Accessibility links

Amnesty International: Қытай адам құқтарын шектеуде


Ұйымның есебінде Бейжің жазғы Олимпиада ойындары алдында адам құқтарын дамыту саласында берген уәде үдесінен шықпады деген қатал сын айтылған.

Шындығында Қытай ресмилері Олимпиада ойындарына дайындық науқанында қимыл-әрекеті жақпай қалғандарды түрмеге жабу, түрлі шектеулер жасап, ойы бөтен деген адамдарды мазалау сияқты шараларды ұлғайта түсті дейді Amnesty International ұйымы.

Ғаламдық деңгейдегі құқық қорғаушы ұйым Бейжің осыдан 7 жыл бұрын кезекті Олимпиада ойындарын өткізу мәртебесіне ие болған кезде Қытай билігі өз азаматтарының құқтарының сақталуын жақсартып, жетілдіруге уәде еткен еді деп еске салады. Бірақ осы сөздерін орындаудың орнына Қытай мемлекетінің ресмилері Олимпиада құндылықтарын бағаламай, оның терең мәніне нұқсан келтіріп отыр деп атап көрсетеді Amnesty International.

Есепте Қытайда түрмеге қамау үрдісінің жаппай етек алғаны, жергілікті адам құқын қорғаушылар мен журналистерге, заңгерлер мен жалпы қарапайым азаматтарға қатысты қарым-қатынастың дөрекілік пен қатаңдыққа қарай ойысқаны турасында жазылған.

Бұған бірнеше мысал да келтіріледі. Осы мамыр айынан бастап, Бейжің полициясы "еңбек арқылы қайта оқыту" деп аталатын жаңа қаулыны басшылыққа алып, астанада тұрған азаматтарды егер олардың мінез-құлқы лайықсыз деп есептелсе, басқа жаққа көшіріп жіберу құқына ие болды.

Ал маусым айында Шанхай қаласының жетекшілері адам құқтарын қорғаушыларға әр апта сайын полицияға есеп жазып жіберіп отыруды және Олимпиада ойындары аяқталғанға дейін Бейжіңге бармай тұра тұруды бұйырды. Сондай-ақ Қытайда өлім жазасы туралы да нақты мәлімет-дерек те терең құпия болып есептеледі.

Amnesty International Бейжіңде жарық көретін жергілікті және шетелдік баспасөз құралдарына бақылау да қатайтыла түскен дейді. Интернет сайттары да бақылаудан шет қалған емес.
Қытайдағы шетелдік тілшілер клубы мүшелерінің 2007 жылы әр саладағы нәзік те түрлі тақырыптарды қамтудан шеттетілгендіктері туралы тиісті орындарға жазған 180 хаты келтірілген есепте. Ал 2008 жылдың алғашқы жартысында ондай хаттардың саны 260-қа жетіп жығылған.
Amnesty International тобы жаңа ғана ашылған Олимпиада баспасөз орталығында шетелдік журналистер тап болып отырған мәселелер мен кедергілер аз емес деп жазады.
Қытай, Гонконг. Amnesty International ұйымының өкілі Марк Аллисон баспасөз-мәслихатында. 28 шілде, 2008 жыл

Гонконгта журналистер алдында Amnesty International ұйымының өкілі Марк Аллисон былай деді:
-Біз үкіметті барлық баспасөз құралдарына: шетелдік және жергілікті басылымдардың барша оқиғаларды жазып көрсетуіне бірдей мүмкіндік туғызуға шақырып отырмыз. Және біз Қытайды өткен жылы Жоғарғы сотта қайта енгізілген өлім жазасын жою турасында көбірек әрекеттер жасауға шақырудамыз, атап айтқанда, бұл реттегі мәліметтердің ашықтығы мен ел алдында орындалған өлім жазасының деректері, жалпы өлім жазасы кесілетін қылмыс түрлерін азайту сияқты мәселерді алға тартудамыз.

Amnesty International сондай-ақ Қытай билігін бейбітшілік белсенділерін түрмелерден босатып, шетелдік және ұлттық журналистердің еркін жазуына мүмкіндік туғызуды сұрап отыр.
Олай болмаған жағдайда Қытай Олимпиада ойындарының жылдар бойы қалыптасқан мәртебесіне кір келтіреді дейді Амнести.

Марк Аллисон сөз соңында шетелдік жетекшілерді Олимпиада ойындарына қатысып, адам құқтарын қорғау күресіне өз дауыстарын қаттырақ қосуға шақырады:
-Біз барлық әлем жетекшілерін Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлап, биліктің Олимпиада ойындарына дайындықты қара ниет ойларын жүзеге асыруға айналдыруының алдын-алуға шақырып отырмыз.

Бірақ ең соңғы ақпараттарға қарағанда, өз үйін қорғаған белсенді Ни Юлан 4-ші тамыз күні сотқа тартылуы мүмкін, оны полиция сәуір айында қалада жүргізіліп жатқан өзгерістерге қатысты үйін босатудан бас тартқаны үшін қамауға алған болатын.

Сейсенбі күні Қытай сыртқы істер министрі Amnesty International-дің сынын кері қағып, қабылдамады, ал оның өкілі Қытайды білетін кез-келген адам Amnesty тобының байламдарымен келіспейді деп атап көрсеткен.
XS
SM
MD
LG