі Жансейіт Түймебаев ҰБТ биылғы жылы соңғы рет өткізіліп отырғандығын айтты.

Алматыдағы №10-шы мектеп-гимназияның түлегі Володя Россиский сынақта берілген 125 сұрақтың 80-іне дұрыс жауап бергеніне сенімді. Володя тест сұрақтары оңай болды деп отыр:

- Тарих пәнінен берілген бір ғана сұрақтан қиналдым. Ол «Отырар қаласы қай жылы қирады және оның билеушісі кім?» деген сауал болды. Ал математика, орыс тілі, қазақ тілі пәндерінен келген сұрақтар жеңіл болды. Қазақ тілінен келген сұрақтардың дені, дауысты, дауыссыз дыбыстар, септік, жалғау, жұрнақ деген сипатта. Бір сөзбен айтқанда, мектеп бағдарламасының аясынан аспаған.

Ал оқушы Айнұр Қапсеметова, керісінше, берілген тест сұрақтары күрделі дейді:

- Қазақ тілінен сұрақтар қиын болды. Сол сияқты математика пәнінен де кейбір сұрақтардан қиналдым. Алайда, көңілім орнында. Жоғары балл аламын деген үмітім бар.

Математика пәнінің ұстазы, осы сынаққа өз баласын әкеп тұрған Қалау Бақытов биылғы сынап көру үшін арналған тест сұрақтары, оқушы үшін қиын болды деген баға берді:

- Мен қазір қызым шыққаннан кейін тексеріп көремін, егер қолымдағы тест сұрақтарымен сәйкес келсе, онда оқушылардың 90 пайызы төмен көрсеткіш көрсетеді.

Сондай-ақ Қалау Бақытов, мектепті жаңа бітірген оқушыларға емтихан алдында тынығу қажет деген пікір айтады:

- Оқушылар биыл мектепті бітіре салысымен емтихан тапсырып кетті. Ол негізінен дұрыс емес. Олардың миы тынығуы керек. Кем дегенде 1 апта демалғандары дұрыс болар еді.

Биылғы сынаққа баласын әкелген тағы бір әке Ақылбек Сапарбаев өз ұлының біліміне сенімді:

- Ұлымның дайындығы жақсы. Жанкүйер болып келіп отырғаным да сол. Шамамен 60-70 балл алады деп ойлаймын.

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев:

- Биыл бақылау күшейтілді. Емтихан өткізуге қатысатын азаматтардың саны көбейтілді. Сақтық шаралары жасалынып жатыр. Кітапшалардағы сұрақ-жауап, варианттардың сұрақтары өзгертілді. Емтихан біткеннен кейін қайта өзгертіледі. Қазір оның жауабын ешкім білмейді.

Сондай-ақ министр Ж.Түймебаев ҰБТ-дің биылғы жылы соңғы рет өткізіліп отырғандығын айтты:

- Келесі жылы жаңа талап бойынша емтихан қабылданады. Дайындалып жатқан ереже алдағы уақытта талқылауға ұсынылады. Талапкерлер 14 облыс орталықтарында және Алматы, Астана қалаларында тек қана ЖОО-ға түсу емтихандарын тапсырады. Мамандықтар 6 түр бойынша топтастырылады. Олар - гуманитарлық, техникалық және т.б.

Биыл Қазақстанда мектеп бітірген 144213 оқушыдан ҰБТ тапсыруға 117831 түлек, яғни 82 пайызы өтініш білдірген.
XS
SM
MD
LG