Accessibility links

Құрылыс компаниясы аштық жариялап жатқандардың талабына көнді


Алматыдағы «Сити Сервис Инвест Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынған ақшаға келіспей, аштық жариялағандардың үйлерін бұзу аймағынан шығаруды сұрап, аталған кәсіпорын басшылығының қала әкімдігіне берген өтініші, жер комиссиясында қаралады. Бұл туралы маусымның 12-күні тұрғындарға серіктестің атқарушы директоры Талғат Дәденов хабарлады.

Сондай-ақ Талғат Дәденов кәсіпорынның, үйлерін босатудан бас тартқан кейбір тұрғындардың үстінен сотқа берген арыздарын кері қайтарып алу туралы ұйғарымға келгенін және сот шешімі шығып қойған үй иелеріне қатысты қосымша түсініктемелер берілетінін айтты.

Күштеп көшіруге наразылық білдіріп, үш жарым аптадан бері аштық жариялап жатқан, Алматыдағы әл Фараби - Розыбакиев - Қожабеков - Гагарин көшесінің тұрғындары, ҚР президентіне, Алматы әкіміне, Қазақстандағы ЕҚЫҰ өкілдігіне үндеу жолдады. Олар «Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының сот арқылы, «Сити Сервис Инвест Строй» жеке меншік құрылыс компаниясының коммерциялық мүддесі үшін, өздерінің жері мен үйлерін күшпен тартып алып жатқанына наразылық ретінде осындай шараға баруға мәжбүр болғандарын айтып отыр.

Тұрғындар, бірінші кезекте, сот ісінің күшін жоюды талап етті. Сот арқылы тұрғындардың меншігіндегі жылжымайтын мүліктің әр шаршы метріне 1 мың АҚШ долларынан төмен баға ұсынған «Алматыжер», өзге меншік иесімен дәл сондай пәтерді үш есе артық бағаға сатып алу туралы келісім жасасқанын алға тартып, аштық жариялаушылар өздеріне ұсынылған бағамен келіспейтіндіктерін айтқан-ды.

«Сити Сервис Инвест Строй» компаниясының атқарушы директоры Талғат Дәденов кәсіпорын белгілеген бағаға көнбеген тұрғындарға, маусымның 12-күні, олардың меншігіндегі пәтерлер үшін ең соңғы рет балама баспана ұсынылатынын ескертті. «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айнұр Құрманов, тұрғындардың мұндай ұсынысқа күмәнмен қарайтындығын айтты.

«Алматыжер» мемлекеттік кәсіпорны тұрғындармен алдын-ала келіссөздер жүргізген кезде, олардың баспаналары үшін балама баспана ретінде, тұрғын үй саудасына қатысты ақпарат-жарнамалар шығатын «Крыша» газетіндегі саудаға қойылған пәтерлер ұсынылды. Ал ұсынылған баспаналарды көруге барғандар, ол үйлердің сатылып кеткеніне немесе риэлторлардың «Алматыжермен» жұмыс істеуден бас тартқандарына куә болды», - деді Құрманов «Азаттық» тілшісіне.

Мамырдың 16-сынан бері Алматыдағы әл-Фараби - Розыбакиев - Қожабеков - Гагарин көшелеріндегі үйлерде аштық жариялап жатқан 9 адамға маусымның 10-күні Радостовец көшесіндегі 415 үйдің тағы 9 тұрғыны қосылды.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG