Accessibility links

Шеттегі екі қазақ қызының екі түрлі тағдыры


Чехиядағы министр қазақ қызы Жәмила Стехликова
Чехиядағы министр қазақ қызы Жәмила Стехликова

2007 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет орын алып, талайды тамсандырып, енді бірталайдың басын шайқатқан екі оқиға-Әсел мен Жәмила деген екі қазақ қызының төңірегінде өрбіді. Бірі бөтен елде министр болды, екіншісі бөтен жерде түрмеде отыр.

Бастапқыда олар басқа мемлекеттерге білім іздеп барған. Бірақ жоғары білім алған соң екеуі де елге қайтпады. Тағдыр тәлкегі оларды әлемнің екі шетіне, бірін Еуропаның Чехиясына, екіншісін мұхиттың аржағында жатқан Америка Құрама Штаттарына апарды.
Екі қазақ қызы да жаңа мекендеріне барынша сіңуге әрекет жасады, бірақ олардың әлеуметтік ұмтылыстары қарама-қайшы нәтиже берді, бірі министр болды, екіншісі түрмеге қамалды. Сөйтіп Жәмила Стехликова Чехияда министр қызметіне тағайындалса, Әсел Әбдіғаппарова Америкада өмірлік түрме жазасына заңсыз кесілді.

Жәмила 1986 жылы Мәскеуде медициналық институтты тәмамдап, өзі сияқты дәрігер, чех азаматы Милослав Стехликпен тұрмыс құрып, Чехия еліне қоныс аударған. Осылайша осыдан 19 жыл бұрын Жәмила жаңа елге, жаңа жерге көшіп барған еді.
Жәмила Стехликова жаңа өмірінің 19 жылында кәсіби саласында үлкен табысқа жетті, азаматтық белсенділік танытып, саясатқа белсенді араласты. Жәмила – психиатриялық дәрігер, осы сала бойынша ғылыммен терең айналысып, Усти-над-Лабем қаласының университетінде сабақ берді. 2000 жылы Жәмила Жасылдар партиясына қосылды, мұнда да белсенділік танытты.

Чехия парламенті партиялық тізімдермен сайланады, Жасылдар партиясы парламентте бірнеше орынға қол жеткізгенде, Жәмила парламентте депутат боп табылды. Сөйтіп ол 2007 адам құқықтары және ұлттық азшылықтар істері бойынша министр боп тағайындалды. Жәмила Стехликова Азаттық радиосына берген сұхбатында тәуелсіз Қазақстанның қарама-қайшы құбылыстарға тап болғанын, егеменді мемлекет құру жолында ұлттық сана-сезімнің өсуімен қатар демократиялық реформалардың қажет екендігін айтты:

- Ұлт пен мемлекетті аяғынан тір тұрғызғыңыз келсе, аздаған мөлшерде ұлтшылдық сезімі бәрібір қажет. Чех елі 19 ғасырда неміс тілінен қайтадан чех тіліне өткенде жалынды рухта кітаптар жазылды, осы бағытта көптеген әңгіме айтылды. Енді олар қойған мақсаттарына қол жеткізді. Бұрын, 19 ғасырда, Прагада чех сөзін естімейтінсіз. Енді Прага бірыңғай чех қаласына айналып отыр.

Чех газеттеріне берген сұхбатында Жәмила Стехликова чех үкіметіне ұлты чех емес саясаткердің тағайындалғанына, чех тілінде тап-таза сөйлемейтін саясаткердің тағайындалғанына таңқалудың қажеті жоқ, Чех Республикасының халқы тек ғана чехтардан құралмаған, Чехия демократиялық мемлекет болғандықтан, ұлты чех емес министрдің саясат сахнасына шыққаны орынды деді.

2007 жылы тағы бір қазақ қызының аты әлемді дүр сілкіндірді. Қазақстан президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада оқыған қазақ қызы Әсел Әбдіғаппароваға сол елде өмірлік түрме үкімі кесілді деген хабар 2005 жылы барша Қазақстанды елең еткізген. Әсел Сан-Антонио қаласында орналасқан университетті тәмамдап, білімін одан әрі жетілдірмек болған. Басына пәле тауып алған қылмысын ол сонау 2001 жылы жасаған. Әсел азаматтық некедегі күйеуі Рамон Эрнандез деген испан тектес америкалық азаматтың ықпалына түсіп, ауыр қылмысқа қатысқан. Рамон Эрнандез басқа бір азаматпен бірігіп, көшеде тұрған әйелді ұрлаған, сосын оны зорлап, өлтіріп тастаған. Әсел азаматтық некедегі күйеуінің бұйрықтарын орындап, қылмысқа еріксіз араласқан. Нақты айтқанда, Әсел ұрланған әйелдің ақшасын тонауға қатысқан, ол әйелдің мәйітін көміп тастауға көмектескен, қылмыс орнын тазалаған.

Әселдің адвокаты Керолайн Уентланд аппеляциялық сотта дәлелдеп шыққандай, қылмысқа ерікінен тыс араласқан Әсел осыдан екі жыл бұрын өмірлік абақтыға заңсыз кесілген. Әселдің алғашқы соты әділетсіз өткен, Әселдің қылмыстың ашылуына атсалысқан әрекеті, демек оның полицияға өз еркімен келгені есепке алынбаған. Әселді соттаған төреші қызмет тәртібін қатты бұзған.
Міне 2007 жылғы шілде айының 25-де Әселдің өмірлік түрме жазасынан босатылып, істің қайта тергеуге жіберілгені Қазақстанды тағы елең еткізді.
Мұндай оқиға Америка Құрама Штаттарының тарихында да өте сирек дейді адвокат Керолайн Уентланд:

- Бұл мұнда өте үлкен жетістік боп табылады. Сот әдетте мұндай шешімге ешқашан бармайды. Сот төрешісі Әселдің ісін жүргізгенде соншалықты әділетсіз болған, бұндай жағдай әдетте өте сирек кездеседі. Әселдің соты тиісті тәртіппен жүрмеген, сондықтан олар Әсел айыпты деген шешімді бұзуға мәжбүр болды.

Осылайша Әсел америкалық заң алдында айыпсыз деп табылды. Оның ісі қайтадан тергеліп жатыр. Әсел Америка Құрама Штаттарының виза тәртібін бұзғандықтан, бәрібір қамауда қалды. Оның ісі қалай шешілетіні 2008 жылы анықталмақ. Әселдің ісі әділ шешіледі деген үмітіміз бар деді, Әселдің Алматыда тұратын апайы Бақыт Әбдіғаппарова Азаттық радиосына берген сұхбатында:

- Қазіргі таңда аппеляциялық шешімнің бекітілуі жүріп жатыр. Прокуратура аппеляцияға қарсы талап берген. Менің білуімше, прокуратура талабы бекітілген жоқ. Жаңа тергеу басталсын деген бұйрықтың алдында тағы да бір қатар процессуалдық шаралардан өту қажет екен.

Әсел америкалық заң күшін дұрыс пайдалана біліп, америкалық сот жүйесінде өрескел қате жасалғанын дәлелдеп шықты. Америка тарихында өте сирек кездесетін жаңалық Қазақстандағы жұртшылықты да елең еткізді.
XS
SM
MD
LG