Accessibility links

Түркменстан: Шығу визасы құпия қызметтің қара тізімімен ауыстырылды


Түркменстанға жаңа президентпен бірге еркіндік келді ме?
Түркменстанға жаңа президентпен бірге еркіндік келді ме?

Түркменстанның әйгілі шығу визасы жойылғанымен, көптеген түркмен азаматы елден шығуға қатысты басқа да шектеулерге наразылық білдіруде. Шектеулердің бірі - қара тізім. Құпия қызметтің бұл тізіміндегілер ұшақтан алып қалынатындықтан, Ашхабат әуежайында халықаралық рейстер жиі кешіктіріледі.

Қатты гинекологиялық науқасқа шалдыққан Женнет Гылычдурдиеваға өткен жазда Ашхабаттың онкология орталығындағы дәрігерлер қатерлі ісік ауруы дамуының алдын алу үшін операция жасау керек деп кеңес берген болатын. Ашхабатта жақсылап емделетін аурухана табылмаған соң, Гылычдурдиева өз өмірін сақтап қалу мақсатында Ресейге баруды жоспарлайды. Сөйтіп ол керекті визаға қол жеткізіп, Мәскеуге билет сатып алады. Ашхабат әуежайында ұшаққа отырған кезінде қауіпсіздік қызметінің өкілдері оны Түркменстаннан шығуға тиым салынған адамдар енгізілген қауіпсіздік қызметінің қара тізімінде барсыз деп елден шығармайды.

“Миграция қызметінің өкілдері маған сіздің проблемаларыңыз бар, сіз Түркменстаннан шыға алмайсыз деп айтты. Мен олардан қандай проблемамның барлығын сұрадым, олар маған қауіпсіздік комитетімен проблемаңыз бар деп жауап берді. Егер менің ондай проблемам болса, неге мен ол туралы білмеймін, неге мен ол жөнінде басқа елге ұшардың алдында ғана біліп отырмын, неге маған комитет бұдан бұрын ешнәрсе айтпады?” – дейді Женнет Гылычдурдиева.

Әлгі кісілер оның қара тізімге енгізілуінің себебін білу үшін Гылычдурдиевадан Ұлттық қауіпсіздік министрлігіне баруды сұраған екен. Бірақ ол министрлікке барудан қорыққанын айтып отыр. Себебі көптеген адам ол жерге барып, қайтып келмеген, дейді Гылычдурдиева. Оның орнына ол емделу үшін шетелге шығуға рұқсат берулерін өтініп, билік орындарына хат жазыпты.

Гылычдурдиева әкем Азат Еуропа / Азаттық радиосының тілшісі болып жұмыс істегендіктен, олар мені қара тізімге енгізген шығар деп күдіктенеді.

38 жастағы Гылычдурдиева сияқты журналистер мен құқық қорғаушылардың және оппозицияны қолдаушылар мен түрмеге жабылған бұрынғы шенеуніктердің туысы болып табылатын жүздеген түркмен азаматы өздерінің Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің арнайы тізімінде екендіктерін Ашхабат әуежайында біліп жатыр. Жалпы Түркменстанның ұлттық қауіпсіздік министрлігі өзгеше ойлайтындардың үнін өшіруге тырысуда, дейді адам құқығын қорғаушылар.

Лондонда орналасқан “Амнести Интернэйшнл” ұйымы сияқты адам хұқтары бойынша басқа да топтардың айтуынша, қуғындағы оппозициялық саясаткерлерге қысым жасау үшін олардың туыстары Түркменстанда бақылау астына алынады.

Осындай әрекеттер президент Сапармұрат Ниязов билігі кезінде жасалатын. Мұндай жайттар өз халқына көбірек бостандық беруге уәде берген Гурбангұлы Бердымұхаммедовтың билігі кезінде де жалғасып жатқан көрінеді.

Ниязов кезінде шетелге шығуға тиым салу жөніндегі қара тізімде мыңдаған адамның аттары болған, олардың ішінде Түркмен билігінің саяси қарсыластары мен адам құқығын қорғаушылар, сондай-ақ, діни топтардың мүшелері және де саясатқа ешқандай қатысы жоқ басқа да адамдар бар тұғын.

2007 жылы Бердымұхаммедов билікке келгелі бері ол тізімдегі адамдардың саны азайды деп хабарланған еді. Мысалы қаржылық қылмыстар жасағаны үшін түрмеге жабылғандардың туыстары ол тізімнен алынған болуы мүмкін делінеді.

Бірақ “Амнести Интернэйшнлдың” мәліметінше, соңғы жылы қауіпсіздік қызметінің қара тізіміне көптеген жаңа есімдер енгізілген.

Гылычдурдиева сияқты көптеген адам өздерінің ол тізімге енгізілгендіктері туралы Ашхабаттағы әуежайда ғана біледі екен. Ұшақтан шығарылған адамдарға билет пен визаға жұмсалған ақшалары қайтарылмайды.

Мәскеуде тұратын түркмен азаматы Оуез Аннаев маусымның басында туыстарымен көрісу үшін Ашхабатқа бір аптаға келген болатын. Бірақ Аннаевтың Мәскеуге қайтып баруына рұқсат етілмеді, себебі ол қуғындағы оппозиция басшысының қарындасына үйленгендіктен, оның аты қара тізімде болған екен.

“Мен елде оң өзгерістер болып жатыр деген хабарларға сендім, сол үшін мен Түркменстанға оралдым. Бірақ мен қателік жасадым. Мен балаларым мен әйелімді бір жылдан астам уақыт көрмеген едім”, - дейді Аннаев.

Шетелге ұшардың алдында ұшақтан шығарылған адамдар өз мәселелеріне қатысты Түркменстанның көші-қон қызметі мен тағы басқа үкіметтік мекемелерге хат жолдап жатыр. Олар әдетте билік орындарының жауабын айлар бойы, кейде тіпті жылдар бойы тосады. Алайда Гылычдурдиева тым көп уақыт күте алмайды, себебі оның Мәскеуге сапары өмір мен өлім арасындағы мәселе болуы мүмкін. Дегенмен Гылычдурдиева өзінің шұғыл хатына байланысты Түркмен билігінің жауабын бір жылдан бері әлі алған жоқ.
XS
SM
MD
LG