Accessibility links

Баспасөзге шолу. 26.06.2008 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдарда Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайы, елде саяси өзгерістер жасауға биліктің қаншалықты дайын екендігі, Интернет жайында, сондай-ақ Варшавадағы қазақ елшілігі ОБСЕ делегациясы құрамындағы адам құқығын қорғаушы шетелдік азаматшаның Қазақстанға келуіне рұқсат бермей қойғаны туралы мақалалар жарияланыпты.

«Свобода слова» апталығы, «Варшавадағы жанжал» деген мақалада, Қазақстанға келуге тілек білдріген Балли Мажец есімді Польша азаматшасына Варшавадағы қазақ елшілігі виза бермей қойғаны туралы жазыпты. Бұрын Қазақстанда тұрған бұл адам маусым айының 28-күні Астанада өткелі отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жиынына Польшаның парламенттік делегациясымен бірге келмек болыпты. Бұл туралы газетке берген сұхбатында Балли Мажец өзінің таңертеңгі сағат 10-да қазақ елшілігінің алдына келгенде елшілік қызметкері оған: «Мажец, сіз кезекте тұрмай-ақ қойыңыз – сіз Қазақстанға визаны ешқашан ала алмайсыз» деп мәлімдегенін айтыпты. Алайда, Мажец Астанадағы жиынға өзін Назарбаев емес, ОБСЕ ұйымының Парламенттік Ассамблеясы шақырғандықтан баратынын айтып, кезегі жеткен соң елшілікке кіруге әрекет жасағанда, елшілік қызметкері күш жұмсапты. «...оның қолы менің бетіме тиді, соққыдан үлкен болып көгеріп қалған бетімдегі ісікті полиция бөлімі тіркеді» дейді Қазақстандағы адам құқығы жайында мәселе көтеріп жүрген Балли Мажец. Ол өзінің әкесі мен ата-бабасы жерленген Қазақстанға соңғы үш жылдан бері келе алмай жүргенін айтыпты.

«Время» газетінде саясаттанушы Досым Сатпаевтің «Саяси идеалистер» атты мақаласы қазақстандық екі оппозициялық ұйым «Азат» партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның елдегі бірқатар заңдарға демократиялық өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарына арналыпты. Бұл бастама дер кезінде жасалып отырғанын айта келе автор, бұл мәлімдемеде ағымдағы саяси үрдістер ескерілмей отырғанын атап өтіпті. Елдегі саяси және экономикалық бағыттардың барлығына бақылауды күшейтіп, оларды қадағалайтын бірнеше құрылымдар құрып қойған биліктің оппозиция сұрап отырған либералды саяси реформалар жасауға ықыласы түседі дегенге сену қиын екендігін айтқан сарапшы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болар алдында Қазақстан билігі саяси сипаттағы жеңіл-желпі өзгерістер нышанын байқатқанымен, оның бәрі саяси өмірдегі монополияны жоя алмайды деген тұжырым жасапты.

«Жас алаш» газетінің бейсенбі күнгі санында журналист Азамат Байзақұлының «Сөз бостандығы және саяси ойын» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада, Қазақстандағы тәуелсіз журналистер мен басылымдарға билік тарапынан жиі-жиі қысым көрсетілетіндігі сөз болыпты. Сондай-ақ, Сергей Дуванов, Ермұрат Бапи, Гүлжан Ерғалиева, Бақытгүл Мәкімбай сынды журналистердің қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге байланысты сыни материалдар жазғаны үшін қудалауға ұшырауы да үйреншікті жағдайға айналып кеткені баяндалыпты.

«Түркістан» газетінде Қазақстанда енді-енді дамып келе жатқан Интернет-журналистика туралы жазылыпты. Мақалада, маусымның 24 күні Алматыда «Интернет альтернатива - 2008» атты халықаралық конференцияның болғаны және оған алыс-жақын шетелдерден арнайы мамандардың келіп қатысқаны баяндалыпты. Қазақстандағы интернет жүйесі толығымен биліктің «жұмса жұдырығында, ашса алақанында» екені және елдегі заңдық-нормативтік құжаттар бойынша, интернеттегі кез келген жазба қатаң қадағаланатындығы сөз болыпты. «Жекелеген блогтар БАҚ ретінде тіркелмесе де, оны жүргізетін адам заң шеңберінен шықпауы керек екен. Егер бұл шеңберді жазатайым аттайтын болса, Қазақстанның заңдары бойынша жауапқа тартылады» делінген мақалада. Сондай-ақ интернетті пайдаланушылардың біраз бөлігі блоггерлер екені де жазылған.

Газеттің төртінші бетінде Динара Мыңжасарқызының «Діни ағымдарға тосқауыл бола ма?» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Онда парламенттің бір топ депутаты жасаған «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» кейбір заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, оның қазақстандық қоғамда қызу талқыға түскені жазылыпты. Және қорытынды салыстырмалы кестеге 58 түзету енгізіліп, ол парламенттің бірінші оқылымында мақұлданғаны айтылыпты. Сонымен бірге, діни бірлестіктерді тіркеу тәртібі мен оларды тіркеуден бас тартуға себеп болатын негіздердің анықталғаны сөз болыпты. Егер жаңа заң жобасына ел президенті қол қойса, Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұяшықтарын ашып алған діни бірлестіктердің қайта тіркелуі керек болатыны баяндалыпты.

«Айқын» газетінің бірінші бетіндегі мақалада, оңтүстікке жасаған сапары кезінде президент Назарбаевтың биылғы жылғы ақпан айында су тасқынынан зардап шеккен аймаққа ат басын бұрғаны айтылыпты. Табиғат апатынан зардап шеккендерге 322 үйдің пайдалануға берілгенін және президент Назарбаевтың алдында облыс әкімі Н. Әшімовтың атқарылған жұмыстар туралы есеп бергені баяндалыпты. Кездесудің соңына қарай Қазақстанның өнер шеберлері халыққа арнап концерт қойғаны жазылыпты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG