Accessibility links

Баспасөзге шолу 05.06.2008 жыл


Бейсенбілік басылымдарда «Қазақфильм» киностудиясына жаңа басшының келгендігі сөз болыпты. Бұрынғы қорғаныс министрі, мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаевтың Астана қаласының атын Нұрсұлтан етіп өзгерту туралы жасаған ұсынысы мен «Тентек» шахтасында болған қайғылы оқиға да 5 маусым күнгі жарық көрген басылымдардың назарынан тыс қалмапты.

«Время» апталығында «Қазақфильм» киностудиясында өзгеріс болып, оның бұрынғы директоры Анар Қашағанованың орнына Ермек Аманшаевтың тағайындалғандығы туралы Ксения Евдокимованың мақаласы шығыпты.

Автор өз мақаласында өнер қауымының қызметтен кеткен директорға үлкен үміт артқандығын сөз қылып, не себептен осындай өзгерістің орын алғандығының мән-жайына үңіліпті.

«Бұл ойынның артында қандай мақсат жатуы мүмкін? Киногерлерден студия директоры Сергей Әзімовты қызметтен кетіргені үшін алынып жатқан өш пе? Әлде «сенімді» адамы арқылы қаланың қақ ортасынан студияға тиесілі бір әдемі жерді тартып алғылары келе ме?» деген мақала авторы, осы мәселеге байланысты кинематографистер Одағының төрағасы Игорь Вовнянконы әңгімеге тартыпты.

Газет тілшісіне берген сұхбатында Игорь Вовнянко жоғарғы жақта бір басшы басқа қызметке кетсе, сол саладағы барлық адамдардың да ауысатындығына тоқталып, Қазақстанда бүкіл мәселені тек авторитарлық жолмен шешу тәсілінің қалыптасқандығын сынапты.

Сондай-ақ «Время» апталығы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне сілтеме жасап бұрынғы қорғаныс министрі, мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаевтың Астана қаласының атын Нұрсұлтан етіп өзгерту туралы ұсыныс жасағандығын хабарлапты.

«Свобода слова» апталығы болса бұл тақырыпқа айрықша назар аударыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Сәт Тоқпақбаевтың идеясын басқа депутаттар да қызу қолдапты.

Депутат Мұхтар Тінекеев «бірінші Петр де Санкт-Петерборды батпақты жерге салды, Қазақстан президенті де солай істеді? Ендеше неліктен Астананы оның есімімен атамасқа» десе, оның әріптесі Владимир Нехорошев «НАН сөзінің қазақстандықтар үшін қасиетті ұғымға айналғандығын» атап өтіпті.

Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев болса бұл ұсынысты алдын-ала ешкіммен келісіп алмағандығын айтып, БАҚ өкілдеріне түсініктеме беріпті.

«Жас Алаш» газетінде жарық көрген Руслан Ерболұлының «Прорабқа» Астананың атын бермек деген мақаласы да мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаевтың мәлімдемесіне байланысты жазылыпты.

Аптаның басты оқиғаларының бірі Қарағанды облысындағы «Тентек» шахтасында болған қайғылы апат «Түркістан» газетінің назарынан тыс қалмапты.

Журналист Есенгүл Кәпқызының «Тентекте» тағы жарылыс болды» деп аталатын мақаласында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-на қазақстандық билік тарапынан осы уақытқа дейін бір ескерту жасалғанына байланысты, компанияның лицензиядан айырылып қалуы мүмкін екендігі айтылыпты.

Мақала авторы компания көмір шығару құқығынан айырылса, одан миллиардер Миттал емес, ең алдымен Қазақстан жағының ұтылатынын сараптапты.

Газеттің төртінші бетіндегі «Мемлекет меншігін қайтара бастады» деген тақырыппен жарияланған журналист Нәзия Жоямергеннің мақаласында, индонезиялықтардың қолында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының 90 пайыз акциясы бар екені сөз болыпты.

Мақалада келешекте премьер-министр Кәрім Мәсімов компанияның 51 пайызын сатып алып, оны мемлекет меншігіне қайтару керектігі, Энергетика және минералды ресурстар министрлігі, «Самұрық» холдингіне және «ҚазМұнайГаз» компаниясының жаңадан тағайындалған басшысы Серік Бүркітбаевқа тапсырма берілгендігі жазылыпты.

Ал басылымның «Қоныс» деп аталатын қосымшасында, құрылыс компанияларының тарапынан алданып, баспанаға да, өз ақшасына да қол жеткізе алмай жүрген үлескерлердің шарасыздықтан аштық жариялап, оның кейбіреулерінің Астана қаласындағы көше жолдарын жауып тастауға шейін барғандығы кеңінен қозғалыпты.

«Алматы ақшамы» газетінің 5 маусым күнгі санында «Діни көзқарасты шектеуге болмайды» деп аталатын Сәрсенбек Бекмұратұлының мақаласы жарияланыпты.

Онда Алматы қалалық Әділет департаментінде өткен дөңгелек үстел жөнінде айтылып, 1992 жылы «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» қабылданған заңға байланысты Қазақстан территориясында бүгінгі күнге дейін 4 мыңнан астам діндердің пайда болғаны баяндалыпты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG